Теміржолшылар елді мекенінде жаңартылған гүлзар салтанатты түрде ашылды
30.05.2026 19:53

Теміржолшылар елді мекенінде жаңартылған гүлзар салтанатты түрде ашылды

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елорданың Алматы ауданына қарасты Теміржолшылар елді мекенінде орталық гүлзардың жаңартылған нұсқасы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Абаттандырылған қоғамдық кеңістіктің ашылу рәсімі мерекелік әрі ерекше көңіл күйде өтті. Іс-шара барысында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы, түрлі ойындар ұйымдастырылып, тәттілер мен сыйлықтар таратылды. Балалар жаңартылған демалыс аймағында уақыттарын көңілді өткізіп, алғашқы келушілердің қатарында болды.

Салтанатты ашылуға Алматы ауданы әкімінің орынбасары Сералы Тәжіханов және «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек қатысып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктер құрудың маңыздылығын атап өтті.

Қайта жаңғырту жұмысы барысында гүлзар мен алаң аумағы толықтай жаңартылып, абаттандыру элементтері ретке келтірілді. Тұрғындардың жайлы демалысына барлық жағдай жасалды. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, жаңа орындықтар, көше жарықтандыру шамдары және қоқыс жәшіктері орнатылды.

Сондай-ақ футбол алаңы мен автотұрақ орындары қарастырылды.

Көгалдандыру жұмысы аясында ағаштар мен гүл көшеттері отырғызылып, қоғамдық кеңістіктің сыртқы келбеті айтарлықтай жақсарды. Жаңартылған гүлзар балалардың қауіпсіз демалысына және отбасылық серуенге қолайлы орынға айналды.

Сонымен қатар, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматы ауданында тағы бір жаңа гүлзардың ашылуы және абаттандырылған 12 ауланы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Тегтер: #Астана, #абаттандыру, #Теміржолшылар елді мекені


Бізге жазылыңыз