Махмұт Қанат Бейсенәліұлы

Өмір – адамға бір - ақ рет берілетін баға жетпес қымбат сый. Осындай сыйды бізге сыйлаған кім? Әрине, саған осындай баға жетпес сый сыйлаған ең қымбат адамдарың - ата – анаң. Егер саған анаң осындай баға жетпес сый сыйласа, сен соған лайықты өмір сүруге тиіссің. Адамдар, негізінен, бұл өмірге қонақ. Соны түсініп, сезіне білген адам өмірдің шын рахатын сезінеді. Өмірдегі түрлі оқиғаларда саған сүйеу болатын, сүрінгенде демейтін досың болғаны дұрыс. Жақсы досы бар адам түзу жолдан таймайды.

Өмір - өзен ағып жатыр, тынбайды,
Өмір болмас қасіретсіз, мұң қайғы, - деп қазақ халқы өмірді ағып жатқан өзенге теңейді. Өйткені өмір өзен тәрізді тоқтаусыз, ешкімге білдірмей өтіп жатады. Сол өзен ағынында кейбір жан өз арнасын тауып жатса, енді кейбіреулері бастарын тасқа да, жарға да ұрып, өз жолын таба алмай жатады. Соңғысы, әрине, өкінішті - ақ.Өмір деген менің түсінігім бойынша алланың бізге берген сынағы. Қандай жағдай болмасын ақыл - ойымызбен, сабырлылығымызбен жеңе білуіміз керек.Қоғамда болып жатқан жаман әдеттерге кінәлі - өзіміз. Осындай жат, жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстап, төзімділік, табандылық танытып, адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстай білуіміз керек. Болашағымыз нұрлы, еліміздің ертеңі нұрлы болсын десек, ел болып, халық болып болашағымызды, ұлтымызды, тегімізді жоғалтып алмау үшін нашақорлық, спирттік ішімдік, темекіден бойымызды аулақ ұстап, қоғамымыздың бұл түнектен арылуының жолын іздеп, салауатты өмір салтын ұстанайық, достарым! Дені сау, жан - жақты дамыған, жаны сұлу адам ғана мәнді де салауатты ғұмыр кешеді. Соңғы кездері салауатты өмір салтына аса мән беріліп, бұл мәселе қолға алынып келеді. Өсіп келе жатқан ұрпақтың жадына жастайынан денсаулықтың қадірін білуді, өз денсаулықтарына үлкен жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруымыз керек.

Денсаулық дегеніміз – адам жаны мен тәнінің амандығы, өмірдегі баға жетпес құндылық, ең басты байлық. Адам өмірінде денсаулықтың орны бөлек, әрі ерекше. Байлығымыз асып – тасып жатқанымен, денсаулығымыз жоқ болса, байлықтың не керегі бар? Қазіргі кезде елімізде халықтың денсаулығын нығайту жолында біршама шаруалар атқарылып, үкімет осы салаға ерекше көңіл бөліп отыр.Өз басым күнделікті спортпен айналысуды күн тәртібіме кірістіріп қойдым, таңертең бір мезгіл жүгіріп, кешке арнайы жаттығулар жасамақпын.Спортпен шұғылданудың арқасында денім сау, ал өзім шымыр боламын.Денсаулық баға жетпес құндылық болғандықтан, біз салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығымызды күтуіміз керек. Сонымен қатар, соңғы уақытта дұрыс тамақтану да өзекті болып отыр. Бұл да оң өзгеріс деп санаймын.Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі.

Атамыз қазақтың «Бірінші байлық - денсаулық», яки болмаса «Денсаулық – терең байлық» деген даналық мәтелдері тіршіліктің нағыз өзегінен алынған емес пе? Денсаулықтың қадірін, маңызын айрықша ұғынып барлық игіліктен жоғары санаған. Тағы да «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп жан мен тән саулығын қоршаған орта аясында дұрыс сақтап және нығайтуға түрлі пайдалы әрекеттер жасап отырған. Адам денсаулығына зиянын тигізетін жат әдеттерден аулақ болғаны жөн. Енді оларға не жататынына тоқтала кетейік: Олар – темекі тарту, спирттік ішімдіктерге, есірткілік заттарға салыну. Арақтың орнына қымыз бен қымыран іш, темекі тартудың орнына таза ауада көбірек жүр. Жастарға есірткіні пайдаланба, көңіл көтеретін мәдени көпшілік орындарына баруды әдетке айналдыр дер едім. Еңбек адамды тәрбиелейді. Сондықтан жұмыс істеуден қашпаған жөн. Жалқаулыққа салынудың соңы жақсылыққа апармайды. Имандылық жолына түсіп, жылына бір келетін оразаны тұтып, оның тәртібін сақтағаныңыз дұрыс. Дүниеде бұған тең келетін ештеңе жоқ.

Біз табиғаттың, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуіміз керек. Өзіңізді қандай көрсеңіз, өзгелерді де солай көріңіз. Адамдар бір-бірімен дос, бауырлас, сыйлас, рақымды, мейірімді болса, нұр үстіне нұр жауады. Әрқашан жаман ойдан аулақ болыңыз. Адам өзін өзгеден кем сезінуі, денсаулығының нашар екендігін ойлап қамығуы, көз алдына өлім қорқынышын елестетуі ойды бұзады. Сондықтан әр адамның денсаулыгы өз қолында.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated