Елімізде жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Осы мерекеге орай елордалық ақ халаттылар Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда бас қосты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Ақ халатты абзал» жандар қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, арнайы қабырғаға қолтаңбаларын қойды. Осыдан кейінгі салтанатты іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.
«Бүгінгі көңіл күйіміз керемет. Мерекенің есте қалатын бір ерекшелігі – қабырғаға қолтаңба қойдық. Қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, арнайы суретке түстік. Осының барлығы бізге керемет әсер сыйлады. Осы сәтті пайдалана отырып, әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!» – деді №9 қалалық емхананың дәрігері Бейбітгүл Жарасбаева.
Филармония залына жиналған мейірбиікелердің қарасы қалың. Құшағы гүлге толған «абзал жандар» салтанатты шараның сәнін арттырды.
Жиын барысында ең үздік сала мамандары марапатталды.
«Жыл сайынғы өтетін іс-шара биылғы жылы да жалғасын тауып отыр. Іс-шараға Астана қаласының дәрігерлері, медицина саласының ардагерлері қатысып отыр.
Жыл қорытындысының нәтижесі бойынша «Ең үздік дәрігер», «Ең үздік фельдшер», «Ең үздік педиатор» деген секілді 8 номинация кәсіби мамандар марапатталды», – деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Әшімханов.
Тегтер: #Астана, #медицина, #медицина қызметкерлері, #құрмет