Астанада 55 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды
16.06.2026 23:35

Астанада 55 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды

Астанада заңсыз қоқыс үйінділерін жою және абаттандыру ережелерін бұзушыларды анықтау жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр. Қаланың барлық ауданында тұрақты мониторинг жүргізіліп, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінде елордада 99 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған, олардың 55-і жойылған, ал 44 учаске бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жалпы алғанда, шамамен 57 мың тонна қалдық шығарылып, 90 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.

Есіл ауданында жұмыс Хусейн бен Талал көшесінің жалғасында (Тұмар Виладж коттедж қалашығы маңы), әуежайға апаратын тасжолда және Әлжан ана мешітінің қарсы бетінде жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 8 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Қайта қоқыс тастаудың алдын алу үшін кіреберіс жолдарға шектеу аркалары мен қорғаныс блоктары орнатылған. Мұнда 12 техника жұмыс істеп тұр.

Сарайшық ауданында да қоқыс үйінділерін жою жұмысы жалғасып жатыр. Бұл аумаққа 10 фронтальды тиегіш пен 50 самосвал тартылып, шамамен 10,5 мың тонна қалдық шығарылған. Жұмыс Ш. Қалдаяқов көшесі бойымен Ұлы дала даңғылынан Нұрлы жол вокзалына дейін және LRT станциясы маңында жүргізілуде.

Сарыарқа ауданында жыл басынан бері 10 қоқыс ошағы анықталып, олардың барлығы жойылған. Бұл аумақтардан 11,8 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.

Алматы ауданында жыл басынан бері заңсыз қоқыс тастау фактілері тіркелген жоқ.

Байқоңыр ауданында жыл басынан бері 20 мың тоннадан астам қалдық экологиялық полигонға шығарылған. Жұмыс 13 учаскеде жүргізілді: 101-көше, Алай базары, Үшқоңыр көшесі, Жұбанов 33/2, Созақ тұйығы, Пушкин көшесі, Өндіріс көшесі, Циолковский 13а/3, Тайбурыл көшесі, Солтүстік айналма жол, Алаш 71, Пушкин көшесіндегі теміржол өткелі, Мұнайшылар көшесі және т.б.
Қоқыс жиі тасталатын шамамен 18 орын жүйелі бақылауға алынған. Бұл аумақтарға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 13 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сонымен қатар тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстары да күнделікті қаралып отыр.

Экологиялық полиция жыл басынан бері 6 құқық бұзушылықты тіркеп, кінәлілерге ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша айыппұл салған.

Нұра ауданында 45 учаске анықталып, оның 12-сі ірі қоқыс үйіндісі ретінде белгіленген. Бұл аумақтардан 7 100 тоннадан астам қалдық шығарылған. Қайта ластанудың алдын алу үшін дрондар арқылы мониторинг жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап заңсыз қоқыс тастағаны үшін жауапкершілік күшейтілген. Енді мұндай іс үшін 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған, ал қайталанған жағдайда жаза екі есеге артады. Сонымен қатар көлік құралдарын тәркілеу сияқты қосымша шаралар да көзделген. Бұл шаралар қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға және заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алуға бағытталған.

Тегтер: #Астана, #заңсыз, #қоқыс үйіндісі


Бізге жазылыңыз