2023 жылы республикалық бюджеттен 2,3 млн адамға 3,3 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 1 трлн 16,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 трлн 297,4 млрд теңге бөлінді, деп хабарлады Aqnews.kz
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақының өсуі 10,5%-ды (инфляция деңгейінен 2%-ға ілгерілеп) құрады. Сондай-ақ, ең төмен күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері ұлғайтылды.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 744 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 82 868 теңге, базалық зейнетақы – 37 876 теңге.
1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны 2 млн 344 мың адамды құрады, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында.
«2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес ынтымақты зейнетақы мөлшері биылғы 1 қаңтардан бастап 9%-ға өсті.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына, сондай-ақ ең төмен мөлшердің 60%-дан 65%-ға, ең жоғары ең төмен күнкөріс деңгейінің 100%-дан 105%-ға дейін ұлғаюына байланысты арттырылды.
Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жиынтық зейнетақының ең төмен мөлшері 77 417 теңгеден (2023 жылы) 86 068 теңгеге дейін ұлғайтылды.