Профилактикалық іс-шаралар барысында полицейлер еркін жайылымнан жеті жылқыны ұрлаудың жолын кесті.
Рейд барысында 19 қаңтар күні Арал ауданы Жақсықылыш ауылының шетінде полицейлер УАЗ автокөлігін тоқтатып, тексеру кезінде көлік бортында тиісті құжаттары жоқ 4 жылқы табылды.
Бұдан әрі жедел-тергеу әрекеттерін жүргізу барысында жылқылардың жайылымнан ұрланғаны анықталды. Бұл жөнінде Тоқабай ауылындағы мал иесінің өзі хабарсыз болған.
Тінту барысында полиция қызметкерлері күдіктілерден тағы екі жылқы, сондай-ақ жылқы етін тәркіледі. Осылайша күдіктілер жәбірленушіге 3 млн 140 мың теңге көлемінде шығын келтірді.
Бұдан бөлек күдіктілерден Желмая мотоциклі және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Ұсталған 33 және 25 жастағы екі облыс тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілді. Тергеу барысында күдіктілер қамауға алынды.
Тергеп-тексеру нәтижесі бойынша іс сотқа жолданды. Қазіргі уақытта сот шешім шығарды. Сот үкімімен айыпталушылар мал ұрлығы үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ұрланған мал иесіне қайтарылды.
Полиция ескертеді: өзгенің малын заңсыз иемдену әрекеті "жеңіл пайдаға" емес, ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Бүгінде құқық қорғау органдары профилактиканы күшейтуде: рейдтер, бақылау іс-шаралары және тексерулер жүргізілуде.
Бірақ басты қорған — азаматтардың қырағылығы және қауіпсіздік шараларын күшейту. Полиция азаматтарды заң мен тәртіпті сақтауға және кез келген заңсыз әрекет туралы дереу хабарлауға шақырады.
Тегтер: #Қазақстан, #Қызылорда