Ұлттық гвардия жауынгерлерін Маңғыстауға жіберу туралы хабарланды, бірақ облыстық әкімдікте "мұндай ақпарат жоқ" деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап Aqnews.kz.
Редакцияға дүйсенбі күні түскен хабарламада "Ұлттық гвардияның әуе ұшақтары ұшып кетті, қазір Ақтауға жеткен шығар. Кем дегенде екі борт кетті" делінген.
ҚазТАГ агенттігі ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Оразға, ІІМ баспасөз қызметінің WhatsApp ресми нөміріне, сондай-ақ Маңғыстау облысы полиция департаменті мен әкімінің баспасөз қызметіне осы ақпаратты растау, теріске шығару немесе түсініктеме беру туралы өтініш жолдаған. Алайда, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаев "Мұнда ондай ақпараттың жоқ екенін" айтқан.
Полиция өкілдері де бұл ақпарат дайындалған кезде ешқандай түсініктеме бермеген. Естеріңізге сала кетейік, 2 қаңтар күні Жаңаөзен тұрғындары жаппай көшеге шығып, сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап еткен болатын. Наразылыққа жауап ретінде жергілікті билік "нарықтық жағдайларға" сілтеме жасай отырып, бағаның өсуіне "нақты себептер" бар екенін айтты, бірақ бұл түсініктеме жергілікті тұрғындардың көңілін көншітпеді. Өз кезегінде Маңғыстау облысының әкімдігі автокөлік иелеріне "түсіндіру жұмыстарын" жүргізу туралы мәлімдеді. Кейін газ бағасына ашуланған автокөлік иелері Маңғыстауға Нұр-Сұлтаннан жауапты адамдардың келуін талап етті. Туындаған шиеленіске байланысты Энергетика министрлігі газға баға белгілеудің теңгерімділігі туралы мәлімдеді. Биліктің талаптарына қарамастан, көгілдір отын бағасының өсуіне наразы адамдар қараңғы түскеннен кейін де көшелерді жауып тастады. Азаматтардың пікірінше, бағаның өсуі басқа тауарлардың, ең алдымен азық – түліктің қымбаттауына себеп болмақ.
3 қаңтарға қараған түні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де жағдайға үн қатып, Үкіметке тапсырма бергенін мәлімдеді. Бүгін аймақтағы жұмысшылардың тағы бір бөлігі газ бағасының жағдайына байланысты ереуілге шығамыз деп қорқытқан. Белгілі болғандай, Маңғыстау облысында наразылық білдірушілердің саны артып келеді, полицей көліктері байқалды, сонымен қатар ірі елді мекендерде Интернетке шығу мәселелері туындаған.
"Біз бағаның өсуіне байланысты өз талаптарымызды қоямыз – газға, тамаққа бағаны төмендету керек", - деді жергілікті тұрғын жиналыстардың бірінде.
Қазірде ҚазТАГ редакциясына өңірдің әр түкпірінен бейнекадрлар келіп жатыр. Бейнежазбаларда жергілікті тұрғындар мен еңбек ұжымдары бағаның өсуіне наразылығын білдіруде.
"Бағаны Т95-98 аралығында ұстап тұрмыз, Ақжігітте (Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы ауыл)газ Т90, Боранқұл жанармай бекеттерінде газ Т95. Өзен тұрғындары мәселені төтесінен қойып тұр, бірақ біз бағаны төмендетіп бұл мәселені шеше алмаймыз. Газдың бағасы электронды сауда алаңы арқылы анықталады, жергілікті кәсіпкерлер сауда - саттыққа қатысып, сатып алады", - деп жиналғандарға жауап қатқан ер адам бейнежазбалардың бірінде. Сонымен қатар, тағы бір бейнежазбада бірнеше жеңіл полиция көліктері қоршаған полиция автозак көлігі көрінді.
Aqnews.kz