Әділет Мәдениет

Залалдан зардап шекпеудің жолы

Соңғы жылдары әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, артық салмақтан арылу сынды мәселелер көптеп көтеріліп жүргені баршаға аян. Бұл ақпараттық һәм жаһандық үдеріс - нарықтағы кейбір өндіруші компаниялардың тауарын өткізуге таптырмайтын құрал. Ғаламтордағы веб-сайттар мен ақпараттық порталдардың, әлеуметтік желілердің фонында қылтиған түрлі дәрілердің, профилактикалық дүниелердің жарнамасы - сөзімізге айғақ.

Денсаулық сақтау мәдениеті біздің қоғамға толыққанды енбесе де бірқатар белгілері төбе көрсетеді. Бұл ілгерілеушілікті осы тақырыптағы түрлі шаралардың жиілігінен, дұрыс тамақтануды насихаттайтын әрі талаптарға сай тағам өндіретін кәсіп нысандарының жаппай ашылуынан көруге болады.

Қалам тартып отырған тақырыбымыздың сан қырлы екенін ескеріп, бірнеше тақырыпшалар арқылы тарқатуды жөн көрдік. Әсілі, мұнымыз қате бола қоймас.

Денсаулық түсінігінің адам санасындағы рөлі

Еуропалық стандартты мәдениетте салауатты өмір салтын ұстану, денсаулыққа бей-жай қарамау - қалыпты қарекет. Бас салып жамандап, есекке теріс мінгізуден аулақпыз. Дегенмен, біздің қоғамда осы үрдіс әлі күнге дейін кең көлемде қамтылмай келеді. Бұған халықтың басым көпшілігінің әлеуметтік ахуалы, психологиялық әлсіздігі, уақытының тапшылығы тікелей әсер етуші фактор болуы әбден мүмкін.

Денсаулық сақтау ұғымының арнасын кеңейту ісінде алда тұрған алғашқы мақсат - насихат. Ақпараттық-цифрлық дәуірде арзан маркетингпен емес, сапалы білім берумен айналыссақ абзалырақ болар еді. Денсаулық сақтау ұйымдарының кез-келгені халықпен, қоғам мүшелерімен тікелей қарым-қатынаста болатынын ескерсек, аталмыш сала мамандарының психологиялық үстемдігі, саналық ашықтығы биік деңгейде болу қажеттілігі туындап тұрғанын айқын аңғарамыз.

Рас, қазір кең етек жайып келе жатқан бұл тақырыптың төңірегінде әлемнің қолданыс аясы көлемді тілдерінде жүздеген еңбектер бар. Олар адамның өмір сүру үрдісіне, психологиялық деңгейіне сәйкес жазылған. Келелі кеңестермен, түрлі жағдаяттық тапсырмалармен көмкерілген шығармалардан іздеген адам қажетін табуы тиіс. Алайда, осы типтес кітаптар қазақтілді аудиторияның сұранысын қанағаттандыра алмай отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын, ай сайын түрлі шаралар өткізіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі әріптестеріне бағыт-бағдар, квалификацияны жоғарылатуға мүмкіндік беретін жол сілтеуде.

Ғаламдағы байлық атаулының алғашқысына теңелген денсаулықты күтудің, түрлі кеселді дерттердің алдын алудың түрлі шешімдері бар. Дегенмен, осындай нұсқаулықтарды жадына тоқып, күн тәртібіне енгізетін адамдар шоғыры таздың шашындай сирек.

СӨС-ті сақтамау - болашаққа шабылған балта

"Салауатты өмір салты" деген атаудың астарында алуан сыр жатыр. Алдымен өзімізге риторикалық сұрақ қоялық: Салауатты өмір салты деген не?

Мәселеге тереңдемес бұрын бұл дәстүрлі үрдісті сақтауды бала кезден, яки қалыптасу кезеңінен бастау қажет екенін айта кеткен жөн. Өйткені, адамның саналық дағдылану мезгілі - балалық шағы. Таңертеңгілік жаттығулар жасау, гигиеналық талаптарға мән беру, таңғы ас ішу... осылай кете береді.

Ауыл саны азайып, урбанизацияның күшейіп тұрған уақытында физикалық жұмыс жасайтын кісі аз. Күллі қарекет кеңсе ішіндегі экран алдында басталып, сол жерде тәмәм болады. Бұл - адам денсаулығының әлсіреп, түрлі буын ауруларының, тері ауруларының белең алуындағы негізгі себеп. Қозғалыста болмаған сүйектердің қисайып, арасына ет қысылып қалатыны немесе ағзадан тер шықпау салдарынан түрлі кеселдердің жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптайтыны осыдан.

АҚШ халқының 86 пайызы кеңседе жұмыс жасайды. Осыған сәйкес жергілікті денсаулық сақтау ұйымы сараптама жүргізген. Нәтижесінде, саусағы ғана қимылдайтын қызметкерлердің өмірі терезе жуушылардан әлдеқайда аз болады-мыс. Әлбетте, цифрлық дәуірде компьютерден бас тарту әсте мүмкін емес. Дегенмен, статистикалық мәліметтер әр сағат сайын екі минут физикалық жұмыс жасаған кеңсе жұмысшысының өлім қаупі орындығына желімдей жабысып отыратын келесі қызметкерден 33 пайыз төмен болатынын айтады.

Жоғарыда аталған нақты деректердің өзі денсаулық сақтамаудың өмір сүру деңгейін төмендететінін, ал бұл бағыт жаһандық дерт боларын айғақтап береді. Сондықтан, мамандар ата-аналарға балалардың гигиеналық талаптарды сақтауын, дұрыс тамақтануын қадағалап, денсаулығына салғырт қарамауды үйретуге кеңес береді.

Қалыпты сақтау - қалыпты жағдай

Сіз көшеде шектен тыс семіз адамды немесе терісі сүйегіне ілінген адамды көрсеңіз іштей аяушылық танытасыз. Аянышты жағдай. Тек артық салмақ тұқыммен берілуі мүмкін... ал екіншісі денсаулықтағы көзге көрінбейтін, бас ауыртып, балтыр сыздатпайтын дерттерден дегендей ишара танытады дәрігерлер. Әлбетте, семіздік те денсаулықтағы ақаулардың уақытында қолға алынбауынан, шара қолданбағаннан орын алады.

Халық психологиясында қампиған қарын, май басқан желке байлықтың, баршылықтың белгісі ретіндей елес береді. Анығында бұлай емес. Сенсеңіз, әлемде жылына 2,8 миллион адам өмірімен қоштасады. Бұл дегеніңіз, артық салмақтан ажал құшқандар саны өлімнің бірнеше себептерінің алдын орайды деген сөз.

Дәрігер-диетологтар азаматтарға өздерін ешқандай тамақтан шектемеуге кеңес береді. Өйткені, адамның тәбеті ашылған сәтте мидан асқазанға сигнал беріледі-мыс. Егер асқазан қалауын тапса, сол сәтте миға қорытынды ақпар жөнелтіледі. Осы себепті тәбеті шапқан асын жеген адамның көңілі жай болып, керемет күйге бөленеді.

Артық салмақтан арылу үшін, әлбетте, майлы, калориясы жоғары, тәтті, ашытқысы бар тағамдардан бас тартуға тура келеді. Дегенмен, сіз мұндай қатаң диетаны ұстану үшін бірнеше сатылы психологиялық дайындықтан өтуіңіз керек. Өзіңізді бірнеше дәмді тағамдардан мүлде татып алмауға уағдаластыра алсаңыз ғана, науқанды бастаңыз. Кері жағдайда мұның бәрі кері әсер етуі мүмкін.

Демалыс пен су әсері

Адам денсаулығының күшті не әлсіз болуының 50 пайыздық мүмкіндігі оның салауатты өмір салтын сақтауына тікелей байланысты. Кеңсе жұмысының адам денсаулығына келтірер кеселі туралы жоғарыда біршама айттық. Ал уақытылы демалыстың жетіспеушілігінен де бірқатар дауасыз дерттер белең алуы мүмкін. Қалыпты жағдайда адам аптасына 55 сағат уақыт жұмыс жасауға қауқарлы. Бұл мөлшерден артығы зорығуға алып келеді. Егер ағзаңызға, миыңызға қалыпты жағдайдан артық күш салсаңыз, еңбек өнімділігінің деңгейі түсе бермек.

Адамның ұйқысы, тамақтану режимі бір арнаға жүйеленген болса, онда бұл ағзада аурулардың күш алу мүмкіншілігі бәсеңдейді. Осы себепті өз-өзіңізге әрдайым демалыс жариялап отыруды ұмытпаған абзал.

Арықтау, артық салмақтан арылу, мүсінді қалыпта ұстау сынды мәселелер - бүгінгі қоғамдағы ең өзекті сұрақтар қатарында. Табиғат бұл сұрақтардың жауабын әлдеқашан беріп қойған.

Әдетте артық салмақ ас қорыту жүйесінің нашар жұмыс істеуі нәтижесінен орын алады. Ал ас қорытылу үшін жоғарыда айтылған қажеттіліктермен қоса (физикалық іс-әрекет, уақытылы демалыс) сұйықтықты керекті мөлшерде пайдалану аса маңызды рөл атқарады. Цикл! Процесс!

Салауатты өмір салтын ұстану - автоматты түрде бірнеше тағам түрінен бас тартып, екі күн таңертең жүгіру немесе жылына бір рет бассейнге бару емес, әрқашан өз денсаулығыңа қамқорлық таныту, зиянды әрекеттерден қашық болуға тырысу.

Біздің қоғамдағы осы тақырыптың тек ұранды түрде дабыл қағып, сөз жүзінде сусылдап өте шықпай, қаншама адамдардың тағдырын құтқаратын амал ретінде қолдану үшін бұл тақырыптың психологиялық насихатын арттырып, іс-әрекет жүзіне өту қажет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated