Астанада «ЭКОмамаФЕСТ-2026» отбасылық фестивалі өтіп жатыр
30.05.2026 20:01

Астанада «ЭКОмамаФЕСТ-2026» отбасылық фестивалі өтіп жатыр

Елордадағы Президент саябағында жыл сайын өтетін «ЭКОмамаФЕСТ-2026» отбасылық фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шара Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізіліп отыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фестиваль отбасылардың, репродуктолог-дәрігерлердің, қоғам қайраткерлерінің және жоба серіктестерінің басын қосты. Бағдарлама аясында концерттік қойылымдар, «Тұсау кесу» рәсімі, қайырымдылық аукционы, отбасылық белсенді іс-шаралар, балаларға арналған ойын-сауық аймағы, балалар тауарларының жәрмеңкесі, сондай-ақ ұзақ уақыттан кейін сәби сүйген отбасылардың өмірлік оқиғалары ұсынылды.

Фестивальдің негізгі сәттерінің бірі – «Аңсаған сәби бағдарламасына алғыс!» атты жазуы бар мерекелік торттың шығуы. Бұл рәсім бала сүю үшін медициналық көмекке мұқтаж отбасыларға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауға деген алғысты білдірді.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, медициналық қауымдастық мүшелері, қоғам қайраткерлері және медиа тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысты.

Тегтер: #Астана, #ЭКОмамаФЕСТ-2026


Бізге жазылыңыз