Spread the love

Жігіттің дені сау болса – сол дәулет.

(Құтып)

Салауатты өмір салты... Әрине, бұл тіркес дұрыс өмір сүр, бойыңды зиянды заттардан сақта, спортпен шұғылдан т.б сол сияқты ұғымдарды жалпылайтын мәнге ие болып, құлаққа әбден сіңгені анық. Алайда эссе жазу барысында «салауат» сөзінің мағынасына үңілуге тура келді.Себебі стилистикадан дәріс оқитын ұстаздың «Тақырып – мақаланың жартысы» дегені жазу адамдары үшін бұлжымас заң іспетті көрінетін. Кезінде Абай тілінің сөздігін жазған, қазақ тіл білімінің ханшасы Рабиға Сыздық апамыздың Абай кз-те жарияланған сұхбатынан сол қалпында өзгертпей үзінді беруді жөн санадым: «...Мәселен, арақ ішпеу, темекі шекпеуге шақыратын «салауатты өмір сүрейік» деген ұран бар ғой. Осы салауат деген сөздің қолданылуы мүлдем дұрыс емес. Ол - арабтың сөзі. Денсаулыққа мүлдем қатысы жоқ. Базбір жылдары араққа қарсы шығып тойларымызды арақсыз өткізіп жүрдік қой. Сол кездері осындай термин керек болды да, «салауат» сөзі сол ұғымның орнына қалыптасты да кетті. Араб тілінде салауаттың бір мағынасы «кешірім» дегенге келеді. Сонда қазақшаласақ, «ішсең де кешіреміз» болып шығады. Сондықтан да бұл сөз мүлдем дұрыс қолданылып жүрген жоқ. Дәл сөз таба алмады соған.» Әрине, танымал тілші ғалымның сөзінен соң ойланғанымыз рас. Ойды ой қозғап тағы бір пікір назарымызды тұрақтатты. ...«Саламат» пен «салауатты» ажырата алмаймыз. «Салауат» деген кешірім деген сөз, қазақ қоғамында, әсіресе, құқықтық негізде жақсы қолданылған сөз. Дау-дамайды тоқтату үшін «Пайғамбарға салауат айтылады, дауды тоқтатыңдар» дейтін. Ал қазір аудармашылар мен журналистер «саламатты» дегеннің орнына «салауатты өмір салты» дейді. «Саламатты» деуге тіліміз келмей жатыр ма?», - бұл белгілі лингвист ғалым, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Нұргелді Уәлиевтің «Бұқаралық ақпарат құралдары және тіл нормасы мәселелері» тақырыбындағы республикалық дөңгелек үстелде жасаған баяндамасынан алынды.

Бұған да тоқтамай үшінші топшылауды да қаперге ала кеткіміз келді. Әріптесіміз Назерке Абибулла бұл туралы былай жазған екен: «...Салауатты өмір салты” дейтінге біз неге бір дегеннен құлдық ұрып, айрандай ұйи кеттік осы? “Здоровый образ жизни” деген орысшаны осылай бір аударып алып, соған тісті бақадай жабыстық та қалдық. Тегі, сол әу баста “салауат” емес, “саламат” деп аударылған болар дейтін ой келеді маған. Саламатты өмір салты. Әуелі солай аударылып, бір білгіш үстінен “жөндеп” жіберген болар деймін ғой баяғы. Әйтпесе “Саламатсыз ба?” деп амандасамыз, “сау-саламат болыңыз” дейміз. “Саламат” сөзі деніміздің саулығын, тәніміздің (керек десеңіз, жанымыздың да) кіршіксіз тазалығын білдіретіні әмбеге аян, - дейді де Мұқағали ақынның бір жол өлеңінен үзінді келтіреді. Өлеңнің тұтас шумағын тауып алып жарияласақ та аздық етпейтін болды:

Сауығып келем,

Жинап та келем есімді.

Сағынып қалдым,

Саламат өмір кешуді.

Тағат таппастан,

Тартамын алға көшімді,

Жанып бітпестен жазбаған маған өшуді. Иә, «саламат» дегенде ақиық ақын денің сау болып, жан сарайың саф тазалыққа толып, жасарып, жаңарып, серпіліп қалуды меңзеп тұр. Хош, «салауат» сөзі алдағы уақытта «саламат» болып өзгереріне сенім мол. Тіпті 2010 жылғы 29 қарашада Елбасы қол қойған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлықта осыған дәлел.

2000 жылдардың ортасында мектептегі 1-желтоқсан «Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні», немесе «Нашақорлыққа жол жоқ» деген апталықтарда сыныптарға бөлініп қабырға газеттерін шығаратынбыз. Газетте әдеттегідей ине ұшындағы өмір немесе тыйым салынған белгілер бала көңілімізге бұл заттардың жаман дүние екенін сіңіргені рас, алайда жаппай қоғам сау өмірде яғни тазалық вакуумінде өмір сүрудің қиындығын үйретуі алда тұр еді. Жасөспірім шақта, ауылда спорт үйі тұрмақ футбол алаңы жоқ кезде, жастардың бос уақытын өткізуі ұйымдастырылмаған кезде біршама жастың осы улы заттардың дәмін көргені шындық. Әрине мұның бәрі - еліктеу. Жас кездегі адасып барып оңалу. Жақында бір жігіттің әңгімесін тыңдадым. Ауылда спорт мектебінде жаттықтырушы екен. –Екі-үш жылдың жүзі болды қазір ептеп ішімдік пен «Диззи, Гориллаға» құмар бола бастадым. Айналадағы жігіттер «спортшы» деп кекеткесінбе, шыдай алмадым деп төмен қарады. Спорт деген кірпияз әлем ғой деп бастап едім,  иә спортта мақсатың болса, темірдей ерік-жігерің болса ғана биікке шығасың. Самбоның шыңын бағындыру менің бала күнгі арманым еді. Енді мен өзім шыға алмаған сол тұғырға баламды, өсіп келе жатқан інілерім шығаруды көздеймін. Мақсат жолын берік ұстануды ғана үйретемін,- деді. Қарап отырсам мақсаты бар адам, арманы бар, көкірегінде өмір сәулесі бар адам сау болуды мақсат тұтады екен. Жанын байытқысы келген адам да алдымен тәнін ойлауы тиіс екен. Себебі тән – жанның сауыты. Тән ауырса – жан қиналады. Бір сөзбен айтқанда тән бізге берілген сый. Жан мен тәннің егіз ұғымы осыдан шығады. Бірін суғарсаң, екіншісін де қоса азықтандырасың. Мысалы, Шығыс халықтарында «не жесең содан тұрасың» деген нақыл сөз бар. Жоғарыда мысал келтірген спортшы жігіттің энергетикалық сусындары оның жүйке жүйесіне әсер еткені шындық. Жалғыз ол ғана емес күні бойы кеңседе тапжылмай, аяқсыз жұмысын тындырып кеткісі келетін қағазбасты мыңдаған жас қазір осы сусынның арбауында жүр. Біршама ақпарат көздерін оқып шығып, тамақтану мамандарының кеңесін тыңдағанымда энергетикалық сусындар адам бойында алдағы күндердің энергиясын сорып алады екен. Яғни, бір күн ішкен сусыныңыздың есесін екі күн қайтарасыз деген сөз. Ұйқысыздық, шаршау, ашушаңдық, есте сақтау қабілетінің жоғалуы сынды белгілер сізге ауыр салдар болмақ. Жалпы кез келген энергетикалық сусын, спиртті ішімдіктер денеге қан арқылы тарайды. Халқымызда қаны бұзылған, қаны қарайды деген тіркестер де бар.  Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің бір мысалы еркіксіз ойға оралды. «Ағаштың бойында гүрілдеп ағып жатқан өзен – адамның денесіндегі қан. Әй, жігіттер, естеріңде болсын, оны “шайтан” – дейді. Ол бір кесек нәрсе емес, денеңе арам қан боп кіріп, жүрегіңе барып, жүрегіңді толқытып, өзіңді бұзады. “Шайтан” деген өзіңнің ойың...» Ішімдікті «шайтан су» деп атайтыны содан болса керек.

Энергетикалық сусындар - алғашқы залал болса, сау болуға кедергі жасайтын – үздіксіз интернет, үйдегі Wi-Fi желі. Күн түні ажыраусыз қосылып тұратын әлемжелінің тетігі үйдегі адамның ми қан-тамырларына әсер етіп, бас ауруы мен тез шаршауға алып келетіні дәлелденген. Эксперимент ретінде тетік орнатылған жерге бөлме гүлдерін қойсаңыз жасыл өсімдіктің өңі қашып, құрғап, тіптен қурап қалады.

Сонымен ХХІ ғасырда сау қоғамда, вакуумде өмір сүру мүмкін емес. Біз тек баршаға таныс жаулағыштардың бір-екісін тердік. Негізгі айтпақ ой – тәніңізді ластаған зат жан әлеміңізге де құрық салады. Ойыңыз шашырап, санаңыз бұлдырап, мақсатсыз өмір сүрудің аз ақ алдында қаласыз. Ол үшін барлығымыз ескі стереотиптерді бұзып, «салауат» сөзін алмастырудан бастап, инста-блогер Айна Досқызы айтпақшы: «темекі шегуге болмайды», «ішімдік ішпе» деген бұйрық мәнді тіркестердің орнын Американдықтар сияқты «өкпеңе тыныс алуға мүмкіндік бер», «сіздің басқа адамдардың мазасын алмайтыныңызға сенеміз» сынды сөйлемдері бар баннер, табличкаларға алмастырамыз немесе отандық кино-прокатқа спортшылар мен спортта жеңіске жеткен жандар жайлы, үздіксіз өсу мен талпынуға тәрбиелейтін кинотуындылар санын көбейтеміз. Өткен жылдары «Рывок», «Qazaqstan» ұлттық арнасында көрсетілген көп сериялы «Қайрат» футболшылары жайлы фильмдер болмаса экран тек жеңіл әзіл – күлкіге толып кеткендей. Сау болу, саламатты болу – сәнге айналса екен!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated