Жиынға Алматы қаласының қоғамдық кеңес мүшесі Елнұр Бейсенбаев, саясаттанушы Данияр Кәрімжан, "Алматы - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің өкілі Айдар Күнтубай, "Жанашыр" қоғамдық қорының жетекшісі Жаңыл Әбетова мен республикалық жастар ұйымдарының өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, саясаттанушылар мен студенттер қатысты.

Сарапшы
Жиын барысы. Фото: Рустам Сағадиев/Arhar.kz

Кезектен тыс Президент сайлауына деген қоғамның көзқарасын білу мақсатында жиналған  белгілі сарапшылар жастармен бірге алда болатын сайлау туралы ойларын ортаға салды. Сарапшылардың сөзінше, Президент сайлауына атсалысу - азаматтық парыз. Сондықтан бүгінгі буынды ғылыми-зерттеу бағытына тартып, сарапшы ретінде шыңдалуына жол көрсету үшін басқосуға шақырған.

«Жастар Үні» Қоғамдық Бірлестігінің жетекшісі, саясаттанушы Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, саяси науқанға байланысты жастардың ойын білу маңызды.

"Президенттік сайлау ел үшін, мемлекет үшін маңызды. Сондықтан сайлау кезінде еліміздің әрбір азаматы өз кандидатына дауыс беруі тиіс деп ойлаймын. Біздің кездесуіміздің мақсаты-біздің жастарға сайлаудың маңыздылығын жеткізу. Бұл жерде әр қатысушы өз ұстанымын айтып, талқыланатын тақырыптың басты аспектілерін талқылай алады. Оның үстіне, қазіргі жастардың өмірге деген ерекше көзқарасы бар. Олар басқаша ойлайды. Және бізге әрбір пікір маңызды. Өйткені олар өз елінің болашағын жасайтын болады",- деді спикер.

Жиын барысы. Фото: Рустам Сағадиев/Arhar.kz

Өз кезегінде саясаттанушы Елнұр Бейсенбаев Қазақстан секілді әлі де жас мемлекетті сайлаудың маңыздылығын айтып, жастарды сайлауға белсенді қатысуға шақырса, "Алматы - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің өкілі Айдар Күнтубай: "Мен сайлауға алғашқылардың бірі болып қатысамын. Себебі еліміздің болашағы менің дауысыма байланысты екеніне сенімдімін", - деді.

Шындығында, бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек. Өйткені, 1991 жылдан бері тәуелсіз қазақ елінде бес рет Президенттік сайлау өтті және оған кез келген Қазақстан азаматы өзін-өзі кандидаттыққа ұсына алатын. Алайда 2017 жылы Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына өзгеріс енгізіліп, кандидаттарға қойылатын талаптар өзгерген болатын.

Кандидаттарға қандай талап қойылады?

Осыған орай, жиын барысында саясаттанушы Қанат Байұзақов сайлауға қатысты баяндама жасап, кандидаттарға қойылатын талаптарды атап шықты.

"Конституция мен "Қазақстан Республикасының Сайлау туралы" Конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкес: Қазақстан тумасы, соңғы 15 жылда Қазақстан Республикасы аумағында тұруы, жоғары білімі бар болуы, 40 жасқа толған болуы, белсенді сайлау құқығы болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс", - деді саясаттанушы.

Сонымен қатар өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны да өткізуі тиіс. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы лауазымынан үміткерлерді қолдау сайлаушы санының кем дегенде 1 пайызының қолдары жиналғанда расталады. Сонымен қатар, Президенттік сайлауға түсетін әрбір кандидат 2 млн 125 мың теңге жарна төлеуі тиіс. Сайлау жарнасы кандидатқа ол лауазымға тағайындалған жағдайда немесе жалпы сайлауда 5 пайыздан астам дауыс жинағанда қайтарылады.

Естеріңізге сала кетсек, 19 наурыз, 2019 жылы Н.Назарбаев өзінің президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын айтып, оның орнына Конституция бойынша парламент спикері Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалған еді. Ал 9 сәуір күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жолдап, онда ол кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусым күні өтетіндігін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 20 наурыздан бері Қазақстан Республикасының президенті міндетін атқаруда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated