Бір жарым жылда қазақ тілінде еркін сөйлейтін деңгейге жеткен литвалық азамат Джозеф желі қолданушыларын таңғалдырды. Жігіттің алғырлығына, ынтасына, тілге деген құрметіне риза болғандар көп. Ол AIVAR ютуб арнасына сұхбат беріп, қазақ тілін қалай меңгергенін, қандай қиындықтарға тап болғанын айтып берді. Болашақ жоспараларымен бөлісті, деп хабарлайды Aqnews.kz. ақпараттық Ulysmedia агенттігіне сілтеме жасап.
Джозеф Литвада туған. Жасы 28-де. Қазақстанға көшіп келгеніне 2 жылдай уақыт болыпты. Өзінің қазақша есімін Жүсіп деп таныстырды. Қазақстан туралы Қытайда оқып жүрген кезінде осыдан 6 жыл бұрын білген. Димаштың әні арқылы таныпты.
“Шынын айтқанда бірінші рет келгенде өте үлкен әсер еткен. Мен Литвадан келгенде ой ол барлығы орысша сөйлейді. Кеңес Одағының әсері өте үлкен ғой. Бірақ екінші рет келгенде өте ұнады. Қазақтар не деген әдемі халық, дәстүрі деп түсіндім,” - дейді Жүсіп.
Содан кейін ол Қазақстанға көшкісі келетінін түсініп, сол жылы желтоқсанда мақсатына жеткен. Қазақстанға көшіп келген соң Жүсіп бірден қазақ тілін үйренуді бастаған. Бастапқы талпынысы сәтсіз болған.
“Бір мұғалім таба алдым. Ол да Моңғолиядан келген мұғалім болған. Ол да маған өзекті білім берді.Сөздік қорым жақсарып кетті,” - дейді ол.
Кейін ол қазақ тілінің клубына барып өзімен ниеттес азаматтармен қазақ тілін жетілдірген. Жүсіп әлі де қазақ тілін жетілдіре түсетінін айтты.
Сондай-ақ ол Қазақстанда әлі де маңызды кездесулерде орыс тілі қолданылатынын, бұл үрдісті өзгерткісі келетінін жеткізді.
Жүргізуші Айвар Азаматов қазақ тілін нөлден бастап үйрену үшін жеті жыл уақытын жұмсағанын айтты. Сондай-ақ өмір бақи Қазақстанда туып, осында тұрса да қазақша білмейтін достары бар екенін жеткізіп, сол үшін де Жүсіп ерекше азамат деп түйіндеді.
“Ой, Жүсіп, рахмет саған, қош келдің Қазақстанға, сәттілік саған”, “Джозеф екі жыл ғана тіл үйренсе де, қазақ тілінде әлдеқайда еркін сөйлейді екен”, “Джозеф балам жарайсың.рахмет саған..”, "өз тілін білмейтін қазақтарға үлгі болсын"деп пікір жазды желі қолданушылары.