72 жастағы спортшы әже: Қарттық спортқа тұсау емес

Өскемен қаласында тұратын Роза Сейілқан жетпістің екеуіне келсе де спортты жанына серік еткен. Күн сайын таңертең 6-7 шақырым жаяу жүріп, аптасына бірнеше рет жеңіл атлетика манежінде жүгіріп, түрлі жаттығулар жасайды. Соның арқасында өзін үнемі сергек сезініп, көңіл-күйі көтеріңкі жүреді екен. Kazinform ақпараттық агенттігіндегі әріптестеріміз спортшы апамен жолығып, сұхбаттасып қайтты.

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ...

- Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданына қарасты Алексеевка ауылында дүниеге келдім. Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Тоғыз баланың ішінде қыздардың үлкенімін. Әке-шешеміз жұмыс бабымен нәпақа тауып жүргендіктен, іні-сіңілдеріме өзім бас-көз болдым. Сол заманға сай орта мектепті орысша оқып бітірдім. Ана тіліме деген сүйіспеншіліктен 2008 жылдан бері қазақ тілін оқып, тілімді жаттықтырып келемін.

- Өмір жолыңызда қай салада жұмыс істедіңіз?

Мектепте қатарымның алды болдым. Қоғамдық іс-шаралардан қалыспай, белсенділік таныттым. Алайда ары қарай білім қуып, жоғары білім ала алмадым. Отбасыма қарайластым. Десе де мектеп бітірген соң араға екі-үш жыл салып оқуға түсіп, арнайы орта білім алып шықтым. Аурухананың тазалығы мен реттілігіне жауап беріп санитар қызметін атқардым.

- Спортқа бала күннен жақын болдыңыз ба?

- Дене шынықтыру пәнін бала күннен жақсы көрдім. Бірақ спортқа аса ден қойып, тұрақты айналыса бастағаным - тұрмысқа шыққаннан кейінгі уақыт. Жолдасым спортшы еді, соған еліктеп мен де спортты серік еттім. Қазір салауатты өмір салтын ұстанып, денемді сергек ұстайтыныма қуанамын. Өзім сияқты егде жастағы адамдарды спортқа баулып жүремін. Қартайғанда төрт қабырғаға қамалып, төртбұрыш жәшіктен көз алмай отырғанша, бір сәт таза ауаға шығып, шынығып қайтқан қандай жақсы!

- Жасыңыз 72-ге келсе де әлі спортты тастамай келе жатқаныңызға таңырқап отырмын.

- Өмірімнің әр күнін саналы қарсы алғым келеді. Спортпен айналысқаннан соң күш-қуатым көбейіп, өзімді сергек сеземін. Шабыттанып, күнделікті шаруаларды бітіруге құлшынысым артады. Күн сайын таңертеңгі таза ауамен кең тыныстап, тамаша күйге бөленемін.

- Сонда күн сайын таңертең қанша шақырым жаяу жүресіз? Ал жеңіл атлетика манежіне аптасына неше рет келесіз?

- Күн ұясынан шықпай тұрып оянуға тырысамын. Әдетте сағат таңғы 3 жарымда тұрамын. Жасылға малынған «Өскемен аллеясын» үш рет айналып шығамын. Аллея бойымен келе жатсаңыз алыстан мұнартқан биік таулардың әсем көрінісіне куә боласыз. Шынығу алаңында жаттығу жасап, таңғы самал желмен тыныстап, бір сергіп қаламын. Күш-қуатым артып, миып да тынығады. Күніне таңертең 6-7 шақырымдай жаяу жүремін. Ал жеңіл атлетика манежіне аптасына үш рет келемін. Жаттықтырушылар жасымызға сай 500 метр жүргізеді, 60 метр жүгіртеді. Қалған жаттығуларды шамамызға қарай қалауымызша орындаймыз,

- Спорттан бөлек тағы қандай хоббилеріңіз бар?

- Адамдармен тілдесіп, араласқанды жақсы көремін. Қандай да бір іс-шараларға шақырса, қалмай баруға тырысамын. Сейсенбі, бейсенбі күндері Достық үйіндегі «Ақ босаға» ансамблінде ән айтып, өнер көрсетемін. Жексенбі күні ардагерлерге арналған би кеші болып тұрады. Өткен аптада біздің ансамблімізді «Ертіс» концерт залында өтетін ретро би кешіне шақырған. Екі тілде өлең де оқимын. Ақиық ақындардың өміршең өлеңдерін оқу – көңіліме қуаныш сыйлайды.

- Отбасыңыз спортпен айналысқаныңызға қалай қарайды?

- Балаларым, жолдасым қолдайды. Қартайдым деп үйде отырмай, өзімнің сүйікті ісімді тапқаныма қуанады. Алғашында туысқандарым күліп, дұрыс қабылдамап еді. Сонда да ешкімнің сөзіне мән бермей, жаным қалаған дүниені жасай бердім. Осы жолы жеңіл атлетика манежінде спорт жаттығуларынан қарттар арасында өткен жарысқа қатысып, үшінші орынды иелендім.

- Спортпен шұғылдануға жалқауланатын жастарға не айтар едіңіз?

- Спортпен айналысуды қай жаста болсын бастауға кеш емес. Жаспын, әлі ерте демей дене шынықтыруды қолға алып, жалқаулықты жеңу керек. Ең бастысы, аз болса да күн сайын үзбей істеген дұрыс. Жастар алға мақсат қойып, салауатты өмір салтын ұстанса екен деймін. Қарттық спортқа тұсау емес. Сол үшін егде жастағылар да үйде жата бермей, спортпен шұғылданыңыздар!

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated