Газа секторындағы денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы мүшкіл. Бұл туралы Женевадағы брифинг кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми өкілі Тарик Яшаревич мәлімдеді, деп хабарлайды Aqnews.kz ресейлік ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ ресми өкіл Израильді 1,1 млн тұрғынды сектордың солтүстігінен оңтүстігіне эвакуациялау туралы бұйрығын тоқтатуға шақырды.
«Газа секторындағы денсаулық сақтау жүйесінің хәлі мүшкіл. Газа секторы оқшауланғандықтан отын, су мен азық-түлік, сондай-ақ өмір сүруге аса қажет медициналық және гуманитарлық жүктерді жеткізу мүмкін болмай, гуманитарлық апаттың алдын алу уақыты да азайып келеді», - деп атап өтті Яшаревич.
«БҰҰ басқа да құрылымдарының Израильге жолдаған «Газаның солтүстігінде тұратын 1,1 млн адамды 24 сағат ішінде эвакуациялау туралы бұйрығын дереу тоқтату» туралы мәлімдемесіне ДДСҰ да қосылады. Қазіргі әуе соққыларын ескерер болсақ, азаматтар тығыла алатын қауіпсіз орын қалған жоқ» , - деп түсіндірді ол.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-ға Газаның солтүстігінде ауруханада жатқан әлсіз науқастарды эвакуациялау мүмкін емес екенін жеткізді. Ол жақтағы 760 науқасқа арналған екі үлкен аурухананың мүмкіндігі таусылды, деді ДДСҰ ресми өкілі.
Сондай-ақ Яшаревич Газа секторындағы шиеленіс басталғалы денсаулық сақтау жүйесінің 11 қызметкері қаза тауып, 16-сы жарақат алғанын атап өтті.
Бұған дейін Израиль Газа секторының солтүстігіндегі тұрғындарға алдағы 24 сағат ішінде кетуге бұйрық бергенін хабарлаған болатынбыз. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик мәлім етті. Мұнда шамамен 1,1 млн адам туралы сөз қозғалып отыр. Бұл - Газа секторы халқының жартысы.
Алайда БҰҰ мұндай қоныс аудару гуманитарлық зардапсыз болмайды деп есептеп, бұйрықтың күшін жоюға шақырды.