Тоқаевтың қытай тілінде еркін сөйлеуі жергілікті желі қолданушыларын тәнті етті

Бүгін Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысқан Қазақстан Президенті баяндамасын қытай тілінде бастады, деп хабарлайды Aqnews.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеген видеосы бірден Қытайдағы түрлі әлеуметтік желілерде таралып, қызу қошеметпен қабылданды.

Қытайдың «Weibo» платформасында (Facebook-тің қытайлық нұсқасы - ред.) 35 миллионға жуық оқырманы бар ардагер БАҚ қызметкері Ху Сицзинь видеоны жариялап: «Бұл президенттің қытайшасы шынымен керемет екен», - деп пікір білдірді.

Жарияланым әп-сәтте 350 мыңға жуық рет қаралып, 360-тан астам адам пікір қалдырған.

Қытайлық желі қолданушыларының бірі өз пікірінде: «Қазақстан президенті – Қытайда оқыған және Қытайды жақсы білетін шығыстанушы. Қазақстан – Қытай мен Ресей арасындағы ең үлкен мемлекет. Қытай мен Қазақстан Достығы мәңгі болады деп сенемін!» - дейді.

Желі қолданушылары Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытай тілін жетік меңгергенін жоғары бағалады. Тіпті кейбіреулері Президенттің қытайшасы «көптеген қытайлықтан асып түседі» деп мақтады.

Айта кетейік, Қазақстан Президентінің қытай тілін жетік меңгеруі жергілікті БАҚ-тың назарын бірінші рет аударып отырған жоқ. Президент осы жылдың мамыр айында Қытайдың CCTV арнасына сұхбат берген болатын. Сол тұста да Қытай халқын таңқалдырды.

Күні кеше ғана Қытай БАҚ-тары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары туралы «Қытайша сөйлей алатын президент», «Қытайды жақсы білетін шетел президенті» деп жазды. Shanghai Observer сайты Қазақстан Президентінің қытай тілін жетік меңгергені туралы мақала жариялады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated