Бақтияр Артаев: Басты мақсат— 2-3 дүркін Олимпиада чемпионын шығару

Астана төрінде бокстан Афина Олимпиадасының жеңімпазы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаевтың құрметіне жасөспірімдер арасында ашық халықаралық турнир басталды, деп хабарлады Aqnews.kz

28 наурызға дейін жалғасатын бокс бәсекесінде 2008-2009 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевтың жүлдесі үшін шаршы алаңда жұдырықтасатын болады.

Жарысты қолдауға Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, әлем чемпиондары Нұрбек пен Айбек Оралбай, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов т.б танымал тұлғалар келді.

Жарыста еліміздің 20 өңірінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен келген 300-ге жуық спортшы 13 салмақта жүлде жиынтығын сарапқа салады.

Жасөспірімдер арасындағы бокстан жарыс ұйымдастыру идеясы бұрыннан бері ойда бар еді. Міне, бүгін сол идея жүзеге асты. Бұйырса, осы жасөспірімдердің арасынан 2028 жылы өтетін Лос-Анжелес Олимпиадасына баратын мықтылар шығуы әбден мүмкін — дейді, Бақтияр Артаев.

Ұйымдастырушыларының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы бәсекенің көптеп өтуі боксшылардың тәжірибесін арттырып, болашақ чемпиондарды дайындауға өте үлкен мүмкіндік болмақ.

Басты мақсатым — 2-3 дүркін Олимпиада чемпионын шығару. Өздеріңіз білетіндей, әлі күнге дейін бокста 2 дүркін Олимпиада чемпионымыз жоқ. Қазірден жасөспірімдерге көңіл бөлсек, 2028, 2032, 2036 жылдары осы буын өкілдері тарихты жаңартатына сенімдімін — деп, сөзін түйіндеді Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев.

Сондай-ақ, жарыстың ашылу салтанатында бірінші рет орта салмақта отандасымыз Бақберген Әлиасқаров пен Жавохир Абдурахимов (Өзбекстан) 4 раундтан тұратын кәсіпқой бокс кездесуін өткізді.

Тартысты өткен айқас тең аяқталып, қазылар шешімімен қос елдің достығы жеңіске жетті.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated