Астанада есірткіге қарсы айлық аясында спартакиада өтті
30.05.2026 19:49

Астанада есірткіге қарсы айлық аясында спартакиада өтті

Астанада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл айлығы аясында пробациялық бақылауда тұрған азаматтар арасында спорттық спартакиада өтті. Іс-шараны Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Қылмыстық-атқару жүйесінің департаментімен, «Құқық» қоғамдық қорымен және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Спартакиаданың негізгі мақсаты – қылмыстың қайталануының алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ есірткі және өзге де тәуелділіктердің алдын алу.

Іс-шараға «Жасыл желкен» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлзат Каналханқызы, адвокат Әлібек Секеров, сондай-ақ есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі республикалық және қалалық кеңестің мүшелері Баян Ахатай, Мирзада Сейітқали, Нұрсұлтан Әліпқапаров, Ербол Жантықов және Айрат Жеңіс қатысты.

Жарыс бағдарламасына футбол, шахмат және дойбы турнирлері енгізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар пробациялық бақылаудағы тұлғалардың қоғамға бейімделуіне, тәртіпті нығайтуға, командалық өзара ауызбіршілікті дамытуға және оң бағдар қалыптастыруға ықпал етеді.

Спартакиада барысында қатысушылар мен қоғам қайраткерлері толыққанды өмірге қайта оралып, қоғамда өз орнын табуға ұмтылған адамдарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше мән беріліп, оның тұлғалық дамудың және әлеуметтік интеграцияның маңызды құралы екені айтылды.

Тегтер: #Астана, #Есірткі


Бізге жазылыңыз