Көктемгі егіс науқанында дизель отыны шаруаларға өткен жылғы бағамен беріледі – Энергетика министрі

Көктемгі егіс жұмыстары кезінде қажетті дизель отынының бағасы 20 өңірде де былтырғы деңгейде сақталады. Осылай деп мәлімдеген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев шаруалар үшін көктемгі дизельдің бағасы қанша болатынын атады.

Үкімет отырысында Энергетика министрі шаруаларды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сәтқалиевтің хабарлауынша, 2023 жылы көктемгі дала жұмыстарына 419 мың тоннаның 402 мың тоннасы немесе 96 пайызы тиеп-жөнелтілген. Бағасы «МӨЗ қақпасында» ҚҚС-пен тоннасына 222 мың теңге (185 теңге/литр).

«2023 жылы күзгі дала жұмыстарына премьер-министрінің тапсырмасына сәйкес 426 мың тоннаның 326 мыңы немесе 76,6 пайызы тиеп-жөнелтілді. Бағасы барлық 20 өңірдегі межелі станциядағы ҚҚС-пен литріне 250 теңге. 2023 жылы барлығы 845 мың тоннаның 728 мың тоннасы немесе 86 пайызы тиеп-жөнелтілді. 117 мың тонна немесе 14 пайызы талап етілмеді», – деді министр Үкімет отырысында.

Министр операторлардың 728 мың тоннаның 688 мың тоннасын сатқанын мәлмдеді. 40 мың тоннасы сатылмай, олар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер операторларының өңірлік резервуарларында орналасқан. Ол 2024 жылғы көктемгі дала жұмыстары үшін пайдаланылуы мүмкін. Тиеп-жөнелту тек қана облыстардың әкімдіктері айқындайтын оператор-компаниялардың өтінімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Биыл энергетика және ауыл шаруашылығы министрліктері 1 ақпан-30 маусым аралығында «2024 жылғы көктемгі-дала жұмыстарына 340,3 мың тонна дизель отынын жеткізу бойынша кестесін бекітті. 2023 жылдан баға өзгерген жоқ. Барлық 20 өңірдегі межелі станцияда ҚҚС-пен литріне 250 теңге және АЖҚС бөлшек сауда бағасынан литріне 45 теңгеге арзан немесе 15 пайызға төмен, – дейді ол.

Министр егіс науқаны кезінде дизель отынының қозғалысын бақылау мен ашықтықты қамтамасыз ету үшін қабылданған шараларға тоқталды. Мәселен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден дизель отыны үшін жеке ПИН-кодтар алынған. Дизель отынын сары, көк және қызыл түске боялған. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер операторларының ЭШФ АЖ жүйесінде АШТӨ дизель отыны үшін жеке виртуалды қойма құрылған.

Айта кетейік былтыр ауа-райының жағдайына байланысты егін бітік шықпаған еді. Бірақ соған қарамастан қазақстандықтардың нансыз қалмайтынына бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кепілдік берді.

«Биыл еліміздің егіншілері үшін өте қиын жыл болды. Жазда аптап ыстық пен құрғақшылықтан алқаптағы егін қатты зардап шекті. Тамыздан бастап осы күнге дейін үздіксіз жауын-шашын астықтың сапасы мен түсімін төмендетіп жіберді. Қолайсыз ауа-райы диханға да техникаға да қолбайлау болды. Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеваторларға түскен бидайдың 40%-ға жуығы ешқандай класқа жатпайды. Алайда қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі әішкеі нарықты толықтай қамстамасыз етуге жеткілікті», – деді ол.

Премьер-министр фермерлерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары көрсетілгенін айтты. Атап айтқанда әділ сатып алу бағасы белгіленіп, айыппұл санкцияларын қолданбай несиелер мен қарыздарды қайтару мерзімдері ұзартылған. Жеңілдетілген дизель отыны, оның ішінде астықты кептіру үшін қажетті отын көлемі бөлінген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated