Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

11 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі проблемалар қарастырылды, деп хабарлайды Aqnews.kz.

Отырыс барысында елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтуға қатысты бірқатар мәселе талқыланды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин сөз сөйледі. Сондай-ақ қабылданған және жоспарланған шаралар туралы бірқатар уәкілетті мемлекеттік орган басшылары есеп берді.

Талқылау нәтижесі бойынша Мемлекет басшысы халықты қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін негізгі басымдық ретінде атап өтті.

Азық-түлік тауарларын өндіру мен сатудың барлық сатысында баға белгілеудің ашық болуы, өнімсіз делдалдармен күрес жүргізудің маңызды екеніне назар аударылды.

Демографиялық үрдістерді ескере отырып, азық-түліктің физикалық тұрғыда қолжетімділігінің перспективалары еңбек өнімділігінің өсуіне, ауыл шаруашылығы мен отандық аграрлық ғылымның жаңғыруына тікелей байланысты екені атап өтілді.

Жерді тозудан қорғау шараларын жандандыру өзекті мәселе болып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту процесін жүйелі түрде ұйымдастыру және жергілікті жағдайға бейімделген меншікті тұқым қорын құру үшін жаңа тәсілдер қажет.

Ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated