Мәжілісмен жастарды насыбайдан қорғауға шақырды

«Жігіттер, атпаңыздар насыбайды, нас атсаң, лас боларсың басыбайлы». Осылай деген мәжілісмен бесіктен белі шықпаған жас буынды лас әдеттен қорғауға шақырды. Жарқынбек Амантайұлы 4-5 сынып оқушыларының емін-еркін насыбай атып жүргеніне байланысты дабыл қағып, премьер-министрдің орынбасары мен ішкі істер министріне сауал жолдады, - деп хабарлайды Aqnews.kz

Бір өкініштісі, заңда шектеу қойылғанымен, орындалуында осалдық басым.

Мәселен, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен небәрі 5 айлық есепті көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салынады екен.

Ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш.

«Саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр» дейді депутат.

Сол себепті бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде емін-еркін сатылуда.

Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш-етектен.

Жарқынбек Амантайұлы ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанына қапалы.

Кей деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен. Ең қауіптісі – оның құрамында қандай улы заттардың бар екені белгісіз.

Жарқынбек Амантайұлы, Мәжіліс депутаты:

— Еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі. Сондықтан елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated