Жосықсыз құрылыстың зардабы көп

«Geneva-1» тұрғын үй кешенінің жыры бітпей тұр. Өйткені 2022 жылдың тамыз айында құрылыс компаниясы салымшыларға пәтер кілтін беруі керек еді. Бір жылдан асты. Уәде сөз жүзінде қалды. Сабыры тау­сылған салымшылар журналистерді шақырып, мәселеге мән беруді сұрады. Көппен бірге біз де барып, мән-жайды білдік.

Салымшылар компаниямен келісімшартты бұзып, салған қаржысын қайтару үшін өтініш жазады. Шарт бойынша мердігер компания 60 жұмыс күні ішінде салымшыға ақшасын қайтаруы керек. Алайда кері қайт­қан ақша жоқ не біткен үй жоқ. Салымшылар осыған наразы.

Астанада салымшылар мен құрылыс компаниялары арасындағы бұл мәселе бітпес дауға айналғалы қашан… Рас, бас қалаға басшы болғандардың негізгі бас ауруына айналды.

Қыркүйек айының басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдап, ұзаққа созылған құрылыс нысандарын аяқтау, апатты жағдайдағы және ескі үйлерді бұзу, тұрғын алаптарын одан әрі дамытуды тапсырды. Сөйтіп, қала деңгейінде шешілетін мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілді.

Жеңіс Қасымбек әкім қызметіне кіріскен сәттен-ақ құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлер мәселесіне назар аударып, мердігер компания басшылары және салымшылармен кездесіп, ұдайы назарынан түспейтінін ескертті.

Тамыз айында Астана әкімдігі жосықсыз құрылыс салушылардың тізімін жаңартты. Sat-NS компаниясы Нұра ауданы аумағындағы «Республика» тұрғын үй кешенін, G-Park компаниясы Алматы ауданындағы «Geneva» тұрғын үй кешенін уақытылы тапсыра алмағаны үшін «қара тізімге» енді.

Қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Аян Смағұловтың сөзінше, жыл басында құжатсыз 90 құрылыс нысаны анықталып, оның 44-і құрылыс жүргізуге рұқсат алды.

– Елордада «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының талабын сақтау бойынша проблемалар бар. Заңның бұзылуына жол бермеу үшін үлескерлер қаржысын тартуға құқығы жоқ құрылыс компанияларының «қара тізімі» жүйеленді. Құрылыс компаниясы үлескердің қаржысын тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алғанда, екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысқанда, тұрғын үйдің қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарта алады, – деп жауап берді Аян Смағұлов.

2019 жылдан бері проблемалы жылжымайтын мүлік саны 150-ден 32-ге, ал алданған үлескерлер 16 мыңнан 4 мыңға дейін қысқарды. Осы кезеңде прокуратура 4,9 мың үлескердің мүддесіне 48,5 млрд теңге­ге 125 талап-арыз жолдады

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Оксана Ибраева:

– Біздің басқарма Астана қаласының мамандандырылған аудан­аралық экономикалық сотына құрылыс-монтаждау жұмысын тоқтатуға және бұзуға байланысты 63 арыз жолдады. Оның ішінде 13 талап-арыз сотта қаралуда. Талап-арыздардың 50-ін қанағаттандыру туралы шешім шықты. Соттың 8 шешімі заңды күшіне енген жоқ. 42 сот шешімі Астана қаласы Әділет департаментінің орындалуында, – деп жауап берді.

Бұған байланысты Астана қаласы прокуратурасының да айтары бар.

«2019 жылдан бері проблемалы жылжымайтын мүлік саны 150-ден 32-ге, ал алданған үлескерлер 16 мыңнан 4 мыңға дейін қысқарды. Осы кезеңде прокуратура 4,9 мың үлескердің мүддесіне 48,5 млрд теңгеге 125 талап-арыз жолдады. Жосықсыз құрылыс салушыларға қарсы профилактика шаралары қабылдануда. Уәкілетті органмен 2019-2023 жылы үлескерлерден ақша тартуға құқығы жоқ 149 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінде полицейлер 10 тұрғын үй кешенін салушы компания басшысына қатысты 7 қылмыстық істі тергеп жатыр. Ал 5 адам қамауға алынды. Аталған тұлғалардың әрекетінен 426 азамат зардап шекті» деп мәлімдеді құзырлы орган.

ШЕКТЕУМЕН ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАМЫЗ БА?

Жыл басында Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында жосықсыз жүргізілген құрылысты сынаған еді. Содан кейін Астана қаласының әкімдігі құрылыс компанияларына талапты күшейтті. Яғни 2035 жылға дейінгі бас қаланың Бас жоспарын бекітіп, онда құрылыс компаниялары әлеуметтік инфрақұрылым: су, жылу, электр энергиясын шешпей, құрылыс жүргізуге рұқсат бермейтін болды. Шектеу шектен шыққан құрылыс компанияларының «қаржылық тәбетін» баса ала ма? Оны уақыт көрсетеді.

1998-2023 жылы Астана халқының саны 4,2 есе өсіп, 326900 адамнан 1 миллион 371 мың адамға жетті. 1998 жылы елорда перзентханаларында 3,4 мың сәби дүниеге келсе, кейінгі 3-4 жылда жыл сайын 25-30 мың бала туады. Демография өсімін ескерген Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Астанаға көші-қонды шектеу қажеттігін көтерді.

Әрине, Астана елдің ірі мегаполисі ретінде дамып, «жайлы қала», «ақылды қала» статусына сай ілгерілей бергенін бәріміз қалаймыз. Алайда оған елорданың сервистік мүмкіндігі жете ме? Ең басты мәселе – осы. Соған байланысты елордаға келетін адам санын шектеу керек деген пікірлер жиі-жиі айтыла бастады. Тіпті Үкімет деңгейінде көтерілді. Мұның бір жағы дұрыс. Өйткені қазір Астанада электр энергиясына, ауыз суға деген тапшылық бар. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.

Бізге белгілісі, Астанада 3-ЖЭО, сорғы және сүзу стансасы, тағы басқасы салынып біткенше құрылысшыларға жаңа тұрғын үй салуға тыйым салынды.

Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков: «Құрылыс­ты шектеу қисынды әрі дұрыс деп санаймыз. Қазірдің өзінде Астанада энергетикаға қатысты проблема бар. Олар: су, жылу, электр энергиясы және тағы басқасы» деді.

Әрине, қаланың Бас жоспарында халықтың болжамды саны 2025 жылы – 1 миллион 480 мың адам, 2035 жылы 2 миллион 275 мың адамға жеткенде, күрделі әлеуметтік мәселелер туындамай ма? Мәселен, көшелер көлік ағынын өткізуге қабілетті ме, мектептер мен балабақшалар, емханалар мен ауруханалар саны жеткілікті ме? Тұрғын үйді салуды шектеу нарықтағы бағасына қалай әсер етеді? Осындай сан сұрақ алдымыздан шығатыны анық.

Қауымдастық басшысы құрылыс­ты шектеу салынып жатқан нысанның сапасына әсер ететінін айтты. Бірақ екінші қырынан алатын болсақ, пәтердің шаршы метрі қымбаттайды. Қазір елордада тұрғын үйдің бағасы қалыпты, тіпті Алматы қаласымен салыс­тырғанда біршама арзан деуге болады. Бұған халықтың сатып алу қабілетінің төмендегені әсер еткені анық.

«Этажи» жылжымайтын мүлік және ипотека орталығының өкілі Қуаныш Сейдулла бірнеше жылда Астанада пәтер бағасы қымбаттайтынына күмән келтірмейді. Бірақ қаншалықты екенін айта алмады.

– Алматы шаһарында пәтердің шаршы метрінің орташа бағасы 660 мың теңге болса, Астанадағы орташа баға – 390 мың теңге. Елордада пәтер бағасы қымбаттайды. Бірақ қашан, қалай, қанша теңге болатынын айту қиын. Қазір бас қаланың үйсіз әрі жалдамалы жұмыс істейтін тұрғындарын солтүстік өңірлерге шақырып жүр. Егер қалада үй қымбаттайтын болса, кейбір азаматтар жоспарын қайта қарап, не туған жеріне, не солтүстік өңірлерге баруы әбден мүмкін, – деді ол.

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

Шыны керек, бас қаладағы басты мәселенің бірі – әлеуметтік нысанның қажеттілігі. Әсіресе емхана мен мектепке сұраныс жоғары. Қазір 8 мектеп үш ауысыммен оқыса, 16-сында тығыздық сақталуда. Ең қиыны, мектептерде бір сыныпта 40 оқушыға дейін оқиды. Мұндай білім ордаларынан білім сапасын талап етудің өзі артық. Егер тұрғын үй құрылысы қарқынды жүре берсе, білім беретін ұйым­дарға сұраныс одан сайын артпай ма? Бұл – күрделі әлеуметтік мәселе.

Астана қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Аймағамбетов мектептердің құрылысы кезең-кезеңмен жүргізілетінін айтты.

– Нұра және Алматы аудандарында мемлекеттік мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, Тұран даңғылы және №24 көше ауданындағы 1200 орындық мектеп, №17 мектепке – 350 орындық жапсаржай, №44 мектепке – 600 орындық жапсаржай, №53 мектепке 600 орындық жапсаржай құрылыс биыл аяқталады, – деді ол.

Бауыржан Аймағамбетовтің сөзінше, 2023 жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ш.Айт­матов көшесінде, Наурызбай батыр мен Исатай батыр көшелерінің қиылысында 2000 орындық мектеп бой көтереді. Бағдарламамен Е17 және Е26 көшесінің қиылысында, Төле би мен Е758 көшесінің қиылысында, Е48 бен Е77 көшесінің қиылысында, Е796 мен Е899 көшесінің қиылысында 2000 орынға шақталған білім ордасы салынады. Сондай-ақ Е127, Е368, Е418, Е535 көшесінің квадратында, Төле би мен Т4 көшесінің қиылысында, Е30, Е751, Е796 көшесінің қиылысында заманауи мектеп пайдалануға беріледі. Бұған А.Байтұрсынұлы көшесіндегі 600 орындық мектепті қосу керек. М.Төлебаев пен Бурабай көшесінің қиылысында, Ж.Нәжімеденов пен А56 көшесінің қиылысында, Ш.Қалдаяқов пен А30 көшесінің қиылысында 2000 орындық білім беру ұйымы ашылады. Дәл осындай мектеп Ш.Құдайбердіұлы даңғылы мен І.Жансүгірұлы көшесінің қиылысында, Ж.Нәжімеденов пен А56 көшесінің қиылысында, А102 мен А104 көшесінің қиылысында есігін ашады.

Әрине, мектеп көптеп ашылып, үш ауысымды мектеп мәселесі шешілгені дұрыс. Алайда Мәңгілік ел және Тұран даңғылдарының бойындағыдай арасы тығыз болып тұрғын үй салына берсе, онда автотұрақ мәселесі бірінші орынға шығып, өрт қауіпсіздігі стандартын сақтауда қиындықтар туындайды. Сол себепті Астананы жайлы, қауіпсіз ете түсуде батыл шешімдер керек секілді.

                                                                                                                     Нұрлат Байкенже    «Астана ақшамы» газетінің тілшісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated