Адамзат тарихында көктемді табиғат жаңаруының бастауы ретінде қарсы алу дәстүрі бұрыннан бар. Тарихи деректерге сәйкес, Наурыз мейрамы осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған әлемдегі ең көне мерекелердің бірі. Ол парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Наурыз біздің елімізден бөлек мемлекеттік мереке ретінде Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия елдерінде атап өтіледі.
Атақты шайыр және ойшыл Омар Хайям шығыстық күнтізбеге ғылыми негіздеме берген «Наурызнама» атты еңбегінде: «Үлкен жылдың төрт бөлігі аяқталған кезде үлкен Наурыз туады, сол кезде әлем жаңарады. Бұл кезде патшалардың дәстүрі бар – жыл басында олар бата беру, күнді белгілеу, шаттыққа бөлену рәсімдерін өткізуге тиіс. Наурыз күні сауық-сайран құрып, қуанышқа бөленген адам келесі Наурызға дейін қуаныш пен шаттықта өмір сүреді. Патшалар үшін бұл дәстүрді ғалымдар бекітіп берген», деп жазады.
Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурызнама» атты еңбегінде қазақ даласында Наурызды сегіз күн тойлаудың салты мен тәжірибесі туралы айтады. «Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі.
Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» деп. Қазақтың «Наурыздың келгенін жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі» деген сөзінің шешімі осы», дейді ол.
Хакім Абай болса, «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты қолжазбасында Наурызнама туралы: «Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен», деген деректі келтірген.
Кеңестік тоталитаризмнің қылышынан қан тамып тұрған кезде, яғни 1926 жылы ислам дінінің сарқыншағы, өткен заманның белгісі деген қате пікір салдарынан тыйым салынған Наурыз мерекесі 1991 жылғы 15 наурыздағы Қазақ КСР Президентінің Жарлығына сай қайтадан тойлана бастады. Сол уақыттан 22 наурыз, яғни көктемгі күн мен түннің теңескен күні «Наурыз мейрамы» деп жарияланса, 2009 жылдан бастап мереке 21-23 наурыз аралығында қатарынан үш күн атап өтіле бастады.
Халқымыздың ұлттық дүниетанымымен, салт-дәстүрімен сабақтасқан Ұлыстың ұлы күнінің халықаралық деңгейде де мойындалып жатқаны көңіл қуантады. 2009 жылы ол ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілсе, 2010 жылғы 23 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп жариялады. Енді, міне, Президент бастамасымен жер-көктің қайта түлеп, жаңаруын аңғартатын көктем мерекесіне айрықша мән беріліп отыр. Осыған орай, биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ашықтықты, шынайылықты, қайырымдылық секілді ең жақсы адами қасиеттерді насихаттауға бағытталған.
Наурызнама онкүндігінің әрбір күніне атау беріліп, сол тақырып аясында атап өтілмек. Мәселен, алғашқы күні, яғни 14 наурыз – Көрісу күніне арналып отыр. 15 наурыз – Қайырымдылық, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – Шаңырақ, 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару, 20 наурыз – Ұлттық спорт, 21 наурыз – Ынтымақ, 22 наурыз – Жыл басы, 23 наурыз Тазару күні ретінде тойланды.
Бүгін, міне, онкүндіктің алғашқы күні, Көрісу күнін атап өтіп отырмыз. Бұл мерекені ежелден еліміздің батыс облыстарында және Ресейдің кейбір өңірлерінде Наурыздың алдында жаңа жыл басталғанын сүйіншілей келетін әрі Ұлыстың ұлы күнімен сабақтас тойланады. Бұл күн – Жер-Ананың, жалпы тіршілік атаулының көктемгі жаңаруы мен оянуының бейнесі. Отбасындағы және қоғамдағы жылылық пен татулыққа негізделген мерекеде жасы кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем береді, ақсақалдардан бата сұрайды. Барлық ренішті ұмытып, айналамыздағы адамдарға шынайы мейірімділік көрсетуге шақырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Амал» біздің ұлттық бауырмалдығымыз бен мейірімділігіміздің көрінісі екенін айтып жүр.
Еліміздің батыс өңірінде өмір есігін ашқан біз үшін бала кезден Көрісу күні жыл он екі ай ішіндегі ең есте қалатын әрі әсіресе жас жеткіншектер асыға күтетін мерекелердің бірі еді. Бұл күні аса бір мерекелік той-думан, жөн-жоралғы жасалмайтын. Оның ең басты дәстүрлі амалы – таныс адамдарыңның бәрімен қол алысып көрісу, бір-біріңе «Жаңа жасыңмен!», «Бір жасың қайырлы болсын!» деп тілек айтысу болатын.
Біз, ауыл балалары, бұл күнді асыға күткеніміз сондай, таң азанмен тұрып ең бірінші жасайтын тірлігіміз – қолымызға дорба, сөмке ұстап, қалтасы үлкендеу киім киіп, көршілерден бастап үй-үйді аралауға шығатынбыз. Ауыл тұрғындары да таң атпай есік қағып, көрісуге келетін балалардың көп болатынын біліп, алдын ала дайындалып, қыс бойы сандығының түбінде сақтаған түрлі тәтті-пәттісін шығарып, сәлем бере келген жеткіншектердің қолына ұстатуға әзір отыратын. Көрісу күні біз басқа уақыттарда жемейтін, үй-үйді аралап жинаған тағам мен кәмпиттің небір түрінен ауыз тиіп, қалтамызға сыйғыза алмай бір жасап қалушы едік. Тіпті көп үйлер таң атпастан дастарқан жайып, келген адамдарды бірден төрге оздырып, ең құрығанда бір кесе шай бермей жібермейтін. Сол күні бүкіл ауыл бір-біріне туыс жандардай болып шыға келетін. Шынын айтқанда, ол уақытта балалар үшін Көрісу күнінен әсерлі әрі есте қалатын басқа мереке жоқ сияқты еді. Біз бұл күнді бүкіл Қазақ елі тойлайтын шығар деп ойлағанымыз рас. Кейін білгеніміздей, оны тек еліміздің батыс өңірлері мен Ресейдің Астрахан, Волгоград, Сарытау, Самара, Орынбор секілді кейбір облыстары және Қарақалпақстанның қазақтар көп шоғырланған жерлерінде ғана атап өтіледі екен. Ал Маңғыстау өңірінде оны «Амал мерекесі» деп атайтынын білдік.
Аты айтып тұрғандай, 14 наурызда таңертеңнен кешке дейін адамдармен қол алысып көрісуден қол босамайтын. Бұл мерекенің көп адам біле бермейтін тағы бір ерекшелігі – 14 наурызда кездесіп үлгермеген адамдармен одан кейін көргенде де амандасу міндет. Тіпті сәуір, мамыр айларында кездесе қалғанда да арнайы қол алысып, жаңа жасқа шығуымен құттықтап жатады.
Өкінішке қарай, кейінгі кезде әлеуметтік желілерде кейбір тарихшылар мен этнографтардың «Қазақта көрісу күні атты мейрам жоқ» деген негізсіз пікір айтып жүргенін көзіміз шалып қалады. Бәлкім еліміздің басқа өңірлерінің тұрғындары үшін бұл «жаңалықтың» бәлендей сөкеттігі жоқ шығар, бірақ бала кезден осы күннің әсерін сезініп өскен біз үшін мұның төбеден жай түсіргендей жағдай екенін айтпасқа амал жоқ.
Көрісу күні атты мерекенің бар болғаны өз алдына, оның тарихы тым тереңде жатқанын тарихшылар да растайды. М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевтің айтуынша, Көрісу күнінің қай уақыттан бастау алатынын және атап өтілу аймағы Кіші жүз аумағымен шектелуінің құпиясын ашу үшін өлке этнографиясының ерекше қыры мен сырына тереңірек үңіліп, өңір тарихының тұңғиығына бойлай түскен жөн. «Көрісу ғұрпының тамыры қайда жатқанын індете зерттеген этнографтар мен тарихшылар аталған салттың төркінін көне түркі-монғол дәстүрімен байланыстырып жүр», дейді ол.
«Мәселен, Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт зерттеген Андрей Астафьев «Көрісу күнінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарда жатқанына» зер салса, тарихшы Асылбек Байтанұлы «Шаған (Цаган сар) – моңғол халқының дәстүрлі жаңа жыл мерекесі күнінде тойланатын «Золгох» (Жолығу) дәстүрі мен «Көрісу» күнінің тұспа-тұс келуінде ерекше мән бар екеніне» көңіл бөледі. Алтын Орда заманынан күні бүгінге дейін еш өзгеріссіз жеткен қаламыздағы бірнеше топонимикалық атауға келсек, жер-су атауларының моңғол қабатынан көптеген мысал келтіруге болады. Мысалы, Шаған, Шыңғырлау, Нарын, Сайхын, Далбын, Шоңай, Жәнібек, Шағатай, Түмен, Мұқыр, Қалдығайты, Жымпиты, Бұлдырты, т.б. Бір қызығы Орал қаласы Жайық өзені мен моңғолдың жаңа жыл мерекесі Шаған (моңғолшадан аударғанда «ақ өзен», «пәк су» деген мағынаны білдіреді) атымен аталатын өзеннің тоғысқан жерінен орын тепкен. Өзеннің бұлай аталуы да кездейсоқ емес сияқты», дейді тарихшы.
Таңданарлығы сол, тарихи деректер ХV ғасырға дейінгі Ресейде де 14 наурыз Жыл басы ретінде дүркірей тойланғанынан хабар береді. «Атағы айға жетіп, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» боп тұрған Алтын Орданың айбынды хандарына салық төлеп, пұшайман күйге түскен қоңсыларымыздың жай-күйі көз алдыңа келеді», дейді ғалым.
Президенттің тікелей бастамасымен Наурызнама онкүндігі аясында Көрісу күніне айрықша маңыз беріліп отырғаны бұл мерекенің енді тек батыс өңірлері емес, жалпы ел көлемінде қайта жандануына жол ашады деп үміттенеміз. Қыстың ызғары кетіп, шуақты көктем басталғанда келетін бұл айтулы күннің батыс облыстарда бұрынғы деңгейінен түспей аталып өте беретіні сөзсіз. Алайда оның мәнін жаңа заманға сай аша түсу – орынды бастама. Тарихшы пікірінен байқағанымыздай, Көрісу күнінің қай уақытта тарих сахнасынан орын алғаны туралы бір тоқтамға келген пікір жоқ. Дегенмен де, оның шығу төркіні тереңде жатқаны талас тудырмайды. Бұрын қазақ халқы көшпелі ғұмыр кешкені мәлім. Үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанның аман-есен шығуы киіз үйде тұратын жұртшылық үшін бүгінгі кезге қарағанда әлдеқайда қиын болғаны белгілі. Қар еріп, жер жіби бастағанда шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен көрісетін. «Бір жасқа шығуыңмен!» деген тілектің артында «Қыстан аман шығып, жаңа жылға қадам басуыңмен» деген ой жатады, дейді білетіндер.
Наурызнама онкүндігі аясында 14 наурыздан бастап «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланып, жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер қарастырылмақ. Бұл дәстүр ел жаңаруының жаршысы ретінде табалдырықтан аттағалы тұрған Ұлу жылын зор үмітпен және нық сеніммен бастауға жақсы себеп болады.