Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: Шамалғанда айналма жол салу – үлкен шығын

Фото: Tengrinews.kz

Шамалғандағы апатқа байланысты теміржол өткеліне жауапты маман тергеуге алынды. Ішкі істер министрлігі апаттың алдын алуы тиіс қызметкердің кінәсі бар-жоғын анықтайды. Ал бір адам өліп, жолаушы жараланған оқиғаға қатысты тергеу басталып кетті. Іс Қылмыстық кодекстің 345-ші бабы бойынша жүргізілуде.

Өткелден күн сайын 65 пойыз өтсе, шамамен 10 мың көлік екі ортаны жалғайды. Осыдан-ақ өткелдің халық үшін маңызын бағамдай беріңіз. Шенеуніктер де бұдан хабардар. Алайда айналма жол салу қып-қызыл шығын деп қарап отыр.

"Қазынадан бөлінетін миллиондарды айтпағанның өзінде, 70ке жуық үй мен 2 жанармай бекетін сүру керек. Бұл – үлкен шығын. Мұндай оқиғалардың алдын алуға аталған өткел қосымша күзет сигнализациясымен ғана емес, көліктің өтіп кетпеуін қамтамасыз ететін кедергілік құралдарымен жабдықталған болатын", - дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Шлагбаум мен металл құрылғыға және алдында кептеліп тұрған басқа көліктерге қарамай автобус жүргізушісі қоршаудың арғы жағына қарай өткен. Ал пойыз оқиға орнына екі жарым мың метрге жақындаған кезде дауыс сигналы автоматты түрде қосылыпты. Машинист 500 метр қалғанда тежегішті басқанымен апаттан қашып құтыла алмаған.

"Жолкөлік оқиғаларының 96 пайызында жүргізушілердің өзі кінәлі болып шығады. Барлық теміржол өткелдеріне жақындағанда пойыздың жүретінін ескертетін жол белгілері тұрады. Үш жолақ, екі жолақ, содан кейін бір жолақтан кейін «Стоп» деген белгіні көресіз. Осыдан кейін міндетті түрде жан-жаққа қарап, пойыз бар ма, жоқ па, көз жеткізіп алу керек. Жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту керек", - дейді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев.

Айта кетейік, апатқа ұшыраған «Setra» маркалы автобус техникалық жарамдылығы туралы құжатының мерзімі шілдеде өтіп кеткен. Одан кейін тексерістен өтпепті.

Аталмыш оқиғадан соң атқамінерлер келер жылы көпір құрылысын бастайтынын айтты. Бірақ ол дәл кешегі оқиға болған өткелде емес, басқа аумақта салынады. Роман Склярдың мәліметінше, құжаттарды дайындауға шамамен 3-4 ай қажет.

Дереккөз: Ktk.kz 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated