«Серпін» жобасын қалай тиімді етеміз?

Еліміздегі ішкі көші-қонды реттеу арқылы жұмыс күші тапшы, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарындағы студенттер саны аз өңірлер мен артық жұмыс күші бар, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарында орын жетіспейтін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңгерімсіздікті болдырмау мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» – «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасына биыл 10 жыл толып отыр.

2014 жылы Петропавл қаласына ат басын тіреген серпіндіктердің алғашқы легін Солтүстік Қазақстан облысы халқының жылдан-жылға селдіреп бара жатқан қатарын толтырып, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі өңірге күнгейдің жылылығын ала келетін «Оңтүстік қарлығаштарына» теңеген едік. Кейінірек олардың «Қызылорда – Петропавл» бағытында жолаушылар пойызы қатынасын ашу жөніндегі ортақ өтініші Парламент Мәжілісінің Солтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаттарының қолдауымен оң шешімін тауып, жұрт оны жақсы ырыммен «Құдалар пойызы» деп атап кетті. Расында да солай болып, екі өңірдің тұрғындары «Серпіннің» арқасында құдаласып, қыз алысып, қыз берісуін көбейтіп, «Құдалар пойызымен» жиі сапарлатып жүр. Тұтастай алғанда, аталған жобаның солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлердегі демографиялық ахуалды оңалтуға, тілдік ортаны қазақшаландыруға, ұлтымыздың туыстық қарым-қатынасын нығайтуға біршама ықпалы тиіп отырғаны сөзсіз.

Алайда «Серпін» бойынша жоға­ры және арнаулы орта оқу орындарын бітірген түлектерді оқыған өңірлерін­де жұмысқа орналастыру ісі о бас­тан жете ойластырылмағандықтан, бұл әлеуметтік жоба күткендегідей нәти­же беріп отырған жоқ. Осы кемші­лікке Президент Қасым-Жомарт То­қаев 2019 жылғы 17 мамырда өткіз­ген еңбек және жұмыспен қамту мәсе­лелері жөніндегі жиында назар аударып, «Серпін» жобасының тиімділігін арттыру қажеттігін айтқан болатын.

Себебі осы бағдарлама бойынша білім алып, 2018 жылы жоғары оқу орындарын (ЖОО) бітірген алғаш­қы түлектердің – небәрі 23 пайызы, кол­­ледждерді тәмамдағандардың 24 пайы­зы ғана өздері оқыған өңір­лерде жұ­мысқа қалған еді. Мәселен, М.Өте­місов атындағы Батыс Қазақ­стан универ­ситетін тәмамдаған 145 түлектің 24-і, яғни 16,5 пайызы ғана облыс аумағын­дағы білім беру ұйымдарында жұмысқа орналасқан, ал колледж бітірген 113 тү­лектің ішінде 6-уы, яғни 5 пайызы ғана Жайық өңірінде тұрақтап қалған-ды.

Бұған қоса Парламент Мәжілісі­нің депутаттары мақсаты ортақ «Сер­пін» әлеуметтік жобасы мен жұ­мыс күші артық өңірлердің тұр­ғын­­дарын жұмыс күші тапшы өңір­­лер­­ге ерік­ті түрде қоныс аудару бағ­дар­лама­сының арасында сәйкес­­сіз­дік барын анықтаған. Нақ­ты айт­қанда, «Сер­пін» бойынша Ал­ма­ты, Жамбыл, Қызыл­орда, Маң­ғыс­тау, Түркістан облыстары мек­­тептерінің түлектерін басқа 9 өңір­дің – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шы­ғыс Қа­зақ­стан, Батыс Қазақстан, Қара­ғанды, Қостанай, Павлодар және Сол­түс­тік Қа­зақстан облыстарының жоға­ры және арнаулы орта оқу орындарын­да оқы­ту көзделген болса, қоныс аудару бағдарламасы бойынша аталған об­лыс­­тардан қоныс аударушыларды қа­был­­даушы өңірлер болып жұмыс күші тапшы 4 облыс қана айқындалған еді.

Сол кезде «Serpin.KZ» сайтында: «Бүгінгі күні бұл жобаның дамуына кейбір аймақтардың қарсылық білдіруі кедергі болып отырғанын айта кету керек» деп ашық жазылды. Өйткені жұмыс күші жеткілікті, демографиялық жағдайы тәуір өңір­лердің басшылары, ең алдымен, жер­гі­лікті мектеп­тер түлектерінің алысқа кетпей, өңірдегі ЖОО-лар мен колледж­дерге түсіп, мамандық алуына және кейін өздері туып-өскен өңірде жұмысқа орнала­суына мүдделі болуы қисынды еді. Үкімет Мәжіліс депу­тат­тарының ұсынысына орай «Сер­пін» бағдарламасына қатысатын облыс­тардың санын 9-дан 6-ға дейін қыс­қартып, жұмыс күші тапшы 4 өңірді – Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан облыс­тарын және елдегі ішкі көші-қонның ерекшеліктеріне байланысты Ақмола және Қарағанды облыстарын қалдырды. Олардың қата­рына 2022 жылы Шығыс Қазақ­стан­нан бөлініп шыққан Абай облысы қосылды. Сондай-ақ аталған әлеу­меттік жоба 2014-2016 жылдары республикалық бюджет есебінен тіке­лей қаржыландырылған болса, 2017-2019 жылдары оған қажетті қаражат жалпы сипаттағы трансферт­тер ретінде жергілікті атқарушы орган­дарға берілді. Ал 2020 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасы жергілікті атқа­ру­шы органдардың білім беру саласына бөлген қаржысы есебінен жүзеге асы­ры­лып келеді. Осыған орай қазір серпін­діктер 7 өңірдегі 15 ЖОО-да білім алып жүр.

Әйтсе де, «Серпіннің» тиімділі­гін арттыру мақсатында қолданыл­ған шаралардың нәтижесі әлі де көңіл көншітпейді. Оқу-ағарту минис­тр­лігіне қарасты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының мәліметі бойын­ша 2020-2022 жылдары «Серпін» бағдарламасы бойынша ЖОО-ларды тәмамдаған 8 948 түлектің 3 200-і, яғни 35,7 пайызы оқыған өңірінде алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған. Сол себепті қазір «Қар­жы орталығы» АҚ оларды оқытуға жұмсалған бюджет қаржысын сот тәрті­бімен өндіріп алу шараларын қолдану үстінде. Бұ­­дан бөлек, мемлекеттік грант­ты оқы­­ған өңірінде жұмыспен өтеу мін­­­де­тінен 4 191 түлек босатылған. Мұн­­­дай жеңілдік отбасы құрып, өзге өңір­­ге кеткен, балалы болған және ма­­­гис­­тратураға түсу арқылы оқуын одан әрі жалғастырған түлек­тер­ге бе­рілген. Осылайша, «Серпін» әлеу­мет­тік жобасы бойынша даяр­ланған жас ма­ман­дардың небәрі 17 пайызы ғана өзде­рі оқыған өңірлерде жұмысқа қалған.

«Серпін» арқылы жоғары білім алған әр үшінші түлектің сотқа тарты­луы­­н­ың негізгі себептері – олардың оқыған өңірлерінде маман­дығы бойын­ша жұмыс таппауы және бас­па­на мәселесін шеше алмауы. Шынтуайтында, осы әлеумет­тік жобаны жүзеге асыруда Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лі­гінің, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің, өңір­лер әкімдіктерінің және жоғары оқу орын­дарының жұмыстары жет­кілікті үй­лес­тірілмегендіктен, көз­делген түпкі нәтиже қамтамасыз етілмей келеді. Тіпті ЖОО-лар өздерінің түлектерінің, соның ішінде серпіндіктердің де 90-95 пайызы жұмыспен қамтылғаны туралы адам сенгісіз ақпарат таратып жүргендігі мәлім. Бұл «жетістікке» ЖОО-ларды бітіруші студенттерден жұмыс берушілердің өздерін жас маман ретінде жұмысқа шақыру туралы сұраныс хаттарын әкелуді талап етіп, сол хаттарды тапсырған жағдайда ғана дипломдарын беру арқылы қол жеткізілетіні белгілі. Ал ондай сұраныс хаттардың қайсысы шын, қайсысы жалған екенін ЖОО-лар тарапынан ешкім тексермейді.

«Серпін» бағдарламасының түлек­терін жұмыспен қамтудың күрделілігі ескеріле отырып, оларға 2022 жылдан бастап мемлекеттік грантты жұ­мыс­пен өтеу міндетін жоғары бі­лім­ді ма­ман­дар жетіспейтін 11 өңір­дің – Абай, Ақмола, Ақтөбе, Аты­рау, Батыс Қа­зақстан, Қарағанды, Қос­танай, Пав­лодар, Солтүстік Қазақ­стан, Ұлы­тау, Шығыс Қазақстан облыс­тары­ның қай­сы­сының болсын мем­лекет­тік және жеке ұйымдарында жұ­мыс істеу арқы­лы орындауға рұқ­сат етілді. Бұған қо­са, мем­лекеттік грант­ты жұ­мыспен өтеу мер­зімі 3 жыл­дан 2 жылға дейін қысқартылды.

Біздің ойымызша, «Серпін» әлеу­меттік жобасының тиімділігін арттыру үшін оны «Қуатты өңірлер – ел да­­муының драйвері» Ұлттық жоба­сымен барынша сәйкестендіру қа­жет. Мәселен, егер «Серпінге» бөлі­нетін мемлекеттік білім гранттары оңтүстік өңірлерден солтүстік өңір­лерге ерікті түрде қоныс аударушы­лар мен атажұртқа өңірлік квота бойын­ша оралған қандастардың отбасы­ла­рын­дағы мектеп бітірушілер­ге ғана берілетін болып шешілсе, онда атал­ған екі мемлекеттік бағдарла­маның да тиімділігі арта түсуі әбден мүмкін. Мұның өзі серпіндіктердің ЖОО-ларды бітірген соң оқыған өңірлерінде жұмысқа қалмай, сотқа сүйреленіп, сергелдең кешуін болдыр­мауға да септігін тигізер еді.

Кәрібай МҰСЫРМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated