Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейдің оқушылары жазғы демалыс кезінде ауылдың бір күндік тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қаладан ауылға, ауылдан қалаға» жобасы аясында Ақмола облысының Жантеке ауылына барып, ауыл өмірінің ерекшеліктерін өз көздерімен көрді. Оқушыларымызды Жантеке ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің ұстаздары мен оқушылары, сондай-ақ, Ақмола облысы Қорғалжың ауданы Білім бөлімінің басшысы, қызметкерлері жылы қарсы алды.
Бағдарлама барысында ер балалар атқа мініп, жүген өрудің қыр-сырын меңгерсе, қыз балалар бауырсақ пісіріп, жүн түтіп, құрт дайындап, май шайқау жұмысымен танысты.
Сондай-ақ сиыр сауып, сүттен май жасау үдерісін тамашалады.
Жобаға ауылдың ақсақалдары мен әжелері де қатысып, балаларға ақыл-кеңестерін айтып, өнегелі әңгімелерімен бөлісті.
Күннің екінші жартысында оқушылар Мәриям Жагорқызы стелласына және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына экскурсия жасап, өңірдің тарихи және табиғи нысандарымен танысты.
Түп мақсаты қала баласының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге негізделген бұл жоба біздің оқушыларымызға да, жетекшілерімізге де өзгеше әсер қалдырды.
«Бүгін «Қаладан ауылға – ауылдан қалаға» жобасы аясында Жантеке ауылында ұйымдастырылған тәжірибе алмасу алаңынан ерекше әсер алдым. Ауылдың тыныс-тіршілігін көріп, еңбекке деген құрмет пен қарапайым өмірдің шынайы құндылығын сезіндім. Қала өмірінде байқала бермейтін көптеген дүниелерге назар аударып, ауыл тұрғындарының қонақжайлығы мен кеңпейілділігіне тәнті болдым.
Тек оқушылар ғана емес, біз де көп нәрсе көріп, мол тәжірибе жинадық», – дейді астаналық педагог Арайлым Оразәліқызы.
Тегтер: #Қаладан ауылға, ауылдан қалаға, #астаналық оқушылар