Ауыс-түйіс: Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше шенеунікті жаңа қызметке тағайындаған

Фото: tengrinews.kz

Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Тәжин басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды. Бұл қызметке ол 2019 жылы 24 наурызда тағайындалған еді.  Президент Тоқаев оған алғыс білдірді.

"Ұзақ жылдар бойы мемлекет ісіне сіңірген еңбегі үшін М.Тәжинге алғыс айтамын. Оның білімі мен білігі еліміздің игілігіне қызмет ете береді", - деп жазды Тоқаев Twitter желісінде.

Бұған дейін Тәжин ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Тәжин босатқан қызметті енді Қырымбек Көшербаев атқарады. Тоқаевтың "Тәжірибелі мемлекеттік қызметші" деген мақтауын естіген ол бұған дейін Президент Әкімшілігін басқарған болатын. Бұрынғы қызметте Көшербаев үш айға жуық жұмыс істеді.

Президент Әкімшілігінің басшысы болып Ерлан Қошанов тағайындалды. Ол бұл қызметіне дейін Қарағанды облысының әкімі болған. Өңір басшысы болып 2,5 жылға жуық қызмет етті.

Ал оның орнына Тоқаев Қарағанды облысының басшысы лауазымына мәслихатқа премьер-министрдің орынбасары, білікті басқарушы Жеңіс Қасымбекті ұсынған.

Кейін Президенттің Жарлығымен Роман Скляр де қызметін ауыстырды. Тоқаев оған "табысты еңбек жолынан өткен" деп баға берді.

"Роман Васильевич Скляр Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметінен босатылсын", - делінген Жарлықта. 

Скляр биыл 25 ақпаннан бері индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып қызмет атқарған еді.

Роман Склярдің орнына Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып Бейбіт Атамқұлов тағайындалды. Осылайша, ол сыртқы істер министрі қызметінен кетті.

Енді Сыртқы істер министрлігін Мұхтар Тілеуберді басқарады. Ол 2016 жылдың наурызынан бері сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Қазақстан Республикасы премьер-министрі Кеңсесінің Басшысы болып Ғалымжан Қойшыбаев тағайындалды. Оның соңғы қызметі сыртқы істер министрінің орынбасары болған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated