Астанада Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестиваліне дайындық басталды
22.06.2026 23:56

Астанада Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестиваліне дайындық басталды

Елордадағы Ботаникалық бақта жыл сайын өтетін Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестиваліне дайындық аясындағы алғашқы ашық жаттығу өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Жүгіру фестивалі ағза трансплантациясын күтіп жүрген науқастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылады.

Өткен жылы іс-шараға 5 мың адам қатысса, биыл ұйымдастырушылар 7 мың адам қатысады деп жоспарлап отыр.

Heart Center Foundation қоғамдық қоры дайындық деңгейіне қарамастан ниет білдірушілер үшін ашық жаттығулар өткізуде. 9 тамызға дейін сенбі күндері таңғы сағат 08:00-де сегіз жаттығу өткізу жоспарланған. Олар 20 және 27 маусымда, сондай-ақ 4, 11, 18, 25 шілде мен 1 және 8 тамыз күндері өтеді.

Сабақтарды кәсіби жаттықтырушылар мен танымал қазақстандық спортшылар жүргізеді. Ал соңғы жаттығуда қатысушылар жүгіру бағыты жайлы хабардар болады. Қатысушылар қатарында ағза трансплантациясынан кейін 10 шақырымдық қашықтыққа шығатын реципиенттер де бар.

«Соңғы жылдары Қазақстанда трансплантология саласының дамуы мен ағза донорлығы мәселелері бойынша қоғамдық ақпараттандыру деңгейінің артуында оң өзгерістер байқалады. Қайтыс болғаннан кейін донор болған адамдар саны көбейіп, трансплантациялар саны артып келеді, сондай-ақ қоғам бұл мәселені талқылауға белсендірек қатысуда. Дегенмен донорлық ағзаларға деген қажеттілік әлі де жоғары. Бүгінде мыңдаған науқас өмірін сақтап қалатын трансплантацияны күтіп отыр. Сондықтан Jüregımnıñ Jeñımpazy сияқты қайырымдылық бастамалардың маңызы зор», – деді Heart Center Foundation директоры Мұрат Зауыров.

 

 

Тегтер: #Астана, #Jüregımnıñ Jeñımpazy


Бізге жазылыңыз