Жолдау - пандемия кезіндегі мемлекет пен қоғамның маңызды мәселелерін шешуге арналған

Әділет Бағдат, «Keremet catering» және «Keremet Coffee» негізін қалаушы:

Бүкіл әлемге тараған эпидемия былтырдан бері еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтірді. Қиын сәтте мемлекет бизнес саласына жан-жақты қолдау көрсетті. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 6,3 триллион теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралардың 3 топтамасы жүзеге асырылды. Бұл ахуалды түзеуге және экономикалық белсенділік пен кәсіпкерлік бастамаларды қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Жұмыссыздықтың бірден белең алуына және кәсіпорындардың жаппай банкротқа ұшырауына жол берілмеді. Мемлекет басшысы 2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» және Бизнестің жол картасы бағдарламаларының аясында 1 триллионнан кем емес қаржы бөлінгенін жеткізді. Осы күрделі кезеңдегі басты міндет – адамдардың денсаулығын сақтау және толыққанды кәсіпкерлік белсенділікті қалпына келтіру шараларын тең ұстай білу. Президент бұл жаппай вакциналау есебінен ғана мүмкін болатынын еске салды. «Бүгін, мүмкіндікті пайдалана отырып, өз сөзімді кәсіпкерлік қоғамдастығына, оның ішінде бизнес иелеріне, басшылық пен қызметкерлерге арнамақпын. Бұл ретте, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, экономиканың толық іске қосылуы, тұрғындар табысының қалпына келтірілуі, сондай-ақ, ең бастысы, жақындарымыздың денсаулығы туралы сөз болып отыр. Қазақстанда тиімді, қауіпсіз және тегін вакциналар бар. Сіздердің түсіністік танытып, белсенді жұмыс істегендеріңіз маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аружан Мейрхан, «Қазақстан волонтерлар лигасы» қоғамдық қорының үйлестірушісі:

Соңғы 2 жыл уақыт әуреге салған пандемия денсаулық сақтау саласында бірқатар мәселелер барын көрсетті. Осыған орай індетпен күресу үшін Дүниежүзілік денсаулық ұйымында тіркелген вакциналарды сатып алып, халықты екпе алуға шақыру керек. Бұл қалыпты өмірге тез оралуға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Елімізде дәрі-дәрмекпен медициналық құрал-жабдықтардың 17% ғана отандық өнім екені оны 2025 жылға дейін 50% ға жеткізу керектігін тапсырды. Білім беру саласында ең алдымен педагогтардың мәртебесін көтеру, ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыратынын айтты. Пандемия ұлттық комуникация желілерінің тиімділігі төмендігін көрсетті. Бұл білім алушардың толық оқуына көп кедергі жасады. Білім беру жүйесіне білікті мамандар дайындау қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес,3 жыл сайын даярлықтан  өткізуді ұсынды.

Асхат Нурмашев, блогер және коуч-тренер:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында мемлекеттің саяси жаңғыру үдерісін жүзеге асыру, азаматтық қоғамды дамыту, ел экономикасын ілгерілету, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту, тұрмысын көтеру және басқа да өзекті бағыттарды қамтыған мәселелер көтеріліп, оны жүзеге асырудың жолдары айқындалды. Жолдау, әсіресе азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономика, ауыл шаруашылығын, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, білім сапасын жақсарту, медицина, әлеуметтік көмек, зейнетақы жүйесін жетілдіру секілді көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді дөп қозғады. Бір сөзбен айтсақ, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттер мен бағыттар елімізді жетістіктерге жетелейтіні анық.

Арайлым Шамова, «№201 мектеп-гимназия» КММ директоры:

Мұғалімнің жалақысы өсіп еді, мәртебесі де артты. Қазір мектепке жұмысқа тұрғысы келетіндер, педагогика мамандықтарына түскісі келетіндер көбейген. Сапалы, білікті мамандар мектепке оралып жатыр. Бұл фактор білім саласына серпін берері сөзсіз. Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында да мұғалімдерді қолдау жалғасатынын айтты. Биыл қаңтар айынан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға өсті. Келесі 3 жылда осы мақсатқа 1,2 трлн теңге бөлінеді. Қабылданған шаралар өз нәтижесін көрсетіп жатыр.

Бекбол Батыржанұлы, Л.Б.Гончаров атындағы «Қазақ автомобиль-жол академиясының» проректоры:

Елімізде жыл сайын ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайып, оған бет бұрған жас мамандарға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Ал Жолдау аясында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру қолға алынбақ. Енді ғылыммен айналысатын жастар жұмыссыз қалмайды. Ел Президенті өз жолдауында ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту міндетін қойды. Меніңше, Мемлекет басшысы ұсынған игі бастама ғылыми жобалардың сапасын жаңа деңгейге шығаруға септігін тиізеді. Белгілі бір ұзақ мерзімді нәтижеге жету үшін, әсіресе, жаратылыстану ғылымдарының саласында осындай мерзімді қажет етеді. Бұл өз кезегінде жас ғалымдарды даярлауда өзінің ықпалын тигізер еді. Себебі студент магистрант немесе PhD докторанттар осындай жобаларға міндетті түрде тартылады. Оларды жас ғалым ретінде тәрбиелеп шығуға бұл мерзім өте қолайлы.

Гүлдаурен Бақбергенова, «Аналарға көмек» ҚҚ директоры:

Жолдауда Президент бала сүйе алмай жүрген отбасыларға қалай көмек көрсетілетінін айтты. 2021 жылдан бастап елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталады. Президенттің тапсырмасымен ЭКО бағдарламасы арқылы квота саны жеті есе көбейетін болады.  Жолдау пандемия кезінде орын алған үрейді сәл де болса сейілткендей болды. Жолдауда айтылған дүниелердің барлығы орындалып жатса, болашаққа деген ел сенімі нығая түспек.

Руслан Нұрлыбаев, «SAVENERGY» ЖШС директоры:

Биыл елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерін сайлау науқаны өткен болатын. Енді 2024 жылы пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлау саяси науқанын өткізу жоспарлануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында осыны айтты. Еліміздегі саяси реформалар жалғаса береді. Мемлекетіміздің саяси статусында өзгерістер болады. Әрине, мұның бәрі халқымызға тән ерекшеліктерді ескере отырып, жүзеге асырылады. Ауыл әкімдерін сайлау тұрғындардың демократияға деген көзқарасын айқындап берді. Аудан әкімдерін сайлау жөніндегі реформа осы көзқарасты нығайтуы тиіс.

Талғат Алдымуратов, Алматы қаласындағы жеке сот орындаушысы:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауының «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау» және «Ұлттың ұйысуы - одан әрі дамудың басты факторы» атты бөлімдерінде саяси реформалар жалғасатындығы, орнықты демократиялық даму бағдарымызды нығайтып, саяси жүйемізді сапалық тұрғыдан өзгерту, сол арқылы мемлекеттілігімізді нығайта түсу, ол үшін барлық өзгерісті еліміздің өзіне тән ерекшелігіне орай, біртіндеп жүзеге асыру керектігін айтты.  Сонымен қатар, адам құқығын қорғау саласында соңғы екі жылда едәуір ілгерілеу бар екендігі белгілі. Президент Үкіметтің Адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспарды бекіткендігін айта отырып, Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына да өзгерістер енгізуді ұсынды. Құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістердің басталғандығы сөз болып, мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастыру мақсатында 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастағаны айтылды. Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылып жатқандығы, Прокурорлық қадағалаудың жеделдігі, учаскелік инспекторлар мәртебесінің артқандығы, қылмыспен күресудің прак­тикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керектігіне назар аударды. Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер - есірткі заттарының, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуына байланысты іс-шаралар жүргізу кезек күттірмейді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, әсіресе, «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты» жоюға айрықша назар аудару керектігі айтылды. Президент өз Жолдауында осының бәрі саяси жүйені және адам құқығын қорғау ісін жетілдіруге бағытталған стратегиялық бағдарымыздың құрамдас бөлігі болып саналады деп баса көрсетілді.

Ерболат Касымов, «Айсұлтан» холдинг компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы:

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы мазмұнды болды. Барлық сала қамтылды. Әсіресе, бүгінгі қазақ елінің ішкі жағдайы мен сыртқы ахуалы толық қамтылды. Ең бастысы үлкен экономикалық жобалардан бастап, өнер адамдарының қал-жағдайына дейінгі аралық түгел айтылды. Президент пандемия кезінде қазақ экономикасы қандай бағытта дамиды, қандай шаруаларды қолға алу керек екенін рет-ретімен айтып берді. Сонымен қатар, білім саласы мен оның сапасы ерекше назарға алынды. Президент оқу орнында білім алған студенттің квалификациясы жұмысқа орналасқанда келмей қалатынын баса айтты. Себебі қазір технология дамып жатыр. Осыны ескеру керектігін ескертті. Тағы бір ерекше атап өтетін тұсы ол - Қазақстан елінің әлеуметтік мемлекет екендігі. Тұрмысы нашар отбасыларға түрлі көмек ұйымдастырылады. 2022 жылдың бірінші қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мыңға көтерілетін болды. Жалпы, Президент бәрін сатылап айтып берді. Ендігі кезекте, оны орындау ғана қалды деп есептеймін.

Кенжехан Матыжанов, Әуезов, М.Әдебиет атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:

Биылғы карантин мемлекеттік қызметте топырлап штат ұстаудың тиімсіз екенін дәлелдеді. Мемлекет Басшысы келесі жылы мемлекеттік қызметкерлердің санын 25 пайызға қысқарту керектігін айтты. Шыны керек, бізде соңғы уақыттары өнер өкілдерін, спорт майталмандарын насихаттау белең алып кетті. Кез келген баланы тоқтатып қойып: «Болашақта кім боласың?» – десе, не әнші, не актер, не спортшы болатынын айтады.  Мұны не үшін айтып отырмын? Елімізде ғылым саласы кенжелеп қалғаны рас. Президент осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Жас ғалым» жобасымен зерттеу жүргізуге 1 мың грант бөлінетінін айтты. Демек, болашақта қазақтан әлемдік жаңалық ашатын жас ғалымдар шығып қалуы әбден мүмкін.

Майра Альжанова, «Бауыржан» қайырымдылық қорының менеджері:

Қазіргідей нарық заманында ел экономикасына күш беретін де, оны алып жүретін де кәсіпкерлер екені сөзсіз. Екі жылға жуық уақыт бойы тек Қазақстанды ғана емес, әлемді дүрліктірген коронавирус еліміздегі бизнес өкілдеріне ауыр соққы жасады. Дегенмен, мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. Осының арқасында Үкімет экономиканы әлсіретпей, пандемияға дейінгі деңгейге жеткізген. Экономикасы әлсіреген елдің, болашағы бұлыңғыр. Осыны алға тартқан Мемлекет басшысы Жолдауда: «Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады», - деді. Бұл бағдар әлемді әбігерге салған пандемиядан кейінгі уақытта, экономикамызды нығайта түсуге жол ашпақ деп білемін.

Талғат Тилешев, «Business Hotel Almaty» ЖШС құрылтайшысы:

Қазіргі таңда экономиканы әлдендіру мақсатында ірі жобалар қолға алынуда. Пандемияға қарамастан, бұдан бірнеше жыл бұрын айқындалған бағдарламалар да тұрақтап қалмай, экономикамыздың ілгерілеуіне сеп болды. Жолдауда экономикамызға оң ықпал еткен бірнеше бағадарламаның жемісі де айтылды. Мысалы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты.   Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді. Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда, бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек. Сондықтан, мен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болады», – деді. Шығыс болмай – кіріс жоқ демекші, бұл бағдарламаларға бөлініп жатқан триллиондаған теңге, ертеңгі күні екі еселеніп қайтанына сенім мол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated