Жұмысты әрдайым табуға болады

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуына ерекше мән береді. Осы орайда Астана қаласының жұмыспен қамту орталығы елорда тұрғындарына түрлі жобалар қызметін ұсынады. 2023 жылы қандай жұмыстар атқарылды? Жылдың басты көрсеткіштеріне тоқталсақ.

 

Еңбек мобильділік орталығы

 

Еңбек мобильділік орталығының мақсаты – халықты жұмыспен қамту және азаматтардың жұмыссыз қалмауына байланысты іс-шараларды жүзеге асыру.

 

Еңбекпен қамту орталығы жұмыс іздеген, жұмыссыз, уақытша қызметінен айырылғандарға өтемақы төлеу, жұмыс орнына субсидия бөлу, қазіргі заманда қажетті дағдыларға үйрету, кәсіпкерлікке үйрету сынды түрлі көмек қолын созуға әрдайым әзір.

 

Алайда орталық жұмысқа орналасуға бағыттайды. Ал ол жерде ұзақ мерзімде қалу, өз кәсіби деңгейін көрсете алу адамның өзіне тікелей байланысты. Қызметкерлер күнделікті бос ваканттық орындарға тіркейді. Әр менеджер шамамен 400-ден 800-ге дейін жұмыссыз азаматты өз жауапкершілігіне алады. Бүгінде елордада 4450-ден астам жұмыс күші талап етіледі. Facebook, Instagram, Telegram сынды халық көп отыратын әлеуметтік желілерде дамылсыз вакансиялар шығып тұрады. Астана қаласының мансап орталығы жұмысқа орналастыру бойынша бірнеше бағытты қамтиды. Енді соларға тоқталсақ.

 

Жұмыс жәрмеңкесі

 

Жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші үшін ең тиімді әдістің бірі – жұмыс жәрмеңкесі. Ол жерде құрылыс, білім, медицина, сауда, көлік-логистика, қаржы және т.б салалар бойынша қала тұрғыны жұмыс барысымен танысып, әрі тікелей сұхбаттаса алады.

 

2023 жылдың өзінде Астана қаласында 36 жәрменке өтті: 29 орташа, 7 жалпы қалалық және 3 онлайн-жәрмеңке. Жалпы 1000-ға жуық тұрғын өз қалауынша қызмет істеуге мүмкіндік алды.

 

Алғашқы жұмыс орны

 

Алғашқы жұмыс орны – бұл 35 жастан аспаған жастар үшін бірінші жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды беру. Бірінші жұмыс орнындағы жұмыс ұзақтығы 18 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орны беріледі. Тұрақты жалақы – 30 АЕК (103 500 теңге). Жұмыс кезеңінде еңбек өтілі қатар жүреді.

Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында 317 адам жұмысқа орналасты.

 

Жастар практикасы

 

2023 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, бірқатар мемлекеттік қолдауға ие болды. Дегенмен, бұл бағдарлама колледж және ЖОО аяқтаған түлектердің мамандығы бойынша тәжірибе алуына керемет мүмкіндік сыйлайды. Сонымен қатар бағдарламаға қатысу үшін, әрбір түлек мамандығы бойынша 5 жыл істемеуі шарт. Тұрақты жалақы – 30 АЕК (103 500 теңге). Практиканың ұзақтығы 12 айға жалғасып, мерзімі аяқталған соң, штатқа кіруі мүмкін. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында 1000-ға жуық адам жұмысқа орналасты.

 

Ұрпақтар келісім-шарты

 

Бағдарлама оқу орнын аяқтаған түлектердің зейнет жасына жеткен жұмысшылардың орнын алмастыруға бағытталған. Үміткердің жасы 35-тен аспауы керек. Тұрақты жалақы – 30 АЕК (103 500 теңге). Практиканың ұзақтығы 6 айға жалғасып, мерзімі аяқталған соң, штатқа кіруі мүмкін. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында 7 адам жұмысқа орналасты.

 

Қоғамдық жұмыс

 

Бағдарламаға жұмыссыз, студенттерге және жалпы орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары сабақтан тыс уақытында қатыса алады. Жобаның ұзақтығы – 12 ай. Тұрақты жалақы – 35 АЕК (120 750 теңге). Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында 2 399 адам жұмысқа орналасты.

 

Әлеуметтік жұмыс орны

 

Жоба жұмыссыздарға және әлеуметтік осал топтар санатына кіретін азаматтарға арналған. Жалақы жұмыс берушіге тікелей байланысты. Орталық 20 АЕК аспайтын деңгейде көмек қолын созады. Ұзақтығы – 1 жыл. ). Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында 303 адам жұмысқа орналасты.

 

Күміс жас

 

Бағдарлама 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтарға арналған. Жалақы жұмыс беруші арқылы анықталып, жұмыс беру орталығы кішігірім көмегін береді. Жұмыспен қамту орталығы алғашқы 12 ай – жалақының 70%-ы, екінші жылы - 65%, үшінші жылы - 60% жалақысын төлейді. Алайда жалақы мөлшері 30 АЕК-тен аспайды. Бағдарлама ұзақтығы – 3 жыл. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында 789 адам жұмысқа орналасты.

 

Кәсіби оқыту

 

Кәсіптік оқыту жаңа мамандықтар (кәсіптер) алу және біліктілікті арттыру мақсатында кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды қамтиды. Кәсіптік оқыту келесілерге жүргізіледі: жұмыс берушілердің сұрауы бойынша оқу ұйымдарында, жұмыс берушілердің жұмыс орнында. Бағдарламаға қатысу үшін, жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу керек. Ұзақтығы – 1 айдан 6 айға дейін. Тәлім алушыға 21 787 теңге көлемде стипендия тағайындалады. Сондай-ақ медициналық тексерістен өту үшін 2 АЕК мөлшерінде ақша беріледі. Егер оқу жұмыс берушінің орнында өтсе, 20 АЕК мөлшерінде жалақы төленеді. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында 200-ге жуық адам қамтылды.

 

Кәсіп ашуға гранттар

 

Жоба әлеуметтік осал топтардың санатына кіретіндерге арналады. Атап айтсақ, көп балалы отбасыға төлем алатын, мекен-жай бойынша әлеуметтік көмек, асыраушысынан айырылғандарға, қандас, мүгедек, мүгедек баланы асыраушылар кіреді.

 

Өтініштер business.enbek.kz порталында жүзеге асады.

 

Кәсіпкер ретінде 3 жыл ретінде тіркелуі керек. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқу мерзімі 3 жылдан аспағаны жөн. Business.enbek.kz порталының оң шешімі шығуы қажет. Қайтарымсыз гранттың мөлшері – 400 АЕК-ке дейін (1 380 000 теңге). Биыл 132 грант беріліп, оның 32-сі жастарды қамтыды. Бағдарламаға бір рет қана қатыса аласыз.

 

Жастарға несие

 

Бағдарлама 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге арналған. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар қатыса алады. Кепіл мөлшері – 5 млн теңге. Жылдық сыйақы – 2,5%. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспауы шарт. Міндетті түрде кепілдігі болуы керек. Кепіл ретінде жылжымалы техника, жылжымайтын мүлік қарастырылады. Кепіл дүниесі болмаса, ата-анасы, туысқанының мүлігін ұсына алады.

 

Қажетті құжаттар тізімі: микрокредит алуға сауалнама-өтініш, жеке куәлік, жобаның бизнес-жоспары, қызмет көрсететін банктің есеп-шот анықтамасы, субъектінің мемлекеттік (оның ішінде құқық қорғау)/мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалу-орындалмауы туралы барлық мәліметті беруге және алуға келісімі, қарыз алушының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі, агенттің ішкі құжаттарына сәйкес ресімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі, несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болса), қарыз алушының жалақысын, өзге де кірістерін растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорының үзінді көшірмесі), бағалау туралы есеп, Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар. Құжаттарды «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ филиалдары қабылдайды.

                                                                                                                                       Батырбек Қошқарбаев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated