Нанды ең көп жейтін облыс анықталды

Ұлттық статистика бюросы жан басына шаққандағы азық-түлік тұтыну дерегін жариялады. Есеп 2023 жылдың IV тоқсанындағы көрсеткіштер негізінде дайындалған, - деп хабарлайды Aqnews.kz

Бюро тұрғындардың ең көп тұтынатын, сатып алатын азық-түлік тізімі өзгермегенін мәлімдеді.

Қазақстан халқы ең көп қаржысын ет және ет өнімдеріне (17.4%) жұмсайды. Екінші деңгейде сұраныс нан мен жарма өнімдеріне (8%) көп. Сондай-ақ сүт өнімдерін алу үшін жұртымыз табысының 5,4% бөледі.

«Аймақтар арасында жекелеген азық-түлік өнімдерінің тұтынылуын салыстыратын болсақ, нан мен жарма өнімдерін Түркістан облысының тұрғындары ең көп тұтынған – 44,1 кг (тоқсанына жан басына шаққанда), ет және ет өнімдері бойынша Жамбыл облысы – 25,8 кг, балық өнімдерін ШҚО, БҚО және СҚО тұрғындарының дастарқанынан жиі көруге болады – бір адамға шаққанда тоқсанына 5,2 кг, көкөністер бойынша Түркістан облысындағылар – 23,8 кг, жемісті алматылықтар көп жейді – 22,1 кг, ал тәттілер жан басына шаққанда Ұлытау облысында – 14,4 кг көп тұтынылған», делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Кейінгі бес жылдағы зерттеулер негізінде ет пен балықты тұтыну көрсеткіші жыл сайын ІV тоқсанда, ал көкөністер мен жемістерді тұтыну ІІІ тоқсанда көбейетіні анықталды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated