Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform ақпараттық агенттігіндегі әріптестерміздің апталық шолуын ұсынамыз.
Апта басында кәсіпкер Қайрат Боранбаев Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті болып қайта сайланды.
«Мен Паралимпиада федерациялары өкілдерінің бірауыздан шешімімен ұлттық паралимпиада комитетінің президенті болып сайландым. Мені қолдағандардың бәріне алғыс айтқым келеді. Мен үшін бұл өте маңызды қызмет. Біз Қазақстанда паралимпиадалық қозғалысты дамыту жөніндегі ауқымды стратегиямызды іске асыру жолындамыз. Соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмаймыз. Жоспарымыз көп», - деді Қайрат Боранбаев өзінің әлеуметтік парақшасында.
Оның айтуынша, бүгінде Франция астанасы Парижде жалауын желбірететін Паралимпиада ойындарына қызу дайындық жүріп жатыр. Жыл соңына дейін Астанада жаңа жаттығу орталығының құрылысы басталмақ. Сондай-ақ «Тарлан» инклюзивті мұз айдынын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек паралимпиадашыларға арналған заманауи тренажерлер сатып алынбақ.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің бұйрығымен Жанна Рашидқызы Есенбекова ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Жанна Есенбекова 1982 жылы 25ақпанда туған. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Құқықтану» мамандығын меңгерген.
2002-2004 жылдары еңбек жолын Қарағанды облысының Әділет департаментінде жетекші маман ретінде бастады.
2004-2005 жж - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментінде бас маман болып жұмыс істеді. Сол жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы басқармасына бас маман болып ауысты.
2005-2008 жж- ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология басқармасының халықаралық ынтымақтастық және құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы болды.
2008-2012 жж- ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің мемлекеттік қадағалау, іс жүргізу және мемлекеттік тіл мониторингі басқармасының бастығы.
2012-2013 жж- ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің мемлекеттік бақылауды мониторингтеу және талдау басқармасының басшысы.
2013-2015 жж- ҚР ИЖТМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің мемлекеттік бақылауды мониторингтеу және талдау басқармасының және ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің мемлекеттік бақылауды мониторингтеу және талдау басқармасының басшысы.
2015-2017 жж - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің ішкі әкімшілік басқармасының басшысы.
2017 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды, 2018 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ТРМК төрағасының орынбасары болып қайта тағайындалды, ал 2019 жылы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ТРМК төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2019 жылдың сәуір айынан бастап ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша, облыс әкімінің өкімімен Тілеген Әбішев Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Тілеген Ақанұлы Әбішев 1977 жылы туған, білімі жоғары, 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне түсіп, «Тележурналистика» мамандығын, 2012 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде «заңгер» мамандығын иеленген. «Іскерлік басқару» магистрі.
Әр жылдары «Астана», «Хабар 24», «Atameken Business Channel» телеарналарында еңбек еткен. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Н. Назарбаев әуежайы» АҚ баспасөз қызметтерін басқарған. 2020 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені құрылымдарында еңбек етіп келді. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап осы күнге дейін «ҚР Президенті телерадиокешені» ШЖҚ РМК директорының орынбасары қызметін атқарды. «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне Ербол Ізбергенов тағайындалды.
Ербол Күрентайұлы Ізбергенов 1973 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы инженер-құрылысшы. «Іскерлік басқару» магистрі.
Еңбек жолын 1991 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясы құрылыс-жинақтау учаскесінің тас қалаушысы қызметінен бастаған. Әр жылдары өңірлік деңгейдегі құрылыс мекемелерінде, Ақтау қаласы әкімдігінде еңбек етіп, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде басқарма басшысы болып еңбек еткен.
2019-2020 жылдары «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймақ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кейін «Атамекен» республикалық кәсіпкерлік палатасының директоры болды. 2020-2023 жылдары аралығында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары және Ақтау қаласы әкімінің лауазымдарын атқарды.
Атырау қалалық мәслихатына жаңа төраға сайланды. Енді бұл лауазымды Бейбіт Мырзағалиев атқаратын болды.
Бейбіт Темірбекұлы 1984 жылы 9 қараша Исатай ауданында дүниеге келген. 2006 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітіріп, тарих және география пәнінің мұғалімі мамандығын алған.
Еңбек жолын Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінде тарих және география пәнінің оқытушысы болып бастаған. 2008-2018 жылдары «Нұр Отан» партиясы Исатай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Аққыстау орта мектебінің директоры, Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы, Исатай ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.
2020 жылдан бері «AMANAT» партиясы Атырау қалалық филиалының төрағасы, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалынла ұйымдастыру және бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі болған. Атырау қалалық мәслихатының VII, VIII шақырылымдарының депутаты болып сайланып, фракцияға жетекшілік еткен.
Аббат Өрісбаев Маңғыстау облысы әкімінің қаржы-экономикалық мәселелері бойынша орынбасары тағайындалды
Аббат Жәңгірханұлы Өрісбаев 1981 жылы туған, білімі жоғары, 2002 жылы Халықаралық еңбек академиясын «қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. Ол әр жылдары «Тұран Әлем Банкі» АҚ, «Темiрбанк» АҚ, «Альянс Банк» АҚ түрлі лауазымдарда еңбек етті. 2015 жылдың шілде айынан бастап осы күнге дейін «ForteBank» АҚ Ақтау қаласы филиалының директоры қызметін атқарып келді.
VI, VII сайланған Маңғыстау облыстық мәслихатынын депутаты, экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болды.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне ресейлік маман Станислав Черчесов тағайындалды.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы ресми түрде хабарлады.
Станислав Черчесов футболшы мансабында Ресейдің «Спартак» (Орджоникидзе), «Спартак» (Мәскеу), «Локомотив» (Мәскеу) және Германияның «Динамо» (Дрезден) клубтарында ойнаған.
Бапкерлік қызметінде Ресейдің «Спартак» (Мәскеу), «Жемчужина», «Терек», «Амкар», «Динамо» (Мәскеу) сынды командаларда еңбек етті. Сондай-ақ ол Ресей құрамасы, Польшаның «Легия», Венгрияның «Ференцварош» командаларында бас бапкер болды.
Бапкерлік мансабында Ресей чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Польша чемпионы, Польша кубогының жеңімпазы атанды. Оған Венгрияның екі мәрте чемпионы және кубогының иегері болды. Ресей құрамасымен 2018 жылғы әлем чемпионатының 1/4 финалына дейін жетті.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Тимур Мекешұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, ТМД Жарғылық органдарының жанындағы Тұрақты өкіл қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Тимур Жақсылықов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тарихшы мамандағы бойынша, Саяси зерттеулер институтын саяси ғылымдар және мемлекеттік басқару магистры, Қазақ экономика және қаржы институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1985 жылы Шығыс Қазақстан геологиялық басқармасының 2-разрядты жұмысшысы болып бастаған.
1993-1997 жылдары — Қазақстан агротехнологиялық университетінің атқарушы ректоры.
1997-1998 жылдары — ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің бас маманы, бөлім басшысы.
1998-2003 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің құрылымында жұмыс істеді.
2003-2004 жылдары — ҚР Индустрия және сауда министрлігінің ДСҰ-ға кіру жөніндегі департаментінің директоры.
2004-2005 жылдары — ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Женева қаласындағы тұрақты өкілдігінде бөлім басшысы – ДСҰ мәселелері жөніндегі министрлік өкілдері тобының жетекшісі.
2005 жылғы шілде-қараша аралығында — ҚР Сыртқы істер министрлігінің Швейцария Конфедерациясындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы.
2005 жылғы қараша – 2006 жылғы ақпан аралығында «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарды.
2006 жылғы ақпан-қазан — ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» РМК бас директорының м. а.
2006 жылғы қазан – 2007 жылғы қыркүйек аралығында «Астананы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС директоры қызметін атқарды.
2007 жылғы қыркүйек – 2008 жылғы сәуір аралығында — Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті директорының міндетін атқарушы, директоры.
2008-2009 жылдары — Астана қаласы әкімінің орынбасары.
2009-2010 жылдары — ҚР индустрия және сауда вице-министрі.
2010 жылғы сәуір-тамыз аралығында — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің комитет төрағасы.
2010-2012 жылдары — «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасы.
2012-2013 жылдары — ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі.
2013-2014 жылдары — ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі.
2014-2017 жылдары — ҚР ұлттық экономика вице-министрі.
2017-2018 жылдары — экономика және қаржы саясаты министрі, Еуразиялық экономикалық комиссия, Мәскеу қаласы.
2018 жылғы қыркүйектен қарашаға дейін — ҚР Президентінің көмекшісі.
2019 жылғы желтоқсаннан бастап қазірге дейін Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі лауазымын атқарды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Сапарұлы Байжанов Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, ТМД Жарғылық органдарының жанындағы Тұрақты өкіл қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.
Талғат Рахымқұлұлы Шалданбай Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Талғат Рахымқұлұлы Шалданбай Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды», - делінген хабарламада.
ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының жаңа басшысы болып Ардақ Мәдиев тағайындалды.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ардақ Еділұы 1969 жылы 28 қыркүйекте Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті және Қазақстан Республикасы СІМ Дипломатиялық академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын ҚР Сыртқы істер министрлігінде бастаған.
1994-2000 жылдары осы министрлікте түрлі лауазымдарда, 2000-2004 жылдары ҚР Премьер-Министр Кеңсесінде сектор меңгерушісі лауазымында жұмыс істеген.
2004 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалған. Ал 2018 жылдан ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры болып еңбек етті.
Қайыржан Қожаев «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің басқарма төрағасы лауазымына тағайындады, деп хабарлайды акционерлік қоғамның баспасөз қызметі.
Қайыржан Ерсайынұлы Қожаев 1981 жылы 22 маусымда Қарағанды облысында дүниеге келген. О.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша түлегі (1997-2002).
Сондай-ақ, Мәскеу авиация институтын «Ұшу аппараттарын сынау» мамандығы бойынша бітірген (2002-2008). «Ғарыштық инженерия» мамандығы бойынша Мичиган университетінің магистрі, Энн Арбор қаласы (2021-2022).
Қазақстанның ғарыш саласында үлкен еңбек өтілі бар. Соңғы 5 жыл бойы «Ghalam» ЖШС Бас директоры – Басқарма төрағасы қызметін атқарды. Жобаларды басқаруда, ұшу аппараттарының сынақ және өндірістік учаскелерін құруда тәжірибесі бар. Сондай-ақ, шетел университеттерінде ұшыру кешендері саласында біліктілікті арттыру туралы дипломы бар.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Данияр Қуанышбаев тағайындалды. Бұл қызметке дейін ол Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды.
Данияр Қуанышбаев 1985 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Рузаев ауданы Гавриловка ауылында дүниеге келген. Жоғары экономикалық білімі бар. 2006 жылы Абай Мырзахметов атындағы университетті, кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдады.
2007 жылы еңбек жолын Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің жетекші маманы болып бастады.
2008 жылы бас маман болып ауыстырылды, ал 2011 жылы нақты секторды дамыту бөлімінің басшысы болып тағайындалды.
2013 жылдың желтоқсан айынан бастап Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының экономика және бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы болды.
2015 жылдың сәуір айынан бастап 2018 жылға дейін осы басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары болды.
Алматы халықаралық әуежайының жаңа президенті болып Гокер Косе тағайындалды.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәлім еткендей, Гокер Косенің әуежай саласындағы операциялық басқару, жоспарлау, инвестициялау, қаржылық менеджмент бойынша 20 жылға жуық тәжірибесі бар.
Гокер Косе TAV Airports холдингіне 2005 жылы қосылды. Азаматтық авиация мен әуежайларды басқару және менеджмент саласында тағылымдамадан өтті. Анкарадағы жаңа Эсенбога әуежайына қатысты (Operational Readiness and Airport Transfer ORAT) бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосты.
2006 жылы ол TAV Airports холдингінің қаржы және стратегия бөліміне шақырылды, осы бөлімде 10 жылдан астам уақыт көптеген жобаны жүзеге асырды. Әуежай жобаларының техникалық және экологиялық сараптамасына, сондай-ақ олардың қаржылық және коммерциялық жоспарлауына белсене қатысты.
Г. Косе сондай-ақ әуежайдың инвестициялық жобаларын, оның ішінде қысқа және ұзақ мерзімді бюджеттік жоспарлау мен қаражат тарту ісін басқарды.
2017 жылы Г.Косе Groupe ADP-де инвестициялар және қаржылық жоспарлау жөніндегі директор лауазымын атқарды. Париждегі Шарль де Голь және Орли әуежайларындағы инвестициялық жобаларды басқарды. Сондай-ақ Groupe ADP-тің үнді бөлімшесі GMR Airports үшін бизнесті дамыту мәселесі бойынша жұмыс істеді.
Гөкер Таяу Шығыс техникалық университетін бітірген. Сонымен қатар Ыстанбұлдағы Босфор университетінде МВА дәрежесіне ие.
Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Олжас Сейтбатталұлы Анафин Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол 1986 жылы дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Қазақ инженерлік-техникалық академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2007 жылы Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық маманы болып бастаған.
2015-2016 жылдары — Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтың бөлім басшысы.
2016-2020 жылдары — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарма басшысы, басқарушы директоры.
2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті.
БҚО әкімінің өкімімен Мадияр Амангелдіұлы Өтешев Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Мадияр Амангелдіұлы 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Білімі жоғары, мамандығы - емдеу ісі. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дәрігер-хирург мамандығы бойынша интернатурадан өткен, іскер әкімшілік басқарудың магистрі дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2004 жылы Жалпақтал ауруханасының дәрігер-хирургі болып бастады. 2005-2011 жылдары Теректі аудандық орталықтандырылған ауруханасының хирургі болды.
2011-2017 жылдары Теректі аудандық орталықтандырылған ауруханасының директоры, 2017-2019 жылдары Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарды.
2019 жылдан бүгінге дейін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы директоры болды.
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып Рашид Блялов тағайындалды. Ол бұған дейін Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары қызметін атқарған.
Рашид Бекетұлы 1973 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген.
2001 жылы Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығы бойынша бітірген. Азаматтық қорғау органдарында 1993 жылдан бастап қызмет істеп келеді.
2012 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық - құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы.
2017-2021 жылдары Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары. 2021 жылдан осы уақытқа дейін Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған.
ІІІ, ІІ, I дәрежелі «ТЖ алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін», «Ішкі істер органдарының ардагері» медальдарымен марапатталған.