Біздің заманымызда салауатты өмір салтын қалыптастыру - өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені, кез-келген мемлекеттің басты байлығы - оның азаматтары және оның өмірі. Мемлекеттің қалыпты өмір сүруі және тұрақты дамуы үшін оған дені сау, белсенді халық қажет.

«Денесі саудың - жаны сау». Бұл сөзді бәріміз де бірнеше рет естідік. Бұл қарапайым сөйлемнің терең мағынасы бар. Енді, осы сөйлемді мұқият қарастырайық.

Денсаулық деген не? Ғылыми анықтаманы қолдана отырып, бұл адам ағзасының, оның барлық мүшелерінің бірге және бөлек жұмыс істеуі. Адам денсаулығы - адам өмірінің маңызды құндылығы. Оны ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың, оны сақтау және қорғау, үнемң дамыту және жетілдіру,  нығайту қажет. Қарапайым сөзбен айтқанда, ДЕНСАУЛЫҚ = ӨМІР. Саналы  адам нені таңдайды: өмір немесе өлім? Әрине, өмір. Бірақ, қазіргі қоғамда таңдау жасап қана қоймай, оны өз іс-әрекеттеріңізбен дәлелдеу керек.Егер сіз «Салауатты өмір салты деген не?» деген сұраққа жауап іздесеңіз, шектеулі, бір-біріне ұқсайтын жауап аласыз. Бірі үнемі жаттығу жасау десе, енді бірі - есірткі, темекі мен алкогольді тұтынудан бас тарту, дейді, басқалары дұрыс тамақтану деп жауап беріп жатады. Бұл да, басқалары да өте дұрыс. Бірақ мұның бәрі мәселенің тек бір жағы екенін түсіну керек.Мысалы, көптеген адамдар спортпен белсенді айналысады, бірақ сонымен бірге олар зиянды тағамдарды жеп, темекі тартып, алкоголь ішеді. Оған қоса қазір кальян, электронды темекі дегендер пайда болды. Парадокс... Әдетте, салауатты өмір салты туралы сөз болғанда, бәрі оны сөзсіз қолдайды. Бірақ, тек сөзбен. Тағы да, парадокс... Неге бұлай болып жатыр?Үлкендер жұмыстағы, жеке өмірдегі, отбасындағы көптеген қиыншылықтардың, уақыттың тапшылығын кедергі екеніндігін айтып жатады. Бірақ салауатты өмір салты адамға өмірдегі қиындықтарды, стресстерді және ауруларды еш қиындықсыз жеңуіне көмектеседі емес пе?Ал, жастардың бос уақыты әлдеқайда көп. Неліктен жастар спортпен шұғылданудың орнына, компьютерде, телефонда отыруды, сыра ішуді, есірткі қолдануды жөн көреді?Менің ойымша, бұған бірнеше себептер бар. Біріншіден, жастардың бос уақыты дұрыс ұйымдастырылмаған. Қазір жастардың энергиясын пайдалы бағытқа бағыттай алатын бұқаралық ақпарат құралдарының жүйелі жұмысы қажет. Әсіресе, әлеуметтік желі арқылы насихаттауды кеңінен қолданған жөн. Олардың еліктейтін спортшыларының өмірі мен жетістіктерін көбірек тарату қажет. Екіншіден, инфраструктураның болмауы. Мысалы, адамның велосипедпен немесе жаяу жүру мүмкіндігі жол қауіпсіздігі деңгейіне, велосипедшілер үшін арнайы инфрақұрылымның болуына, қала құрылысына және т.б. байланысты болады. Өкінішке орай, барлық елдер мен қалаларда бұл үшін тиісті инфрақұрылым жоқ, бұл адамның салауатты өмір салтын ұстануға деген ниетін айтарлықтай шектейді. Үшіншіден, адамның салауатты өмірге деген талпынысы оның санасына, мотивациясына, ішкі ерік-жігеріне де тікелей байланысты. Адам рухани дамыған сайын, оның салауатты өмір салтын таңдау ынтасы да артады. Дегенмен, қазір салауатты өмір салты жастар арасында «сәнге» айналуда. Жастардың көпшілігі бос уақыттарын жаттығу залдарында, спорт залдарында, футбол алаңдарында өткізуге тырысуда.

Елімізде салауатты өмір салтын насихаттаудың мемлекеттік бағдарламалары, тек жастардың ғана емес, сонымен бірге барлық санаттағы азаматтардың денсаулығын жақсарту және қолдау бойынша бірыңғай іс-қимыл бағдарламасы жасақталды. «Саламатты Қазақстан», оның заңды жалғасы ретінде «Денсаулық» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның негізгі мақсаты - елдің орнықты әлеу­мет­тік-демография­лық дамуын қам­тамасыз ету үшін азаматтардың денсаулығын жақ­сарту болып табылады. Аталған бағдарламалардан кейін халықтың денсаулық жағдайы, өмір сүру сапасы артып орташа өмір сүру жасы ұлғайған, жұқпалы аурулардың таралуы айтарлықтай азайған.Бәрімізге белгілі, былтыр елімізде Challenge «Сенің жаңа қырың» атты бұқаралық спорт бастамасы өткізілді. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан халқының арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортқа деген сүйіспеншілігін ояту.Физикалық белсенділікті насихаттау мақсатында онлайн-жобаны әртістер, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, спортшылар, саясаткерлер қолдады. Бұл үшін 21 күн ішінде физикалық жаттығуларға тек жарты сағат уақыт бөлу жеткілікті болды. Керемет емес пе? Жобаны ҚР Тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қолдап, қазақстандықтарды спортпен шұғылдануға және белсенді өмір салтын ұстануға шақыратын бейнеүндеу жолдады.  Сонымен қатар, мектептерде дене шынықтыру сабақтарының саны артып, спорт  күні мерекелері тойланып, жалпыхалықтық сипат алуда,  спартакиадалар ұйымдастырылуына қажетті деңгейде көңіл бөлінуде. Аулаларда шағын спорт алаңқайлары, тренажерлік қондырғылар орнатылуда.Жалпы, адам ең алғашқы білімді, не жақсы, не жаман деген ұғымдарды отбасында алады. Баланың болашақта кім болатынын, оның қай өмір салтын таңдайтыны көбінесе, отбасындағы ұстанымдарға байланысты. Яғни, салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемасы отбасымен де тығыз байланысты. Ал баланың  дені сау болуы үшін, отбасында оған жақсы дәстүрлер мен әдеттерді сіңіріп, салауатты өмір салтын сақтаудың қажеттілігі мен оны іске асырудың жолдарын үйретуі қажет. Өзіміз үйретіп, үлгі болуымыз керек, әлеуметтік желіде бас көтере алмай отырып, балаға телефон ойнама, сыртқа шығып ойна деп айту қате, бірге таза ауада жаяу жүріп, жүгіріп, белсенді өмір салтының үлгісін көрсеткен жөн. Кішкентайдан шынықтырып, салқын суға бойын үйретіп, таза ауада жиірек ойнатып, физикалық белсенділігін арттыру керек.

Сонымен қатар, тамаққа, оның құрамында тұздың, қанттың, консерванттардың көп болмауына көңіл бөлген абзал. Фаст-фудтарды жақсы көргенімізбен, бас тарта білу маңызды. Оны шектен тыс қолдану да неге әкеп соғатыны белгілі.  Дұрыс тамақтануды білмесек те ең болмаса, осы фаст-фудтарды жемей, чипсы, колаларды балаларға бермей, оны табиғи тағамдармен ауыстырсақ, дені сау ұлттың негізін қалар едік.Мемлекет пен отбасы адамның мінез-құлқына, өмір салтын таңдауға әсер етуі мүмкін. Бірақ соңғы сөз әрқашан адамның өзінде қалады. Тек ол өзі ғана өзіне қажет нәрсені таңдайды: зиянды өмір салты, яғни өзін-өзі жою немесе өзін және отбасымен бірге сүретін толыққанды, бақытты өмір. Сондықтан, достар, дұрыс таңдау жасай білейік!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated