Жолдау – 2021: Білім беру мен ғылым саласы – еліміздің басты басымдықтарының бірі

Айдын Рахымбаев, тарихшы:

Мемлекет басшысы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын жариялай келе, негізгі басымдықтарды атап көрсетті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды. Сонымен қатар, Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керек екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет.

Кенесары Қаптағаев, философ:

Ел Президентінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауы – Қазақстан Республикасының азаматтары үшін тарихи жайт. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуының пайымы баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл Жолдауы өзінің нақтылығымен және мақсаттылығымен елдің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындайды. Мұны президентіміздің «Менің бастамаларым- халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады. Бұл нақты практикалық істер бағдарламасы, сөзсіз, барлық қазақстандықтарға, ең алдымен, бізге, зиялы қауымның алдыңғы қатарлы бөлігі – ғалымдар мен педагогтерге қатысты. Жолдауда еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі Білім беру мен Ғылым саласы екендігі баса көрсетілді. Президент Жолдауының бір бағыты мемлекет дамуының негізі болып саналатын білім мен ғылым мәселелеріне арналғаны қуантады.

Оңдасын Құлымбетов, КТК жұлдызы:

Президенттің кешегі Жолдауы елді пандемиялық жағдайдан шығару жоспары. Жолдауда пандемия кезіндегі басты түйткілдер қаралған. Жолдауда көпшілік күткен жайт, халықтың әл-ауқатын арттыру. Өздеріңіз білесіздер, пандемия кезінде елдің әлеуметтік жағдайы ең түйіткілді мәселенің бірі болды. Ол дегеніміз көп балалы аналардың талабы, жұмыссыздық және шағын және орта бизнес мәселелері тағы сол сияқты. Осы түйіткілдерді Президенттің назарда ұстағаны көрініп тұр. Бұл жолғы Жолдау пандемиядан сабақ алып, енді одан шығу жоспары. Нақты тоқталсақ, былтыр пандемия кезінде бүкіл ел болып талқылаған 42 500 теңге, енді 60 мыңға жетіп отыр. Президент дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбегін бағалау керектігін үнемі айтады, нәтижесінде олардың жалақысы көтерілді.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ:

Президент өз жолдауының үшінші бөлігі- «Сапалы білім беру» бағытында жастарды кәсіпке баулуға оны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе атқаруды тапсырды.
«Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітіген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек», - деп атап өтті.

Нұргелді Әбдіғани, Abai.kz сайтының бас редакторы:

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-Ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауында кәсіпкерлерге қатысты бір қатар мәселелерді көтерді. Оның ішінде шағын және микробизнестің еңбекақы қорына жүктемені азайтуды, атап айтқанда еңбекақы қорына 5 төлемнің орнына бірыңғай 1 төлем енгізуді ұсынды. Жалпы жүктемені 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекет басшысы бизнеске кедергілер мен шығын келтірмеу үшін тиісті төлем жүйелерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту туралы шешім шығарды. Одан бөлек, Мемлекет басшысының ауыл кәсіпкерлерін қолдау керектігі туралы айтқаны қуантып отыр, дәлірек айтқанда микроқаржы ұйымдары арқылы қаржылай қолдау көрсетуге мүмкіндік жасау керектігі өте орынды. Себебі ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнес өкілдеріне банк арқылы жұмыс істеу өте қиын.

Жібек Исаева, Спорттық медицина және оңалту кафедрасының меңгерушісі (ҚазҰУ):

Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтқан болатын. «Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаға салынбай қалды. Әрине, бұған жол беруге болмайды. Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауда және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы QazVac коронавирусына қарсы отандық вакцинаның тиімді және қауіпсіз екендігіне күмән жоқ екенін атап өтті. Бұл Қазақстанның жетістіктерінің бірі. «Коронавирус Денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Пандемия бүкіл әлемде әлі де жойылмайды. Күн сайын мыңдаған азаматтарымыз ауырады, көбісі өмірден өтеді. Біз уақытты ысырап етпестен пандемиямен күресу үшін дереу шаралар қабылдадық. Қазақстан-коронавирусқа қарсы вакцина жасаған әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі. Біздің вакцина тиімді және қауіпсіз екендігінде күмән жоқ. Қазір QazVac басқа елдерге қызығушылық танытуда», - деп түйіндеді Президент. Шыны керек, Жолдау – Қазақстанның әрбір азаматы үшін маңызды құжат, ол ертеңгі күнге деген сенімділікті оятады, ағымдағы қиындықтарды жеңуге, балалар мен жастар үшін тыныштық табуға және Отанымыздың игілігі үшін оптимизммен еңбек етуге көмектеседі деп білемін.

Гульзат Мамиева, кәсіпкер:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің үлесі тау-кен өндірісінен де артып түскендігін атап өтті. «2020 жылдың қорытындысы бойынша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті. Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру. Әзірленіп жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнеркәсібінің алдында тұрған сауалдарға жауап беруге тиіс. Соның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиындығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек деген қарапайым ережені енгізуіміз қажет»,- деп ерекше атап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшысы геологиялық ақпараттың жетімсіздігі соған орай, Ұлттық геология қызметін құру жайына тоқталды. «Сапалы геологиялық ақпараттың инвесторларға қолжетімділігін арттыру қажет. Осыған орай, түрлі ведомстволарға бағынатын бытыраңқы мекемелердің негізінде тиімді Ұлттық геология қызметін құру керек. Бұл орган жер қойнауын кімге және қалай беруді шешетін монополистке айналмауға тиіс. Оның міндеті – инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау білдіру. Жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет», - деді. Сондықтан алдағы жылдары осындай индустриалды бағдарламаға сәйкес, Ұлт саясатына орай, өңдеу өнеркәсібінінің мүмкіндігін барынша, молынан пайдалануымыз керек.

Қымбат Әбдікерімова, «Болашақ» қауымдастығының мүшесі:

Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген 5 бастаманың алғашқысын еліміздегі ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін, яғни 30%-ға дейін көтеру мәселесін сөз етіп, төртінші бастамасында бюджеттен қаржыландырылатын білім беру мен денсаулық сақтау салаларынан басқа да қызметкерлердің жалақысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсетінін айтты. Одан өзге Президентіміз Жолдауда «Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартуда. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз», - деп атап өтті. Пандемияның ең бірінші кәсіпкерлерге айрықша кері әсер тигізгені баршаға белгілі. Осы бағытта, кәсіпкерлерге пандемия салдарымен күресе отырып жұмыс жасауға мүмкіндік берілді. Ол «Ашық» мобильді қосымшасын пайдалану еді. Жалпы қай бастамаларды алып қарасақ та, халыққа жасалып отырған үлкен қолдау деп білемін.

Қуаныш Құрманов, «Jetisu Hub» инновациялық IT орталығының басқарушы директоры:

Бүгінгі таңда IT-индустрияны цифрландыру және дамыту — Қазақстан дамуының ажырамас құрамдас бөлігі. Президент өз Жолдауында айтқандай «Ұлттық компаниялардың ІТ-қоғамдастықпен өзара іс-қимыл платформасын құру қажет. Квазимемлекеттік сектордың цифрлық қажеттіліктері мен сұраныстары отандық компаниялардың күшімен барынша қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы бәсекеге қабілеттіліктің басты шарттарының бірі терең цифрландыру екенін атап өтті. «Қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты шарттарының бірі терең цифрландыру болып табылады. Қазақстан үшін қазіргі заманғы цифрлық технологиялар трансферттері, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу аса маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық әріптестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл ретте отандық ІТ-секторды өсіріп, нығайту маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент цифрлық Үкіметтің түбегейлі жаңа архитектурасын құру қажеттігі мен мемлекеттік органдардың барлық бизнес-процестері қайта қаралып, цифрлық форматқа көшірілетін цифрлық трансформация орталығы іске қосылатынын атап өтті.

Алмас Сағынұлы, КТК жұлдызы:

1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жолдады. Әрине, маған ұнаған тұсы өнерлі жастарға жоғарғы деңгейде қолдау көрсетілетіні аталды. Мемлекет басшысы қазіргі таңда Қазақстан мәдениетін жаһандық деңгейде танытып жүрген мүсіншілер, театр қызметкерлерін, музыканттарды, жаңа жанр түрлерін игерген мамандарды атап өтті. Бұл өнер иелері арнайы демеушілердің көмегімен ғана күн көретінін, мемлекет тарапынан қолдаудың аздығын айтты. Алдағы уақытта Үкімет сарапшыларымен бірлесіп мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуды тапсырды. Мемлекет басшысының ұсыныстары мен тапсырмаларын орындауда әрбір жас белсенді қызмет атқару қажет.Бұл мемлекетіміздің одан әрі дамуына,қуатты мемлекетке айналуымызға, дағдарыспен құлдыраудан сақтайды.

Жанерке Сериковна, пиар маманы:

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің алдағы даму жолын көрсетті ендігі мақсат оны халыққа түсіндіру мен орындау. Президент Жолдауында айқындаған бір жайт, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын көтеру. Халық үшін жасалып жатқан келесі мүмкіндіктің бірі - зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін Отбасы банкіндегі депозитке аудару. Бұл өте маңызды, себебі осыған дейін болған «Баспана-хит», «7-20-25» тұрғын үй бағдарламалары өз мәресіне жетіп отыр. Демек жаңа мүмкіндік керек. Мені қуантқан келесі мәселе еңбек нарығын реттеу. Қазіргі таңда көлеңкелі экономикада жұмыс істеп жатқан жалдамалы жұмысшылардың қатары аз емес. Оны заңдастыру керек, біріншіден жалақысы төмен, екіншіден оларға қандай еңбек талабы қойылып жатқанын ешкім білмейді. Халықты жиі мазалайтын азық-түлік бағасының тұрақсыздығын да Мемлекет басшысы баса айтып өтті. Ендігі мақсаттың бірі Президент Жолдауда жүктеген тапсырмаға Үкімет бүгіннен кірісу керек деп ойлаймын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated