Сабина Байсақалқызы

Қазіргі заманауи технологиялар дамыған заманында, технологиялар біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Күннен-күнге бұл салада жаңалықтар саны көбейіп, қоғамның оған деген қызығушылықтары артып жатыр. Бірақ соған қарамастан, жастардың салауатты өмір салтын ұстануға деген белсенділіктері күрт төмендеп кетті.

Ол адамдардың бос уақытының көп бөлігін теледедидарда, компьютерде немесе телефонда өткізумен байланысты. Егер бұрын балалар сабақтан кейін достарымен бірге далаға шығып ойнауға асықса, қазір балалар компьютерге отыруға асығады.  Ата-аналар балаларының осындай іс-әрекеттеріне қарсы шығады. Бір нәрсе болса, сен күнімен компьютер ойнайсың деп ұрыс шығарады. Алайда біздің балаларымыздың бұл жердегі күнәсі неде?

Осының бәрін оларға үйрететін біздің өзіміз ғой. Бәр күнә мына бізден. Кішкентай кезінен бастап, олар біздің мазамызды алмасыншы деп, теледидар қосып қоямыз. Біз білмейтін нәрсені сұрағанда, интернеттен көре салшы деп жауап береміз. Жарайды оны қойшы. Одан да оларға біз қалай темекі тартуға, арақ ішіге, үлкендерді сыйламауға, боқтауға үйрететінімізді айтсаңшы. Темекі тартып тұрып, олардың темекі шекпегендерін қалаймыз. Үйге мас болып келіп, келесі күні ішімдіктің зияны туралы айтамыз.

Ал не болды? Күнделікті соны көрген бала сені тыңдайды деп ойлайсың ба? Бала айтқанды емес, көргенді жасауға бейім. Сондықтан, қалтаңдағы темекі қорабын қоқыс жәшігіне тыстап, оның орнына жүгіре баста. Балаңа денені шынықтырған қандай пайдалы екенін өз мысалыңда көрсет. Ішімдік ішудің орнына дұрыс тамақтанып, жеміс-жидек, көкөністерді көбірек же. Дұрыс тамақтанудың пайдасы зор екенін миына құй. Күнімен компьютер ойнайсың деп ұрыспа, оның орнына балаңмен бірге жиірек серуендеуге тырыс. Қалада болып жатқан неше-түрлі концерттерге, спорттық жарыстарға апар, өзіңнің іс-әрекеттеріңмен компьютерден басқа бұл өмірде қызық көп екенін түсіндір. Мазаламасын деп, балаңа теледидар қоя салма, онымен ойын ойна, далаға шығып доп ойнап немесе доп лақтырып кел. Білмеген затын интернеттен қарай сал демей, жауабын бірге кітаптардан іздеп, оны кітапханаға апар. Кітаптың маңыздылығын байқат.

Әрине, алғашында өміріңе осындай өзгерістерді енгізу саған қиын болады. Бұрын жасамаған заттарыңды жасап, өз-өзіңізмен күресуіңе тура келеді. Көптеген сылтаулар тауып, әйтеуір ешнәрсе жасамауға тырысасың. Менің жасым келді, маған дұрыс тамақтанудың, спортпен айналысудың не керегі бар деп ойлайсың. Бірақ бір күні, сен жай ғана таңертең ерте тұрып, жүгіріп көресің. Жүгіргеннің арқасында күнімен жұмыста көңіл-күйің жоғары болғаның байқайсың. Содан, бір апта жүгіресің. Денсаулығың кішкене болса да жақсарып, жүгіргеннің еш қиыны жоқ екенін көресің.

Әлемде өмірдің осы бөлігінен өтіп, салауатты өмір салтын ұстауға бастаған адамның саны қаншама. Мысалы, АҚШ азаматы Сьюзан Стрит. 50 жасында Сьюзан қиын ажырасуды басынан өткізді. Салмағы 100-ге дейін барып, денсаулығы нашарлап, сары уайымға кіріп кетті. Арада бірнеше уақыт өткеннен кейін, Сьюзан өзін-өзі қолға алуға шешім қабылдады. Кейін бұл шешім өміріңдегі ең маңызды шешім болады. Ол өзінің тамақтану рационын түгелімен өзгертіп, дұрыс тамақтана бастады. Таңертең ерінбей жүгіре бастап, түрлі жаттығуларды жасауды әдетке айналдырды. Соның арқасында Сьюзан 20 киллограмға арықтап, денсаулығы жақсарды.

Қазір Сьюзан 59 жаста. Бірақ, құрбыларына қарағанда неғұрлым жас, әдемі көрінеді. Ол тіпті Facebookта өзінің жеке блогын ашып, күнделікті оқырмандарымен өз кеңестерімен, өткен тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

Сьюзан Стритпен қатар тағы сіздерге айтқым келетін адамым ол 89 жастағы Мадонна Бьюдер. Мадонна Бьюдер «Ironman» атты АҚШ сайыстарының ең үлкен қатысушысы. Ол 2012 жылы, бұрын 81 жастағы Лью Холландер орнатқан жастық рекордты бұзып, «80 жастан жоғары» жас санатында жаңа рекорд орнатты. Бұл шынымен де, нағыз жетістік. Себебі, «Ironman» сайыстарында сайыскерлер тек жүгіру бойынша жарысып қана қоймайды, сонымен қатар олар үш кезеңдік кедергілерді жеңуі тиіс. Ең алдымен, олар 2,4 миль арақашықтықты суда жүзіп өтеді. 2,4 миль дегеніміз 3,86 км. Ондай қашықтықты жүзіп өту, бәрінің қолынан келе бермейді. Ал Мадонна болса, ол арақашықтықты балықтай жүзіп өтеді. Кейін сайыскелер, 180 км-ді велосипедпен айдап өтуі керек. Бірінші рет сайысқа қатысып жатқан жас сайыскерлердің көбісі осы кезеңде шаршап-шалдығып жатса, Мадонна Бьюдер өзінің сүйікті велосипедіне мініп, бәр күшімен педальдарды бұрап, жеңіске қарай ұмтылады. Соңында бәрін 42 км болатын жол күтіп отырады. Осы сәтте жарыста ең дегендері қалып, нағыз сайыс басталады. Одан да Мадонна еш қиындықсыз жүгіріп өтіп, спортпен айналасуға жас себеп емес екендігін жыл сайын дәлелдеп отырады.

Ал енді, салауатты өмір салтын ұстап, өмірлерін осылай жақсы жаққа өзгертіп жатқан адамдар туралы айтқанда, міндетті түрде біздің қазақ азаматымыз Лена Тоқсанбаева туралы айтып кеткен жөн. Бүкіл Қазақстанға «саяхатшы әже» деген атпен әйгілі болған біздің әжеміз 84 жасында көптеген шетел қалаларын аралап үлгерген. Жасына қарамастан, әже, сапар барысында уақытын босқа жоғалтпайды. Барынша қоршаған ортасын тануға тырысады. Теңізге шомылып, бассейндерге түсіп, ыстық құмның үстінен жүргенді ұнатады. Пілдерді тамақтандырып, арыстандарды сипалайды.

Міне, біздің осындай іс-әрекеттерімізді, ұстанымымызды, белсенділігімізді балаларымыз көріп, бізге қарай еліктей бастайды. Үлкендерге деген көзқарастары өзгеріп, бізге ұқсауға тырысады. Сондықтан, салауатты өмір салты туралы жай айтқаннан көрі, оны ұстану бәрінің қолынан керектігін көрсетейік. Қазірден бастайық. Жалқауланбайық. Біздің жастарымыздың болашағы тек біздің қолымызда. Ендеше жастарды жарқын болашаққа бірге итермелейік!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated