Жолдаудың саяси-әлеуметтік мәні

Төлеуғали Тайтулеев, Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры:

Қасым-Жомарт Кемелұлы кезекті Жолдауында маман даярлау ісінде жоғары оқу орындарының рөлі маңызды екендігіне тоқталды. Халықты жұмыспен қамту органдары мен жоғары оқу орындары арасында байланысты нығайтып, аса қажетті мамандарды оқыту ісін қолға алу керек. Бұл мәселе де Президентіміздің назарынан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы назар аударған мәселелердің бірі – грант бөлу. Студенттердің сапалы білім алып, ештеңеге алаңдамай біліктілігін арттыру ісіне ден қою керектігіне тоқталды. Болашақта оқу орындарына бөлінетін грант саны артпақ. Дефицит сезілген мамандықтар бойынша тегін оқыту мәселесі де жолға қойылады. Президент Жолдауындағы басым бағыттың бірі – қолжетімді білім мәселесі. Бұл салаға ерекше көңіл бөлінетіндігі – біздерді қуантып отыр.

Сапар Таңшолпан, саясаттанушы:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы негізінен елімізде тұрақты даму арқылы қиындықтарды жеңудің алгоритмін көрсетуімен ерекшеленеді. Ол осымен екінші рет қос палаталы Парламенттің бірлескен отырысында өзінің ел дамуының барысын, алдағы уақытқа шешуін табуға тиіс өзекті және кезек күттірмейтін мәселелерді атап көрсетті. Биылғы Жолдау құрылысына қарай жеті тараумен тың бес бастаманы көтерген, ел Президентінің жүрекжарды бағдарламасы деп айтуға болады. Тәуелсіз Қазақстанның егемен ел болғанына 30 жыл толып отырған кезеңде Тәуелсіздіктің аса қастерлі ұлт құндылығы екендігі Жолдаудың мазмұнын құрайды. «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» деп аталатын алғашқы бөлім, аты айтып тұрғандай еліміздің аймақтағы көшбасшылық рөлін күшейтуге және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайтуға арналған. Жер қойнауы - ұлттың байлығы ретінде қаралуы тиістігі, «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң бойынша жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажеттігі баса көрсетілді. Сонымен қатар, мал шаруашылығы, ветеринария, мал жайылымдары туралы туындаған қиыншылықтар да назардан тыс қалған жоқ. Ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуы керектігі көрсетілді.

Ерулан Карагулов, «Алматы қызмет көрсету колледжі» КМК директоры:

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауында еліміздің дамуына қатысты аса маңызды мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, ғылым саласына да айрықша маңыз берілді. Еліміздегі жоғары оқу орындарында, академияларда еңбек ететін ғалымдардың жұмысын лайықты деңгейде бағалау керектігі айтылды. Ғалымдардың өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесі шешімін табады. Ғылым саласына бөлінетін грант мерзімінің үш жылдан бес жылға дейін ұзартылуы – ғылыми әлеуеттің дамуына қарқынды үлес қосатын болады. Біз Жолдауда баяндалған басты бағыттарды кешенді түрде жүзеге асырып келеміз. Еліміздің ғылым-білім саласындағы қарышты қадамына өзіндік үлесімізді қосудамыз. Спорттағы жетістіктеріміз арқылы да салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап келеміз. Түйіндей айтқанда, Жолдау – жаңғыру мен жасампаздықтың жарқын үлгісі ретінде мемлекетімізді кемел келешекке жетелейтін болады.

Қайыржан Абдыхалыков, «Үздіксіз білім беру медициналық университетінің» ректоры:

Мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы екені белгілі. Дені сау ұрпақ өсіріп, оны біліммен қаруландыра отырып, мемлекеттің дамуын дұрыс жолға қою, өркениетке ілесу - біздің қасиетті борышымыз. Мемлекет басшысы осы тұрғыда кезекті Жолдауында денсаулық пен білім саласына ерекше көңіл бөліп, ұстаздар мен дәрігерлерге мейлінше қолдау көрсетіп, ғылымның дамуына айрықша назар аудару керектігін тапсырды. Қ.Тоқаев жетекші ғалымдарымызға лайықты жағдай жасаудың нақты жоспарларын ұсынды. Ғылыми зерттеу институттарын дамыту үшін олардың сапалы да қажетті жобаларын дұрыс іріктеп, қаржыландыруды құзырлы органдарға тапсырып, бұл саланың дамуына айқын әрі ашық ережесін дайындауды тапсырды. Кез келген өркениетті елдердің дамуы ғылымның әр саласындағы жетістіктерімен өлшенеді. Сондықтан, ғылымға жол ашып, оның дамуына жағдай жасалса, еліміздің барлық бағытында оң өзгерістер болатынына еш күмәніміз болмауы керек.

Райхан Булекбаева, Д. Қонаев атындағы колледждің директоры:

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің бүгінгі Жолдауында еліміздің дамуына қатысты аса маңызды мәселелерге тоқталды. Әлем бойынша барша адамзаттың басына түсіп отырған пандемияның әсерінен халқымыз экономикалық, әлеуметтік, психологиялық және рухани қиындықтарға тап болды. Соған қарамастан біз өз мақсаттарымызды айқын белгілеп, соның жолында нақты қызметтер атқарып жатқанымызды атап көрсетті. Мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы екені белгілі. Дені сау ұрпақ өсіріп, оны біліммен қаруландыра отырып, мемлекеттің дамуын дұрыс жолға қою, өркениетке ілесу — біздің қасиетті борышымыз. Мемлекет басшысы осы тұрғыда денсаулық пен білім саласына ерекше көңіл бөліп, ұстаздар мен дәрігерлерге мейлінше қолдау көрсетіп, ғылымның дамуына айрықша назар аудару керектігін тапсырды. Жалпы, биылғы Жолдауда мемлекет басшысы елдің дамуына, рухани және экономикалық өсуімізге зиялы қауым өкілдерін белсенді болуға шақырды. Халықтық, елдік мәселелерде ауызбіршілік пен ынтымақтастық танытып, ел дамуына адал қызмет етуде рухани күш берді. Жаңа оқу жылының басталуымен үндес болған бұл Жолдауда Президент Қ.Тоқаев халыққа тың серпін, жақсы рухани қолдау болды.

Вакиль Набиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасы күрдтері «Барбанг» қауымдастығының вице-президенті:

Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болып табылады. Бұрыннан қалыптасқан «Бірлігіміз - әралуандықта» деген басты қағидамыздың өзгермейтіндігі сөз болған мәселеде толеранттылық, этносаралық және конфессияаралық қатынастың негізі боп саналатын қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтап келеміз. Осы Жолдауда тіл мәселесіндегі саналуан алып-қашпа пікірлерге біржола нүкте қойылды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі арта береді, ал орыс және ағылшын тілдерін меңгеру біздің артықшылығымыз. Сондай-ақ қазіргі ғаламтор дәуіріндегі бей-берекет ақпарат тасқынын реттеуде зиялы қауым өкілдерінің күшімен ұрпақ санасын улауға жол бермеу, жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру сияқты бірқатар мәселелер тапсырма ретінде берілді. Осы мәселелерде парасаттылық танытып, өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеу, қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән берілуі, осы тұрғыда Отанымыз үшін барлық азаматтардың жауапкершілікті сезінуі қажеттігі атап көрсетілді. «Біз бірге болсақ қана, теңдессіз елдік бірегейлігімізді нығайта аламыз.Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев талай рет атап өткендей, этносаралық және конфессияаралық татулық - біздің баға жетпес байлығымыз. Мемлекетіміздің болашағы үшін біз ішкі тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлігімізді сақтап, нығайтуға міндеттіміз» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей нақты бастамаларға көшті.

Қалдыбай Казанбаев, Алматы қаласы мәслихатының хатшысы:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында халықты әлеуметтік қолдау бойынша бірнеше бастама көтеріп отыр. Бұған дейін зейнетақы қорын баспана және басқа маңызды мақсаттарда пайдалану жөніндегі ұсынысы нақты көрінісін тапқан болатын және бұл жұмыс жалғасуда. Ал жаңа Жолдаудағы алғашқы бастама төменгі жалақы мөлшері деңгейін көтеру жөнінде болды.Бұдан былай ең төменгі жалақыны салықтық, әлеуметтік және басқа да салаларда есептік көрсеткіш ретінде орынсыз пайдалануды тоқтату қарастырылып отыр. Ал екінші бастама жалданбалы жұмысшылардың еңбекақысын көбейту және осыны жүзеге асырған жұмыс берушілерге реттелмелі сатып алу жүйесі аясында жеңілдіктер берілетіні және оларға мемлекет тарапынан белсенді қолдау болатыны айтылды. Үшінші бастама бойынша Президент микро және шағын кәсіпкерлік саласында жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді ұсынды.Төртінші бастама әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысын сатылап өсіру, бесінші бастама азаматтардың тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешу мақсатында бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу сияқты адамзат баласы ғұмырындағы аса құнды мәселелердің оң шешілуінің басты алгоритмін көрсетті. Мемлекет басшысы парламент депутаттарын жауапкершілікке шақыра отырып, отандастарына деген өзінің жүрекжарды ой-пікірін «Қасиетті Отанымыз мәңгі жасай берсін!» деген жалынды сөзімен қорытындылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз халқына арнаған сындарлы кезеңдегі Жолдауын «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» - деген атаумен Егемен елдің тарихи сахнасына ұсынды. Жолдаудағы міндеттерді орындау уақыт еншісінде.

Болат Садыков, «№5 қалалық клиникалық аурухана» МКК бас дәрігері:

Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстан отандық вакцина өндірген санаулы елдердің бірі екенін атап өтті. Басқа елдерден сұраныс түсіп жатқан «QazVac» препаратының тиімділігіне ешкүмән жоқ. Көптеген мемлекет вакцина өнімін сатып алуға зәру болуда. Елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның жеткілікті қоры бар. Бірақ екпе алуға қарсы адамдар вакцинациядан өтуден бас тартып қана қоймай, өзгелерді де соған үгіттеуде. Олардың дәлелдәйексіз айтқан уәжіне сеніп отырғандар көп. Сондықтан ақпараттық-түсіндірме жұмысы жүргізіліп, қоғамдық орындарда екпеге шақыратын баннерлер орнатылуда. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы сала мамандары халыққа вакцинаның пайдасы зор екенін түсіндіруде. Соның арқасында вакцина алушылар саны артып келеді. Әсіресе, жергілікті кәсіпорындардың басшылары өздері үлгі көрсетіп, еңбек ұжымдарының белсенді түрде екпе алуына ықпал етіп жатқанына ризамыз. Қатерлі індетке қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін қоғам болып нақты тұжырым жасау керек. Әр азамат өзінің, отбасының, әріптестерінің саулығы берік болуын ойлауы қажет. Сонда ғана маскасыз өмір сүретін қалыпты тіршілік ортасына ораламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай тұрғындар арасында вакциналау қарқын алу үшін білек сыбана еңбек етуге, медициналық қызмет сапасын арттыруға мүдделіміз.

Мамед Насимов, «ASMAR STROY» ЖШС бас директоры:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында пандемия кезінде бизнесті қолдау шаралары өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өтіп, осы бағдарламаларды одан әрі де жалғастыруды тапсырды. Биыл шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу жұмыстары «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары, сондай-ақ айналым капиталын толықтыруға Ұлттық банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы шеңберінде жалғасуда. Атап айтқанда, кредиттер бойынша жылдық мөлшерлеме 6%-ды құрайды, айналым капиталын толықтыруды қаржыландыру мен кредиттер сомасы ұлғайтылды, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді микрокредит беру іске қосылды. Жыл басынан бері несиелерді субсидиялау құралы бойынша ең көп қолдау көрсетілген жобалар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Жамбыл облысында байқалды. Кепілдік беру құралы бойынша жобалардың басым бөлігі Жамбыл, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында қолдау тапты. Одан өзге, биылғы 1 қаңтардан бастап, зардап шеккен салаларда түскен табыстың 3 пайыз мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді. Ал 1 сәуірден 1 шілдеге дейін еңбекақы төлеу қорынан зардап шеккен салаларда салықтарды төлеуді кейінге қалдыру ұсынылды. 1 шілдеден бастап жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70 пайыз мөлшерінде қосылған құн салығы бойынша қосымша есепке алу құқығы берілді. Ұсынылған қорғау құралдарының құны арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері жеке табыс салығынан босатылды.

Жанар Курабаева, «Тигрохауд» ЖШС бас директоры:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бизнестің жуырда атқаруға тиісті міндеттеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, елімізге жаңа реттеуші саясат қажет. Қатаң реттеуден бизнестің іскерлік белсенділігін ынтыландыруға, «smart regulation» деп аталатын өзін-өзі реттеуге көшу керек. Менің тапсырмам бойынша Парламент Мәжілісі "басынан бастап" реттеу жүйесіне негізделген заң жобасын енгізді. Оның басты қағидаттары: «Оne in two out» қағидасы, яғни қазіргі екі талаптың орнына бір жаңасын енгізу, шектен тыс реттеуге жол бермеу үшін Түпкілікті міндетті талаптар реестрін жасау, реттеуші апелляция институтын енгізу, яғни кәсіпкерлердің шағымдары бойынша тиімсіз талаптарды сотсыз қайта қарау механизмдері болуы керек, жаңа реттеуші механизмді тәжірибеден өткізу үшін экспериментальді құқықтық режим тетіктерін енгізу. Заң жыл соңына дейін қабылдануға тиіс. Құжатқа қатысты барлық базаны 2023 жылы осы қағидаттың енгізілуіне дейін дайындау қажет. Үкіметке оны Ұлттық палатамен тығыз ынтымақтаса отырып, әзірлеуді тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Асхат Чиликбаев, «Алматыинжстрой» АҚ бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды. Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Үшіншіден, Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді. Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді.

Дархан Умралиев, «Анкор» ЖШС бас директоры:

Қыркүйек айының алғашқы күні мемлекет үшін маңызды оқиға елді елең еткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауы бизнес өкілдері үшін тосын, әрі жағымды жаңалықтарға толы болды. Президент өз Жолдауында көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталды. Індет кезінде зардап шеккен шағын және бизнеске қолдау шараларын арттыру туралы тапсырмаларын кәсіпкерлер жылы қабыл алды. «Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллон теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарпынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді»,- деді Президент. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Жолдауды тыңдап, оқып мемлекет қандай жағдайға қарамастан өзінің оң саясатын жалғастыра беретініне анық көз жеткіздік. Бұл тұрғыда Президент микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын біріңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнесің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал ететіні сөзсіз.

Асел Курманбек, «Green Works» ЖШС Құрылтайшысы:

Шын мәнінде, биылғы Жолдауда Президент қаржы, цифрландыру, қорғаныс, ауыл шаруашылығы, денсаулық, білім және ғылым, басқару реформасы, геология, экология, саяси және сот-құқықтық реформа, ұлтаралық келісім, спорт, мәдениет, егемендікті қорғау, территориялық тұтастық, демография мәселелерін қадау-қадау ұсыныстармен шегеледі. Бәрі де елдің өзекті мәселесі. Бұл Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында айтылған жайттар. Президент соның бәрін дәйекті және табанды түрде іске асыруға мықтап кіріскенін аңғаруға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін қадап тұрып айтты. «Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз», – деді. Бұл Мемлекет басшысы кездескен қиындықтар мен түрлі сынақтарға қарамастан, өзінің бағдарламасын жүзеге асыруға табандап тұрып кіріскенін білдіреді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated