XXI ғасыр... Қызығы мен шыжығын қатар алып келген ұлы дәуір. Заман ағымына ілесеміз деп кейде денсаулықты екінші орынға ысырып қоятынымыз бар. Денсаулық – табиғаттың адамға берген ең ұлы құндылығы.

Ұлы ойшыл Сократқа кезіңде «адамға өмірде не қымбаттырақ, байлық па, әлде атақ па?» - деген  сұрақ қойылыпты.  Сонда Сократ: «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды. Дені сау кедей, ауру патшадан бақыттырақ» - деп жауап беріпті. Яғни, адам бақытты болу үшін оған денсаулық керек, ал денсаулықтың кепілі  - салауаттылық. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы «Тәні саудың – жаны сау» екенін айта отырып, «Ең әуелі бәрінен бұрын тазалықтың қадірін біл. Тән саулығының тамыры – тазалықта, жан саулығының тамыры – саулықта», – деп денсаулықты сақтаудың маңызды жолын меңзейді. Себебі, денсаулықтың кепілі – тән мен ардың тазылығы. Ол саулықтың іргетасын қалайды. Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал, біздің болашақтағы бағытымыз – салауатты өмір салты. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді -  өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершіліктерін қалыптастыру баршаның борышы.

Денсаулық дегеніміз – адам жаны мен тәнінің амандығы. Денінің сау болуын қандай адам қаламайды? Дені сау адам өзі үшін де, ол өмір сүріп жатқан қоғам үшін де керек. Қоғамадағы қажет жұмысты да сол денсаулық иесі ғана атқара алады. Адам бұл өмірге қонақ. Қамшының сабындай өтіп кетер аз ғана ғұмырды дұрыс пайдалана білмесең, өмірің текке өтті дей бер.  Әрбір жанның өмірінде денсаулықтың орны бөлек. Адамның денсаулығы – табиғаттың ең асыл, ең қымбат жемісі. Ал табиғат ананың бізге берген бағасын төмендетуге біздің еш хақымыз жоқ!

Денсаулық – өмір тіршілігінің ең бірінші шарты болып табылады. Сондықтан мемлекетіміз денсаулық сақтау ісіне, мемлекетіміздің ең маңызды факторы – адам өмірінің жақсы болуына,  дені сау, ағзасының күшті болуына үнемі қамқорлық жасап отыр. «Адамға денсаулықтан не бар қымбат, ауру төнсе кең дүниені тар қылмақ», - дегендей, өкінішке орай, қымбат байлығымызға кері әсерін тигізетін зиянды нәрселер де баршылық. Жаңа ғасыр табалдырығынан аттаған болашақтың тағдыры – оның денсаулығында. Ұлы Абай атамыздың «Бес нәрсеге ғашық бол, бес нәрседен қашық бол» қағидасын берік ұстап, ертедегі ата-бабаларымыздың әсерлі сөз мәйектерімен жеткізе білген денсаулық жайлы ойларының қадірін түсіне білу керек. «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл,Үшеуімен бақытты  болады өмір»,- дегендей, өмірге адам болып келген соң, адам болып өту, өмірімізді мәнді де, сәнді өткізу, келешекке оң көзқараспен қарау – міндетіміз. Бұл өмірді дұрыс өткіземін десең, салауатты өмір салтын ұстан. Салауаттылық – саулық кепілі, ал саулық – байлық негізі. Өркениеттің жолындағы елдің ертеңі – халқының саулығына байланысты. Дені сау халық – бай халық, халқының дені сау болып тұрса, мемлекеттің де мықты болып тұрары сөзсіз.

«Ауру - астан» - деп дана халқымыз бекер айтпаған. Сау адамның тамақ рационында ақуыз бен майлар, көмірсу жеткілікті мөлшерде болуы қажет, бірақ мөлшерден артық тағы болмайды. Салауаттылыққа алып келетін ең төте жол – дұрыс тамақтану. Сондықтан, тез әзірленетін тағамдардан, газды сусындардан, көп мөлшердегі қант, тәттілерден бастартуымыз нұр үстіне нұр.

Қазіргі таңдағы ең үлкен дерт – гаджеттер. Еңбектеген бала да, еңкейген қарт та қолданатын ұялы телефон өмірімізді күрт өзгертті. Бәрінен де ел болашағы болар жасөспірімдер арасында телефонға тәуелділік артып отыр дейді мамандар. Әлем елдерін жайлаған бұл дертпен күрес басталғалы қашан. Зерттеушілер алдағы жылдарда қоғамдық сауатсыздық пен түрлі ауруларға душар боламыз деп дабыл да қақты. Бірақ өзгеріс жоқ. Сондықтан жасөспірімдерді күніне 1 сағат уақыт бөліп, спортқа баулысақ салауаттылықтың бастамасы болар еді. Түнде ұзақ кітап оқу, компьютер мен телефонды артық пайдалану, теледидардың алдында ұзақ жұмыс жасау көзімізге үлкен зиянын тигізеді. Тек көзімізге ғана емес, жүйке жүйемізге, миымызға үлкен қауіп төндіреді. Кез келген дүниенің жақсы жағын ғана алып, зиянын қолдан келгенше көрмеуге тырысу керек шығар. Инновациялық технологияның ғасыры дегенімізбен, гаджеттердің қолданысын барынша азайту керек. Әсіресе, қорғаныс жүйесі толық қалыптаспаған балаларға тіпті бермеген абзал.

Денсаулыққа тағы бір кері әсерін тигізетін, жалпы денсаулыққа да, адами құндылыққа да кері әсерін тигізетін фактор – жаман әдеттер. Яғни, шылым шегу, спиртті ішімдіктерді пайдалану. Осының бәрі өмірімізді едәуір қысқартады. Қысқартып қана қоймай өміріміздің мәнін, сәнін жояды, сапасын кетіреді. Бұл әдеттер қолданушының өзінің ғана өмірін құртпай жанындағы жанашыр жандардың да өмірін ластайды.

Өмір –қозғалыс. Денсаулықтың да дұрыс болуы үшін белсенді өмірдің маңызы зор. Спорт –денсаулық кепілі. Күллі адамзатты адам еткен –еңбек. Оның ішіне тазалық та кіреді. Жалпы «салауатты өмір салты» дегенде ең бірінші спортпен айналысып жатқан жан, дұрыс тамақтанатын адам елестейді. Ал ең маңыздысы –тазалық екенін естен шығармауымыз қажет. Тазалық-адам өміріне қажетті қасиет. Тек қана шынайы ақыл –жалған  сағымдармен күресе алады, тек қана шынайы жүрек –өшпенділіктің уын қайтара алады. Қадым замандардан бері қараңғылық бос кеңістікте қанат жайған, бірақ ол тазалыққа, таза жанға орын босатып бере алады. Бәріміз сол тазалыққа талпынуымыз керек. Шығыс халықтарының тазалықты сақтауының жеті ережесі бар. "Қол тазалығы, құлақ тазалығы, көз тазалығы, ауыз тазалығы, тән және киім тазалығы, ой тазалығы және жан мен жүрек тазалығы". Бұлардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар.  Мысалы «көз тазалығы» – көзіңді кектен, ашу-ызадан, қызғаныштан, құмарлықтан қорғайды десе, «ауыз тазалығы» -ауыздан шыққан әрбір сөзге есеппен қарауды үйретеді. Ал, «жан мен жүрек тазалығы" – бұл өзіңнің ішкі сезімдеріңді кірлетпей сақтай білу. Тазалықты жанымыздың ары етіп, салауатты өмір салтын ту етіп өмір сүргенге не жетсін!  Есірткі, нашақорлық – адамзатты жұтатын аждаһа екенін бір сәт естен шығармайық! Өміріміз - өз қолымызда. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Адамға өмір бірақ рет беріледі. Бұл ретте оның денсаулығы мықты, рухы асқақ болса ең кереметі сол емес пе?! Салауатты өмір салтын бірге ұстанайық!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated