Бітімгерлерге БҰҰ бюджетінен ай сайын 1,4 мың доллардан аса қаражат төленеді

Миссияда қызмет аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер шипажайларда емделе алады және негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тәулік қосылады.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық әскери қызметшілерді БҰҰ бітімгерлік миссияларына жолдау туралы ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Батыс Сахарада – 6,  Орталық Африка Республикасында – 2, Конго Демократиялық Республикасында – 2, Ливанда – 9 офицер БҰҰ-ның миссияларында қызмет етуде. Голан биіктеріне 139 қазақстандық әскери қызметші жіберілді. Олар миссия мандатына сәйкес, қарама-қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін қолдау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады.
Қазақстандық бітімгерлерге қандай жағдай жасалған?
2014 жылдан бастап 67 қазақстандық офицер БҰҰ-ның Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы және Ливандағы миссияларына әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде қатысып келеді. Ал 2018 жылдан бері 538 қазақстандық әскери қызметші бітімгерлік бөлімше құрамында "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" миссиясына қатысты. Осы орайда қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаменті бітімгерлік қызметі басқармасының басшысы, подполковник Азамат Сисатов бітімгерлерге қандай артықшылықтар қарастырылғанын айтып берді:

бітімгер – әскери қызметшіні әлеуметтік қамтамасыз ету "Бітімгершілік қызметі туралы" заңның 16-бабына сәйкес үш есе ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі;
қызметтің ұзақтығы мен миссия мерзімі жеке есептеледі. Бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде, сондай-ақ бітімгершілік операциясы аймағына бару және кері қайту кезінде ұлттық контингент Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті есебінен азық-түлікпен қамтамасыз етіледі;
бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі операцияларға қатысатын әскери қызметшілер үшін бітімгершілік операциясы аймағында болу мерзімі ұрыс қимылдарына қатысумен теңестіріледі;
бітімгершілік операциядан оралғаннан кейін өзі қызмет ететін мемлекеттік органның қаражаты есебінен күнтізбелік 7 күннен кем емес, бірақ 21 күннен аспайтын мерзімге санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі;
миссиядан өту кезінде бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілеріне ай сайынғы жалақысы үш есе көп төленетін болады. Бұдан өзге, БҰҰ бюджетінен олар ай сайын 1448 доллардан аса қаражат алады.
миссияда қызмет аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер шипажайларда емделе алады және негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тәулік қосылады.

Бітімгерлер қайда білім алады?
Ұлттық бітімгерлік контингентінің мамандарын оқытумен және даярлаумен қорғаныс министрлігінің бітімгершілік операциялар орталығы – KAZCENT айналысады. Бітімгершілік операциялар орталығы 2006 жылы қорғаныс министрлігінің шет тілдер институтында "Бейбітшілік үшін серіктестік" оқу орталығы ретінде құрылған. 2010 жылы орталық одақтастық жоғары трансформациялау қолбасшылығының (SACT) штаб-пәтері болып танылды. Ал 2019 жылы UNSOC және UNPOC орталығының курстары БҰҰ-ның тиісті сертификатын алды.

"Бітімгерлер кең ауқымды құзыретке ие. Орталықта олар әскери іс бойынша оқытылады, дайындық БҰҰ-ның көпұлтты миссияларындағы негізгі қарым-қатынас тілі ретінде ағылшын тілін қарқынды үйренуден басталады. Бітімгерлер әртүрлі тілдік бағыттарда оқытылады. 2023 жылы 200-ден астам әскери қызметші ағылшын, француз, түрік және қытай тілдерінде білім алды. Мамандар "БҰҰ бітімгершілікке кіріспе", "Миссия алдындағы дайындық", "Бітімгершілік операциялардың құқықтық аспектілері", "Қарулы қақтығыстар құқығы", "БҰҰ штабының офицерлері" және "Азаматтық тұрғындарды жан-жақты қорғау" сияқты пәндер бойынша дайындалады. Әскери қызметшілер бітімгершілік қызметті, миссия мандатымен анықталатын бітімгершінің мәртебесі мен міндеттерін, дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ миссияның түрлі компоненттерімен, жергілікті билік өкілдерімен, БАҚ-пен және қақтығысқа қатысатын қарама-қарсы тараптармен өзара әрекеттесуді реттейтін халықаралық заңнаманы зерттейді. Бақылау жаттығулары барысында олар бітімгершілік міндеттер кешенін орындайды, оларды жүзеге асырудың әртүрлі әдістері мен тәсілдерін қолданады. Бұл ретте әскери қызметшілердің әртүрлі стандартты емес жағдайларда шебер әрекет ету, күрделі және күрт өзгеретін жағдайда жүктелген міндеттерді орындау қабілеттері тексеріледі", – деп түсіндірді подполковник Азамат Сисатов.

Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртінде не істейді?
2024 жылғы қаңтарда парламенттің қос палатасы Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын мақұлдады. Оған сәйкес, Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне жіберілді. Әскери құрам БҰҰ-ның миссиясын орындауға осы жылдың наурыз айында кетті. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етеді. Қазақстанның бітімгершілік қызметі тарихында тұңғыш рет ұлттық контингент БҰҰ бітімгершілік операциясына дербес қатысады.

Голан биіктіктері – стратегиялық әрі даулы аймақ. Негізінен таулы жерлер болып келеді. Ливан, Сирия, Иордания және Израильмен шектесіп жатыр. Қазіргі таңда Израиль бақылауында. 1981 жылы Израиль Кнессеті "Голан шыңдары туралы заңды" қабылдады, осы заң бойынша Израиль бұл аймақтың үстінен біржақты суверенитет жариялады. Бірақ 1981 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі аннексияны жарамсыз деп таныды. Жауапкершілік аймағында патрульдеу, бақылау-өткізу пункттерінде қызмет көрсетуді ұйымдастыру, азаматтық халыққа көмек көрсету және миссияның мандатына сәйкес басқа да тапсырмаларды орындау күтілуде. Қызмет көрсету мерзімі – 1 жыл. Бір жылдан кейін кадр ротациясы болады.
Еске салсақ, жуырда 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта ҚР Қарулы күштерінің бітімгерлік контингентін "БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" миссиясына салтанатты түрде шығарып салуға арналған іс-шара өтті. Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу географиясы мен әртараптандырылуын кеңейту президенттің нұсқауы бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Қорғаныс ведомствосының басшысы БҰҰ мен халықаралық қоғамдастықтың мемлекетіміз бен оның қарулы күштерінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ең жауапты міндеттерді орындау қабілетін мойындауының көрсеткіші екеніне тоқталды. 
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов контингент командирі подполковник Жігер Аиповқа Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын табыс етті. Әскери қызметшілер онда жеткен соң біздің мемлекетіміздің нышаны Голан биіктіктеріндегі қазақстандық бітімгерлік базаның аумағына ілінді.

"Бітімгерлік контингенттің жеке құрамы кешенді бітімгерлік дайындықтан өтті және БҰҰ миссиясының мандаты шеңберінде жүктелген міндеттерді орындауға дайын. Қарулы күштердің әскери қызметшілері Қазақстан аумағынан Сирия астанасы Дамаскіге ұшып барып, Фауар бітімгерлік базасына дейін автокөлікпен жетті. Базаның орналасқан жеріне қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау жөніндегі міндеттерді орындауға арналған әскери техника мен мүлік те жеткізілді. Бөлімше жауапкершілік аймақтарын патрульдеу, тосқауыл бекеттерді ұйымдастыру, бітімгерлік базаны күзету және бейбітшілік уағдаластықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті сауытты дөңгелекті машиналармен, камаздармен, шағын автобустармен және жол талғамайтын көліктермен жабдықталған. Ұлттық бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілері БҰҰ миссиясындағы жедел әрекет ету күштерінің іс-қимыл алгоритмімен және базаның инфрақұрылымымен танысып қана қоймай, күнделікті қызметке кірісіп те кетті. Қазақстандық бітімгерлер Ирландияның бітімгерлік контингентінің базасын, істері мен міндеттерін қабылдауда. Алдыңғылары біздің әскери қызметшілерімізге миссия штабы орналасқан Фауар базасы бойынша таныстыру экскурсиясын өткізді. Дәл осы жерден миссияның барлық компоненттері басқарылады", – деді Қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаменті бітімгерлік қызметі басқармасының басшысы.

Ирландиялық әскери қызметшілер жедел әрекет ету күштерінің іс-қимыл тәртібі, функцияларды бөлу бойынша сабақтар өткізіп, Голан жоталарындағы жауапкершілік аймақтары мен мұнда атқарылатын қызмет ерекшеліктерімен таныстырды. Күнделікті қызмет шеңберінде әскери қызметшілер әскери техникаға қызмет көрсетумен және бронды дөңгелекті машиналарға жауынгерлік модульдерді орнатумен, тұрмысты жайластырумен, міндеттерді орындауға дайындықпен айналысады.
Бұдан басқа, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшесі машиналарға жөндеу жүргізетін тұрақ-гараж жабдықтарын, қолда бар қару мен оқ-дәрілерді сақтауға арналған арнайы контейнерлерді орнатумен айналысады.

"Голан жоталарында қазақстандық бітімгерлер алғашқы жаттығуын пысықтады. Қазақстандық бітімгерлік ротаның жедел әрекет ету күштері ирландиялық әріптестерімен жараланған адамды эвакуациялау бойынша бірлескен жаттығу өткізді. Дабылмен көтерілген бөлімше тез арада Голан жоталарында БҰҰ миссиясының жауапкершілік аймағындағы базадан бірнеше шақырым жерде орналасқан бақылау бекетіне кетті. Жаттығудың бірінші кезеңінде бекеттің аумағын тазарту және тексеру жүргізілді. Содан кейін медициналық бөлім жараланған адамға жедел көмек көрсетті. Ол арнайы жабдықталған бронды дөңгелекті көлікпен эвакуацияланды", – деді Азамат Сисатов.

Қазақстандық бітімгерлер миссияның жауапкершілік аймағындағы бақылау бекеттерін күшейтуге жауапты екенін атап өткен жөн. Қажет кезде олар эвакуация да жүргізеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated