Орталық Азияға деген қызығушылық кеміп кетуі мүмкін. Себеп не?

Бұрын да айрықша маңызға ие Орталық Азияның мәні мен маңызы соңғы төрт жылда тіпті арта түсті. Пандемиядан кейін бұзылған логистикалық тізбектер Еуразиядағы тауар жеткізу мәселесіне әжептәуір әсерін тигізді. Ал 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталуы геосаяси ахуалды тіпті күрделендіріп жіберді. Осылайша Орталық Азияның рөлі кенеттен күшейіп шыға келді.

Алпауыт елдер өңірдегі бес елге неге қызығады?
Әрине, бұл сауалға жалқы дәлелмен жауап беру қиын. Себеп көп. Ол себептердің шығу, туындау тегі де әр алуан. Ең бірінші кезекте, көп ел Орталық Азия елдерінің жер асты қазба байлығына және энергетикалық әлеуетіне қатты қызығады. Одан кейінгі себеп – өңірдің транзиттік әлеуеті. Қазірдің өзінде Еуропаға шығар жол ретінде ОА елдерінің қарастырыла бастауы тегін емес. Жаһандық ірі компаниялар үшін ОА – тәп-тәуір өтімді нарық. Көптеген компания Ресейден іргесін аулақ салғаннан кейін, Қазақстан және Өзбекстанды көптеп таңдай бастады.

Биыл наурыздың басында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов 30 елден 400 компанияның релокациясын қарастырып жатқандарын мәлімдеді.

«Сомасы 1,5 млрд доллардан асатын 41 компания бойынша нақты нәтиже қазірдің өзінде бар. Өздеріңіз білетіндей, InDrive, Fortescue, TikTok компаниялары келе бастады. Қазір 37 компанияға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар релокация мерзімі әр компанияға қатысты әртүрлі. Бірі салық жеңілдігін сұрайды, бірі жер сұрайды, енді бірі қандай да бір преференцияларға қатысты өтінім білдіреді. Жыл соңына нақты нәтижені айтатын боламыз», – дейді министрлік өкілі.

Жалпы алғанда, ОА-ға қоныс аударуға ниетті компания саны көп. Ол – ақиқат. Әңгімеміздің негізгі жүлгесіне қайта оралар болсақ, шетелдік сарапшылар мен бақылаушылар да ОА-ға деген қызығушылықтың күн санап артып келе жатқанын аңғарады және растайды.

Неміс сарапшысы Беате Эшменттің айтуынша, ОА елдері түрлі қызығушылық пен мүддеден тиісті нәтиже шығара алуы тиіс.

«Сөз жоқ, Ресей өңірдегі ықпалынан айырылып қалудан қорқады. Бұған дейін ОА елдерінің әрекеті Мәскеумен бітеқайнасып келді. Бірақ Украинадағы жағдай Кремльдің имиджіне теріс әсер етті, әсіресе, Қазақстан басқа бағыттар бойынша жұмыстарды күшейтті», – дейді сарапшы.

Тиісінше, ірі ойыншылардың ОА басшыларымен түрлі форматта кездесуі де былтыр күрт күшейді. Өткен жылы Орталық Азия елдерінің президенттері өзара бірнеше рет кездесті. Сонымен қатар «С5+1» форматында бірнеше кездесу ұйымдастырылды.

Биыл Орталық Азияға деген қызығушылық қандай болады?
Cabar.Asia басылымы 2024 жылы Орталық Азияға деген қызығушылық кеміп кетуі мүмкін екенін жазады. Сөз дәйекті болуы бірнеше мысалды алға тартады. Соның алғашқысы – АҚШ пен Ресейдегі саяси жағдай.

«АҚШ пен Ресейдегі сайлау кезінде негізгі назар ішкі саяси мәселелерге аударылады. Олар электорат талап ететіндей тұрақтылық пен тыныштық сипатында өткізіледі. 2023 жылы «Орталық Азия – Ресей» саммиті өткізілген жоқ, биыл да «Орталық Азия – АҚШ» саммиті болмайтын сияқты. АҚШ-тағы қоғамдық сауалнама халық сұранысы сырттан гөрі, ішкі саяси мәселелерге бағытталып отырғанын көрсетеді. Осыған ұқсас жағдай Ресейде де қалыптасып отыр. Сірә, Ресейдің алдағы сайлаудан кейінгі Орталық Азиядағы стратегиясы Еуразиялық аймақтың басқа бөліктерімен байланыс орнату үшін аймақта коммуникациялар құру төңірегінде өрбиді. АҚШ-тағы сайлауда республикашылдар жеңіске жетсе, елдің сыртқы саясатының жақын шетелдегі мәселелеріне көбірек шоғырлануы мүмкін. Демократтар жеңіске жететін болса, Қытайдың бұл жерде қатысуы арта түсетіндіктен, Орталық Азиямен көбірек байланыс болады деп күтіледі»,– деп жазады.

Сонымен қатар басылымның болжауынша Еуроодақтың кеңеюі Орталық Азия үшін ресурстарды азайтады.

«Орталық Азия – ЕО-ның тікелей көршісі емес, сол себепті Еуроодақ осы ұйымға мүше болғысы келетін потенциалды көршілермен ынтымақтастық орнатуға бейім. Олар – Сербия, Черногория, Солтүстік Македония, Албания, Босния және Герцеговина, сонымен қатар Молдова, Украина және Грузия сияқты «шығыс серіктестік» елдері. Украина және Молдовамен ЕО-ға кіру туралы келіссөздерді бастау туралы шешім, сондай-ақ Грузияға ЕО-ға кандидат мәртебесін беру ЕО-ны осы елдерге көбірек ресурстарды инвестициялауға мәжбүр етеді. Бұл осы елдердің ұйым стандарттарында өсуі үшін қажет. Еуроодақ еуроскептицизмнің күшеюі жағдайында жергілікті халықтың адалдығын сақтау үшін Батыс Балқанға көбірек ресурстарды инвестициялауы керек», – деп жазады.

Айтуларынша, Еуроодақ Сербиямен сегіз жыл бойы келіссөз жүргізіліп келе жатыр. АҚШ пен Ресейден бөлек, биыл Молдовада президент сайлауы өтеді, тиісінше онда ресейлік және батыстық күштердің текетіресі туындауы мүмкін. Украинадағы және Приднестровьедегі ахуалға байланысты ЕО үшін Молдованың стратегиялық мәні тіпті арта түсті.

Орталық Азияға деген қызығушылықтың кемуіне себеп болуы мүмкін үшінші жәйт – ЕО мен Қытай арасындағы Орталық Азия арқылы жүзеге асырылатын сауда-саттықтың төмендеп кетуі.

«Ресей мен Қытай сияқты ірі елдерге тәуелділікті азайту туралы императив – Еуропалық Одақтың сыртқы саясатында маңызды міндет. Мысалы, Германия ЕО шеңберіндегі экономикалық қызметті аймақтандыруға көбірек көңіл бөлуде. Киль институты Германия үшін жоғары бастапқы шығындарды болдырмау үшін Қытаймен сауда қатынастарын біртіндеп және мұқият қысқартуды ұсынады. Байланыстарды үзудің қатаң нұсқасында Германияның ЖІӨ-нің төмендеуі – 5%, жұмсақ нұсқасында – 1,5% болады. Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы жүк транзиті екі есеге ұлғайып, 1,5 млн тоннаға жетті. Жеткізілімдердің ұлғаюына қарамастан, Қазақстан арқылы автомобиль көлігімен тасымалдау үлесіне жүктердің жалпы санының 0,01%-ы ғана келеді. Сонымен бірге Қытай Еуропаға теңіз арқылы 1,6 миллиард тонна жүк жөнелтеді»,– дейді сарапшылар.

Басылымның баяндауынша, батыс елдері Ресейге қарсы тұру үшін Орталық Азияға ерекше көңіл бөліп жатыр.

«Ресеймен және Қытаймен кең ауқымды қатынасына байланысты Орталық Азияға деген қызығушылық одан әрі күшейді. Батыс елдері үшін, соның ішінде АҚШ үшін Ресей ұлттық қауіпсіздікке басты қауіп ретінде қарастырылады. Егер біз АҚШ, Германия, Франция және Жапонияның Ұлттық қауіпсіздік стратегияларын талдайтын болсақ, онда Жапониядан басқа барлық стратегияларда Қытай, Иран және КХДР-ға қарағанда Ресейдің көбірек айтылатынын байқаймыз. Осыған байланысты Орталық Азия елдері назарға алынады.

Сонымен қатар ресейлік бизнес пен сауда қатынастарын дамытудың еуропалық бағытының жабылуына байланысты ресейлік бизнес Орталық Азия елдеріне көбірек бағытталып жатыр. Бұл Қазақстанда Ресейден тіркелген шетелдік кәсіпорындар санының өсуінен анық байқалады. Еуропалық Одақ және басқа мемлекеттер – Жапония мен Ұлыбритания мұны Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалын кеңейту мүмкіндігі ретінде қарастырады, бұл аймақтағы ұжымдық батыс елдерінің экономикалық мүддесіне қауіп төндіруі мүмкін. Осы себепті, батыс елдерінің мәлімдемелерінде немесе стратегиялық құжаттарында Орталық Азия аймағын «Қытай мен Ресейге деген тәуелділіктен арылту» мақсаты жиі орын алды»,– дейді.

Өңірде шешілуін күтіп тұрған түйткіл көп
Соның бірі – су мәселесі. Су дағдарысы тұрақтылыққа және ресурстарды жеткізуге қатер төндіруі мүмкін. Еуропалық Одақ Орталық Азияның төмен көміртекті экономикаға және әртараптандырылған энергия балансына көшуін қолдайды. Бұған су және энергетикалық басқару жобалары, сондай-ақ инвестициялық бастамалар кіреді. Еуразиялық даму банкінің зерттеуі бойынша, енді бес жылдан кейін өңірде айтарлықтай су тапшылығы туындайды. Сонымен қатар электр энергиясына деген сұраныс тым қатты өседі. Жарық үшін судың қажеттілігі қандай екенін ескерсек, онда өңірдегі мәселені шешудің оңайға түспесін аңғарамыз. Әрине, бұл орайда өңір елдерінің тізе қосып тірлік қылып, ынтымақтаса әрекет етуі аса маңызды. Ал өңірде тұрақтылық болмаса, өңір арқылы жүзеге асырылатын транзитте де береке болмайды.

Жалпы, соңғы кездесулерді талдай отырып, Орталық Азияға деген қызығушылық келесі факторларға байланысты туындады деуге болады:

Осы елдердің Батыспен жаһандық бәсекелестігі жағдайында Ресеймен және Қытаймен тығыз байланыс;
Ауған проблематикасының өзектілігі және су қақтығыстарының әлеуеті;
Өңірден энергетикалық ресурстардың экспортталуы;
Орталық Азия арқылы тауар транзиті;
Өңірдің тұрақты дамуы.

Абай Қазыбекұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated