Күнделікті өмірімізде салауатты өмір туралы сөздерді жиі есітіп жатамыз. Жалпы, салауатты өмір сүру дегеніміз не және дәл осылай өмір сүрудің  шарты қандай?  Шын мәнісіне келгенде қарапайым, кез- келген адамның қолынан келетін шарттардан құралған ережелер. Ендеше, неліктен біз мекен еткен жер тұрғындарының барлығы салауатты өмір салтын ұстанғандар қатарында емес?

Салауатты өмір сүрудің ең алғашқы сатысы дұрыс тамақтану деп аталатын қазіргі заманның актуалды тақырыбы болып табылады. Өзіміз тауып алған уақыт тығыз деген сылтаумен жылдам-ақ жасалатын фаст фудтардың өте жиі қолданысқа ие болуы адамдардың салауатты өмір сүруіне қолдан жасалынған кедергі болып тұр.

Жұмыс столы мен ақылды темірдің алдына байланғандығымыздан ағзамыздың  әр бөлшегіне қан бітіретін қимыл- қозғалыстың  өте аз болуы  да атап өткен өмір салтына тұсау болатын жағдай. Жүрген  қадам санымыздың азаюуымен-ақ күн сайынғы дене жаттығулары  әлдеқашан өз орнын  қажетсіз дүниелер қатарынан тапқан сыңайлы.

Аталып өткен дүниелер салауатты деп аталатын өмір сүру салтының ең алғашқы сатылары. Ал, ең қарапайымның өзін қолға алмаған  сіз бен бізден дені сау ұлт легі қалыптаса қояр ма екен?!

Бүгінгі ойың сенің ертеңгі өмірің деген сөзді айта отыра бүгінгі салауатты өмір салтын ұстануымыз болашақ өміріміздің бірнеше жылға ұзаруына және тың өмір сүруімізге себеп болатын кепілдік деп атаған болар едім. Осы ойымды тоқсанның төріне жайғасқан өз атамның мысалында толықтырғым келеді.

Ашаршылық жылдарында дүниеге келіп, соғыс жылдарының суық ызғарын жасөспірім шағында көрген азамат жігіт шағынан ,бәлкім, бала күнінен тәртіпке бағынған құл болмайды деп қалыптасса керек, өткен жылдың көктеміне дейін таңертең ертемен үй алдындағы ауланы жүгіруді, кір тастарын көтеру, белгілі нормадан тыс тамақ ішпеу, киім мен төсек орнына дейінгі  тазалықтың сақталуы сыңды шарттарды ұстанып, қадағалап отыратын. Мүмкін, біз жасап алған идеалды салауатты өмірдің кей критерийлеріне сай емес өмір сүрген болар,бірақ  замандастарының біразы жол тартқан өңірге асыға қоймай қазіргі 90 жасында тың болып отырғандығы, немере мен шөберенің есімдерінен жаңылмай, жеті ата мен шежірені жаттатып отырған азаматтың осы күнге жетуі  өзіне- өзі бекіткен тәртіптің шегімен өмір сүруінің жемісі болар деп есептеймін. Турасына келгенде, салауатты өмір сүру дегеніміз кез- келген әрекетімізді  өз ағзамыз талап еткен норма негізінде  жүзеге  асыру.

Өз өміріміздің жақсы әрі ұзақ болатындығына берер кепілдігінен бөлек  салауатты өмір салтының сапалы демографияға ,яғни, келесі ұрпақтың «дені сау ұлт» атауына сәйкес болып дүние есігін ашуына тигізер әсері өте мол.

Бүкіл әлемнің дабыл қағып жатқан экология мәселесімен де  салауатты өмірдің байланысы жоқ емес. Экологияның адам ағзасына, оның ішінде тыныс жолдарына тигізер зияны мәселенің бір тұсы болса, біз-адамдар тұтынып отырған таза емес өнімдердің,  біз қолданған энергетикалық сусын мен фаст фудттың қорабының жер қыртысы мен ауаға жеткізер зияны аталған мәселенің екінші тұсы. Демек, біздің табиғатқа келтірген зиянымыз айналым соңында өзімізге келтірген зиянға айналары сөзсіз. Дәл осы ой арқылы біз тұтынған салауатты емес өнімдердің тек өз ағзамызға ғана емес адамзат мекен еткен планетаның ағзасына да келтірер зардабының мол екенін атап өткім келді.

Салауатты өмірді қандай ретпен ұстану керектігін ақыл есі жетілген адамзаттың кез-келгені саналы түрде біледі, білмеген жағдайдың өзінде  интернет деген көмекшіміз сан түрлі тізімді дайындап берері анық. Алкаголь мен темекіден бас тарту, стресс пен конфликтілі жағдайдан жүйкеңізді сақтандыра жүру, табиғат және  табиғи азық- түлікпен тығыз қатынаста болу, ақылымызбен қоса ағзамызды жаттықтыруға машықтануымыздың  қажеттігі салауатты өмірдің құрамдас бөліктері. Осы реттілікті орындап жүрсек, салауатты адамдар қатарында сіз бен біз, бәлкім, бүкіл жеті миллиард адамның бүкілі болар.

Мүмкін, біз өмір сүріп отырған ғаламшардың жойылып кетпеуі үшін тұрғындарының салауатты өмір сүруі қажет болар, әйтеуір, салауатты өмір сүруді өзі ғана емес айналасына насихаттап, ұрандатып жүрген  азаматтар саны жетерлік. Әрине, танымал болып отырған челленджді орындау, онлайн денсаулық марафондарына қатысудың жөні бөлек, бірақ, салауатты өмір сүру стилін саналы түрде әр адамның өз өміріне енгізгендегі  берер нәтижесі тым ерек болмақ.

Салауатты өмір ұғымымен, оның неден тұратыны, оны қалай жүзеге асыру керектігі жайлы жаттанды дүниелер мол, оларды сөзге тиек етіп қайтайлаудың да қажеттілігі шамалы секілді.

Ең алдымен өзімізге аманат етілген ағзамызға қиянат жасамау , екіншіден мемлекетте дені сау ұрпақ пен демографияның жоғары деңгейінің қалыптасу  ықтималдығы, үшіншіден жаһандық экологияның жақсы не жаман көрсеткіші де  жер тұрғындарының салауатты өмір салтымен серіктестікке  келу-келмеу мәселесіне байланысты. Аталып өткен ойлар  нәтижесінде салауатты өмір салтын қалай ұстану қажеттілігіне емес керісінше неліктен ұстану қажет екендігімізге тоқталғым келді.

Экологиялық тұрғыдан қауіпсіз ғаламшар, демографиялық сапалы қоғам жәнеде өз ағзамыздың саулығы үшін салауатты өмір салтын ұстануымыз қажет. Тіпті алғашқы жаһандық не қоғамдық мәселені сізге қатыссыз деп тапқан жағдайдың өзінде  жеке  меншігіңізге берілген өз ағзаңызды салауатты өмір жолымен сақтап қалуға тырысып бағыңыз. Салауатты өмір сүру – жеке тұлғаның, қоғамның және бүкіл ғаламның жарқын болашағына кепіл болар дүние. Әр азаматтың қолынан келетін қарапайым заңдылықтардан тұратын салауатты өмір салтын ұстанайық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated