Ұлттық құраманың толағай табысына қуанатын күндер алда – Есей Жеңісұлы

Биыл футболдан Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы сәтті ойын көрсетіп келеді. Алты турдан кейін 12 ұпай жинап, жарыстың финалдық сатысына шығуға үмітті құрамалар қатарында саналады. Алда жауапты төрт ойын бар. Олардың үшеуі сырт алаңда тәжірибелі құрамаларға қарсы өтсе, біреуінде өз алаңында Сан-Марино құрамасын қабылдайды. Біздің құрлықтық доданың финалдық сатысына шығу мүмкіндігіміз қандай? Осы орайда Aqnews.kz тілшісі белгілі спорт комментаторы Есей Жеңісұлын әңгімеге тартқан еді.

- Алдағы төрт кездесуде ұлттық құрама қалай ойын көрсетеді деп ойлайсыз?

-Алдағы төрт ойынның күнтізбесі қазақстандық футболшылар үшін оңай болмай тұр. Олардың үшеуі сырт алаңда тәжірибелі құрамалармен өтеді. Аталған қарсыластардың барлығы турнир кестесінде біздің алдымызда келеді. Сырт көзге аса үміт жоқ секілді көрінетін шығар. Әрине, «өз алаңымызда Сан-Мариноны жеңеміз» деуге болар. Қазір жағдай өзгерді. Әлі де қазақстандық футболшылар үшін үміт жоқ емес.
Расын айту керек, Даниядан ұпай алудың өзі қиындау. Тіпті, олармен тең нәтиже тіркеліп жатса, оның өзі Еуропа құрлығында сенсациялық жағдай деп бағаланады. Наурыз айында елордада Даниямен өткен кездесуде өзінің тарихында үлкен камбэк жасады ғой. Қолда тұрған үш ұпайынан қағылған азулы қарсыласымыз соған тісін қайрап отыр деуге болады. Қалайда қарымта қайтарып, өз жанкүйерлері алдында ақталуға тырысады. Сол кезде ойынға қатыспаған Кристенсен, Кристансен сияқты тісққаққан аладоп шеберлері алдағы ойынға сақадай сай екенін білеміз. Бас бапкер Магомед Адиев құраманы аталған кездесуге лайықты деңгейде дайындауға көңіл бөлді деп ойлаймын. Жігіттер де мінез бар. Тартысты бәсекені күтеміз.

- Қазірге дейін Финляндия құрамасына бірнеше мәрте жеңіліп қалдық. Бұл жолы сол кеткен есемізді қайтара аламыз ба?

- Иә, Финляндия құрамасына бірнеше мәрте есеміз кетті. Енді қарымта қайтаратын сәт туған секілді. Олардан бес мәрте жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болдық. Қысқасы, біздің құрама үшін өте ыңғайсыз қарсылас. Сол сәтсіздікке нүкте қоятын кез келді деп ойлаймын. Қай алаңда ойнағанымызға қарамай, оларға қарсы жоғары деңгейде шеберлік таныта білуіміз тиіс. Өз басым арық айтып, семіз шыққанды жөн көріп отырмын. Қалайда оларды жеңуіміз тиіс, үш ұпай алуымыз тиіс дегеніміз орынсыз болар. Сондықтан Финляндиямен кездесуден кем дегенде бір ұпай алып келсек, ол да жаман табыс болмас еді.
Жалпы, Еуропа чемпионаты финалдық сатысына шығамыз деп сеніммен айта алмаймыз. Десе де алдағы ойындар бізді одан әрі шыңдай түсуі қажет. Біз мінезді команда екенімізді дәлелдеуіміз қажет. Қазірге дейін жинаған 12 ұпайымыз кездейсоқ емес екенін көрсетуіміз тиіс.

- Қараша айында өтетін екі ойынға байланысты қандай пікір білдіресіз?

- Аталған екі ойында ұпай қорын толықтыру жеңілдеу түседі деген сенім бар. Өз алаңымызда өтетін Сан-Мариномен кездесуде капитан Асхат Тағыберген бастаған жігіттер жанкүйерді қуантады деген үміттеміз. Сырт алаңда Словениямен ойында да қорқатын ештеңе жоқ. Біз бұдан бұрын сырт алаңда Словакия, Солтүстік Ирландияны жеңіп, Беларусьпен тең түстік. Былайша айтқанда, құрама жақсы жеңіс дәстүрін қалыптастырып қалды. Сол себепті Словениядан да сескенудің қажеті жоқ. Әрине, оған дейін бір ай уақыт бар. Оған футболшылардың дайындығы мен бабы қалай болады деген сұрақ туады. Соған қарамастан аталған қарсыласымыздан қарымта қайтаратын уақыт келді деуге болады.

- Бұл іріктеу сатысында ұлттық құраманың Данияның жеңуі сенсациялық жағдай ретінде бағаланды. Алдымен Словенияға есе жіберіп, одан кейін Данияны қапы қалдырғанымызды қалай бағалайсыз?

- Спортта заңдылық деген нәрсе бар. Біздің құрама Ұлттар лигасында алғашқы бес ойыннан кейін 13 ұпай жинап, соңғы кездесуінде Әзербайжанға есе жіберді. Одан кейін Өзбекстан, Біріккен Араб әмірлігімен жолдастық ойында жеңілдік. Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Словенияға өз алаңымызда есе жіберіп қойдық. Ендігі кезекте Даниядан жеңілетін болса, құраманың жағдайы қалай болар еді? Қысқасы, сәтсіздік сол Словениямен кездесуден кейін аяқталғаны қуантады. Сәтсіздік жалғаса беретін болса, құраманың Ұлттар лигасында жинаған ұпайы мен көрсеткен ерлігі ұмытылып кетер ме еді. Алдымен өз алаңында Данияны, одан кейін сырт алаңда Сан-Марино мен Солтүстік Ирландияны жеңіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды.
Мен Словениядан жеңілісті былай деп бағалаймын. Оған оның алдындағы бірнеше ойынға созылған сәтсіздік сериясының салқыны тигені анық. Құраманың өзіне деген сенімділігі біршама сетінеп қалды. Ал Финляндиядан жеңілу себебі құрамамыз өзіне шектен тыс жауапкершілікті мойнына жүктеп алды. Олардың ойында «Осы ойында қайтсек те жеңуіміз қажет, бұған дейінгі сәтсіздікті тоқтататын уақыт келді» деген секілді ойда болды. Сол себепті олар аяғына гірдің тасын байлап алғандай күй кешті. Жақында мен сол ойынның шолуын қайтадан қарап шықтым. Байқасам, Қазақстан құрамасы қарсыластар қақпасына бір ғана тура соққы жасаған екен. Бұл – жеңемін деген команда үшін өте төмен статистика. Кейін оны бас бапкер Магомед Адиевтің өзі мойындады. Жалпы, орталық жартылай қорғаныс пен шабуылдың арасында ешқандай байланыс болған жоқ. Есесіне Солтүстік Ирландияға қарсы ойында сол жүйенің барлығы орнына келгеніне қуандық. Осылайша құрама өз сәтсіздігіне тез реакция бере алатынын, қорытынды шығаратынын дәлелдеді.

- Бұдан бұрынғы іріктеу кезеңдерінде де қазақстандық футболшылар азулы қарсыластарымен терезесі тең ойын көрсете білді емес пе? Мәселен, сырт алаңда Бельгиядан бір ұпай олжалап қайттық...

- Өткен ойындарға қарап, түрлі болжам жасай беруге болады. Біз - әзірге Еуропа чемпионаты финалдық сатысына шығудан үмітті құрама ғанамыз. Қазақстандық футболшылар мұндай мүмкіндікке ие болып жатса, ол өте үлкен ерлік болар еді деп бағалаймын. Сол кезде Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Аслан Дарабаев секілді жігіттердің буыны футболда өзінің жоғары табысына қол жеткізді деп айтар едік.
2008 жылы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Арно Пайперс жаттықтырған құрама Армения мен Әзербайжанды артта қалдырып, турнир кестесінде он ұпаймен алтыншы орынға табан тірегенін жақсы білеміз. Сол кезде Самат Сымақов, Андрей Карпович, Нұрбол Жұмасқалиев сынды жігіттеріміз жақсы ойын өрнегін көрсетті. Өз алаңында Сербияны тізе бүктірді. Оны іріктеу кезеңіндегі алғашқы ерлігіміз деп бағаласақ болады. Қысқасы, аталған тәжірибелі футболшылар сырт алаңда Бельгиямен тең түсіп қайтты. Сырт алаңда Грузия, Армения секілді құрамаларды қапы қалдырдық. Қазірга табысымыздың кішкене болса да, алғышарты сол кезде жасалды деуге негіз бар. Сол себепті бізге әзірше жігіттерге үлкен салмақ салғанымыз дұрыс емес деп санаймын.

- Елімізде футболды дамыту үшін қандай мәселелерге көңіл бөлуіміз тиіс?

- Өткенге көз салсақ, кейбір іріктеу кезеңінде он ойынның біреуінде тең түсіп, қалғанында жеңіліске ұшыраған кезіміз болған еді. Андорра секілді осал қарсыласты екі мәрте жеңгенімізге қуанғанымыз күні кеше. Фарер аралдарын әрең тізе бүктіргенімізді ұмыта алмаймыз. Сондықтан біздің ұлттық құраманың аутсайдерлік көңіл-күйден енді-енді арылып келеміз. Сол себепті жанкүйерлер «құраманың қадамы қалай аяқталар екен» деп артық жүк артқанымыз жөн болмас. Ең бастысы, олардың ойынына тілеулес болғаннан артық ештеңе жоқ деп санаймын.
Айта кетсек, ұлттық құрама мықты болуы үшін алдымен ел бірінщілігі мықты болуы тиіс. Ол үшін инфрақұрылым мәселесі жоғары деңгейде болғаны талап етіледі. Өкінішке қарай, қазірге дейін осы екеуі ақсап келді. Бұл бағытта біршама өзгерістер бар. Ал инфрақұрылым мәселесі әлі де ойлантады. Мәселен, қайнаған Қызылорданың өзінде командалар стадионда жасанды алаңда ойнайды. Бұл - түсініксіз нәрсе. Еуропаның төріндегі Альпінің суығы ұратын Словакия мен Словенияның өзі табиғи алаңда ойын көрсетеді.

- Жанкүйерлерге не айтар едіңіз?

- Жанкүйерлік психологияға өзгеріс енгізу қажет деп ойлаймын. «Біздің құрама үнемі жеңіле береді», «Бізден түк шықпайды ғой» деген сыңаржақ пікір, пессимистік ойлар өте көп. Бір сөзбен айтқанда, жанкүйерлер серпілуі қажет деп ойлаймын. Жігіттерге сенім арта білейік. Осы уақытқа дейін жеңілген шығармыз, көштің соңында жүрдік, аутсайдер есебінде саналып келдік. Сол қасаң пікірдің барлығы артта қалғанын ұмытпайық. Сол себепті барлығымыз қазіргі табыстың өзін баянды ету жолында жұмыла жұмыс жасағанымыз артық емес. Қандай жақсылықтар көрініп тұр. Соны аңғарып, қуана білгеніміз жөн. Мәселен, Бактиер Зайнутдинов қазірге дейін ұлттық құрама сапында 12 гол соғып үлгерді. Соны асыға күтетін жақсы атомосфера жасасақ, қандай жарасымды.
Тағы бір айта кетерлігі, өзге елдерде ойнап жүрген футболшылар көшбасшы ұжымдардың негізгі құрамынан табыла бастады. Мәселен, Нұрәли Әліп Ресейдің «Зенит», Бактиер Зайнутдинов Түркияның «Бешикташ», Рамазан Оразов Словенияның «Копер» клубында алғашқы минуттан жасыл алаңға шығады. Бұл клубтардың барлығы - өз елінде алдыңғы орында келе жатқан ұжымдар. Бұрынғы жылдарда қазақ жанкүйерлері үшін ол өте таңсық болатын. Осындай кішкентай жақсылықтар бар. Осының өзі бізге аз қуаныш емес.
Менің ойымша, қазақстандық құрама әзірге іріктеу кезеңін басынан аяғына дейін бір деммен ойнап шығатын деңгейге жетті деп айта алмаймын. Тәжірибелі команданың өзі дүбірлі додалардан сырт қалып жатады. Ұлттық құраманың толағай табысына қуанатын күндер алда деп санаймын.

- Әңгімеңізге рақмет.

Еске салсақ, 14 қазаннан 15-не қараған түні елорда уақытымен 00:35-де Қазақстан құрамасының Данияға қарсы кездесуі өтеді. Ойын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated