Спорттық іс-шараның мақсаты – жастарды патриотизмге тәрбиелеу, білім беру мекемелерінде спорттық және бұқаралық жұмыстарды ұйымдастыру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
«Спартак» футбол алаңында болған турнир мини-футбол жүйесі негізінде 5+1 форматында өтті. Теңбіл доп жарысына жоғары оқу орындарынан жасақталған 16 команда қатысты.
Ашылу салтанатында «Жастар Үні» жастар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Асхат Қасенғали: «Бүгінгі футбол турнирі жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, оларды патриотизм рухында тәрбиелеуге және студенттік футболды насихаттауға бағытталған. Турнирға Алматыдағы жоғары оқу орындарынан жасақталған 16 команда қатысады. Турнирдің абыроймен өтетініне сенімдімін. Турнирді ашық деп жариялаймын! Командаларға сәттілік тілеймін!», - деп турнирдің қатысушыларын құттықтап сөз сөйледі.
Бірнеше сағатқа созылған турнирдің жеңімпазы «Ақтөбе» футбол командасы атанып, 500 000 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Ал екінші орынды «LEICESTER», үшінші орынды «Бақанас» футбол командалары қанжығаларына байлады. Аталған жарыс жеңімпаздары 300 000 мың және 200 000 мың теңге қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, турнирге қатысушы жастар сумен, тамақпен қамтамасыз етілді.