Қазақстан футболшылары Еуропа чемпионатының финалдық сатысына шыға ала ма?

Футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық сатысына шыға ала ма? 2024 жылы Германия жерінде өтетін құрлықтық доданың финалдық кезеңіне жолдама алу үшін алдағы кездесулер нәтижесі қандай болу керек? Осы орайда Kazinform тілшісі спорт журналистері, сала мамандары және жанкүйерлер пікіріне зер салып көрген еді.

Алдағы екі тур бәрін шешеді

Аталған іріктеу сатысында қазақстандық футболшылар өз тобында қай орынға ие болады? Алдағы екі ойында олар екі қарсыласынан басым түссе, қоржынға 21 ұпай салуына мүмкіндігі бар. Ал, басты қарсыластары – Словения мен Данияның еншісіне қанша ұпай жазылады?

Қазақстандық белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен ел құрамасының құрлықтық доданың финалдық сатысына шығу мүмкіндігі жайында ой бөліскен еді.

«Әзірге бұл сауалдың жауабын айту қиынға соғып тұр. Өйткені, бұл топтағы құрамалар арасындағы бәсеке тартысты өтіп жатқан жайы бар. Тәжірибелі Данияның өзі құрлықтық додаға бара алмай қалуы мүмкін. Алдағы екі тур ойындары барлығын шешеді. Енді тоғызыншы турда Дания мен Словения шеберлік байқасады. Бұл ойында көп сауалдың түйіні тарқатылады. Біз бұл жолы елордада Сан-Мариноны қалайда жеңуге тиіспіз. Алғашқы екі орындағы қарсыластарымыз екеуара кездесуінде тең түскен жағдайда біздің жолдама алу мүмкіндігіміз арта түседі. Себебі, біздің құрама еншісіне 18 ұпай жазылса, аталған екі қарсыласы 20 ұпай еншілейді.

Оныншы турда Дания сырт алаңда Солтүстік Ирландиямен кездеседі. Солтүстік Ирландия әзірге көп қарсыласына есе жіберіп жүр. Сол ойында алаң иелері жеңіске жеткенін қалаймыз. Бұл жағдайда Словенияны тізе бүктірсек, еншімізге 21 ұпай бұйырады. Ал Дания мен Словения 20 ұпай еншілейді. Тоғызыншы турда олардың бірі басым түссе, бір тур бұрын жолдаманы қалтаға басып үлгереді. Мұндай жағдайда біз екінші орын үшін таласамыз. Ал Словения мен Дания алдағы екі ойында бір-бір мәртеден жеңіске жетсе, онда біз жолдамадан құр қаламыз. Қысқасы, алдағы екі турда Словения мен Данияның ұпай жоғалтқаны бізге өте тиімді болып тұр», - деді Е.Мәулен.

Сондай-ақ, ұлттық құраманың құрлықтық додаға баруға тағы бір мүмкіндігі бар. Еуропа чемпионаты іріктеу сатысы арқылы жолдамадан құр қалғанның өзінде алдағы жылы Ұлттар лигасы бойынша Германия жеріне бет түзеуге болады. Бұл жолы ел құрамасы Грекиямен жолдама үшін шеберлік байқасады.

Бірінші орын алуымыз мүмкін бе

Сегіз турдан кейін ел құрамасы H тобында үшінші орында тұр. Қазақстандық футболшылар соңғы ойында сырт алаңда Финляндияны 2:1 есебімен қапы қалдырып, үздік үштікті түйіндеп тұр. Алда тұрған Словения мен Данияның еншісінде 19 ұпайдан бар. Топтан берілетін екі жолдама тағдыры аталған үш құраманың арасында шешіледі.

Бұл орайда қызылордалық «Қайсар» сапында ойнаған бұрынғы футболшы Алдан Балтаев ел құрамасының құрлықтық додада үздіктер қатарына қосылуға мүмкіндігіміз бар екенін айтады.

«Жеребе тарту рәсімінде Қазақстан мен Сан-Мариноны топта көш соңында жүретін құрамалар қатарына қосқаны белгілі. Солай жорамал жасауға негіз бар еді. Бұдан бұрынғы іріктеу сатыларында ел құрамасы бір-екілі жеңісімен елеңдетіп қойғанын білеміз. Десе де, көп жағдайда қарсыластары есе жіберіп қоятын. Кейбір қарсыластарымыз қазақстандық футболышларды оп-оңай жеңеміз деген ойын білдіріп қойды. Негізінде олар ел құрамасының Ұлттар лигасындағы жетістігін кездейсоқ деп бағалаған секілді.

Менің ойымша, сол бәсекеде қазақстандық футболшылар өздеріне сенімін арттырып, барлық тәжірибелі қарсыласынан жеңісті жұлып алып кетуге болатынын дәлелдеген еді. Шындығында, солай болып шыққаны қуантады. Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында біздің жігіттер жинақы ойынымен көзге түсіп келеді. Бұрынғыдай қарсыластың ыңғайына бейімделіп кету дегенді қойды. Қорғаныс шебінде сауатты ойнап, шабуыл шыққанда қақпа торын тулата алатынына сенімі күшейді. Нәтижесінде біз ФИФА рейтингінде алғашқы үздік жиырма құрама қатарында тұрған Данияны жеңіп кеттік.

Сырт алаңда оларға есе жібергенмен, біздің жігіттер жақсы ойын өрнегімен жанкүйер қолдауына ие болды. Солтүстік Ирландияны екі мәрте тізе бүктірдік. Ұзақ уақыттан бері тісіміз батпай жүрген Финляндияны сырт алаңда қапы қалдырдық. Оңды-солды ұпай таратып жүрген Сан-Марино бізге қауқар көрсете алған жоқ. Қысқасы, әзірге біздің Еуропа чемпионаты финалдық сатысына баруға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін алдағы Сан-Марино мен Словениямен ойында жеңіске жету маңызды. Тіпті, біздің құраманың да бірінші орын алып кету мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз", - деді ол.

Оның айтуынша, барлығы қазақстандық футболшылардың жігері, сенімділігі, еңбекқорлығына байланысты болып отыр. Бұл сыннан олар қалай өте алады? Оны алдағы уақыт көрсете жатады.

Арнайы орталықтар ашылса...

Алматылық жанкүйер Абзал Мәуленқұлов келешекте елімізде футболды дамыту бағытында оң өзгерістер болу қажеттігін айтады. Ол үшін бұл бағытта инфрақұрылым мәселесін жақсартып, еліміздің барлық қаласында жаңадан стадиондар мен арнайы орталықтардың салынуын дұрыс деп санайды.

«Елімізде талантты жастар өсіп келеді. Оны іріктеу барысында байқадық. Шетелдік клубтар тарапынан қазақстандық ойыншыларға қызығушылық байқалып отыр. Дегенмен әзірге біздің елімізде футболға қатысты инфрақұрылым көңіл көншітпейді. Алдағы уақытта сол іске қаржылы компанияларды тарта отырып, оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл ел футболының дамуына оң әсерін тигізеді деген ойдамын. Жалпы, биылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан құрамасының ойыны жоғары бағалауға тұрарлық. Жетістік оңайлықпен келмейді. Ең бастысы, талантты жастар шоғыры өсіп келе жатқаны қуантады», - дейді ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated