Астана қаласында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Workout City жобасы басталады. Жоба аясында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін үш ай бойы Street Workout бойынша тегін ашық жаттығулар ұйымдастырылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жоба Астана қаласы әкімдігінің, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Заң және тәртіп» акциясы аясында жүзеге асырылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Workout City жобасы тұрғындарды тұрақты дене белсенділігіне тартуға, жастар арасында көше спорты мәдениетін дамытуға және бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Үш ай бойы жалғасатын тегін жобаға елорда тұрғындары мен қонақтары қатысып, кәсіби нұсқаушылардың жетекшілігімен жаттығу мүмкіндігіне ие болады.
Workout City жобасы 2026 жылғы 22 маусым мен 22 қыркүйек аралығында өтеді.
Жаттығулар екі локацияда ұйымдастырылады:
Ботаникалық бақ (Орынбор көшесі жағындағы негізгі кіреберіс):
• дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері;
• сағат 20:00-ден 21:00-ге дейін.
Орталық саябақ (Жағалаудағы амфитеатр мен St. Regis қонақүйінің аралығы):
• сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері;
• сағат 20:00-ден 21:00-ге дейін.
Жаттығуларға жасына және дене дайындығы деңгейіне қарамастан барлық ниет білдіруші қатыса алады. Қатысу тегін.
Жобаның салтанатты ашылу рәсімі 21 маусым күні сағат 16:00-де Астана қаласының Орталық саябағында өтеді.
Ашылу салтанаты барысында кәсіби Street Workout спортшыларының көрсетілімдері, ашық жаттығулар, спорттық байқаулар, сыйлықтар мен жүлделер ұтысы, арнайы қонақтардың қатысуымен кездесулер және мотивациялық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жоба бойынша қосымша ақпаратты келесі байланыс нөмірі арқылы алуға болады: +7 (771) 282 80 60.
Тегтер: #Street Workout, #тегін ашық жаттығулар