"30 пайызын жоғалтамыз". Ғылыми кітапханадағы басылымдарға қандай қауіп төніп тұр

Кітап қорының температурасын дұрыстап тұратын аппараттар істен шыққан.

Парламент мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: "Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды" деген болатын. Әсіресе, бір ғасыр бұрын ашылған тарихи кітапханалардың маңызы ерекше. Осы орайда Ардақ Назаров Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Орталық ғылыми кітапхананың жағдайына тоқталды.
Оның айтуынша, 1932 жылы ашылып, 1945 жылы Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен жеке "Орталық ғылыми кітапхана" статусын алған кітапханада қазір 6 миллионға жуық басылым сақтаулы. Әрі бұл Қазақстандағы ең бай ғылыми қор болып саналады. Мұнда қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты ең үлкен қолжазбалар қоры және 130 тілдегі ғылыми басылымдар сақтаулы.

"Өкінішке қарай, мекеме атауы "Орталық ғылыми кітапхана" деп аталғанымен, кітапхана мәртебесі жоқ. Яғни, "Ғылым ордасы" РМК мекемесінің бір бөлімі ғана болып отыр, жеке кітапхана болып саналмайды. Содан да болар, ұлт руханиятының қарашаңырағы аянышты халде", – деді мәжіліс депутаты.

Ардақ Назаров Орталық ғылыми кітапханадағы құнды қолжазбалар жойылу алдында тұрғанын айтты.

"Кітапхана қорындағы ХІІ-ХVІІІ ғасырлар арасын қамтитын құнды мұралар, әл-Фараби, Әлішер Науаи, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әбубәкір Диваев, Әлкей Марғұлан сынды ірі тұлғалардың қолжазбалары, Абылай ханның хаты, 3 метрлік орама матада жазылған "Қазақ хандарының шежіресі", 12-ғасырда бұзау терісіне жазылған 26 метрлік "Тәурат" кітабының қолжазбасы сақталған. Одан бөлек, 20 мыңнан аса құнды қолжазба бар. Олардың көбі әлі кітап болып басылып шықпаған", 

Парламент мәжілісінің депутаты кітап қорының сақталу мәселесіне тоқталды. Айтуынша, кітапхананың санитарлық нормалары да дұрыс сақталмай тұр.

"Қордың температурасын дұрыстап тұратын аппараттар істен шыққан, оларды қайта жабдықтау керек. Қазірдің өзінде қордағы басылымдар кеуіп, үгітіліп бара жатыр. Осылай жалғаса берсе, 5-10 жылда басылымдардың 30%-ын жоғалтамыз. Сондай-ақ, реставрация жасайтын орталық болғанмен, онда басылымдарды өңдейтін арнайы материалдар жоқ. Қаржы бөлінбесе, кітапхана өте қымбат бағаға шетелден алдыра алмайды", – деді ол.

Ардақ Назаров кейінгі 10 жылда кітапхана ғылыми басылымдармен толықпағанын, шетелдің үздік ғылыми басылымдарын айтпағанда, Қазақстандағы басылымдарға да қолы жетпей отырғанын айта кетті. Тіпті, 3 жылда мерзімді басылымдарды да толық алмаған. 2022 жылы соңғы 6 айға (яғни, шілде-желтоқсан айларына), 2023 жылы соңғы 4 айға (яғни, қыркүйек-желтоқсан айларына) ғана мерзімді басылымдарға жазылған.

"Биыл мерзімді басылымдарға әлі жазылмаған. Қай айдан бастап алатыны да белгісіз. Бір қызығы, Мемлекеттен мерзімді басылымдарды жаздырып алуға ақша бөлінеді. 2022 жылы 30 млн теңге, 2023 жылы 23 млн теңге қаржы бөлінді, бірақ нақты жазылу уақыты келгенде белгісіз себептермен бөлінген қаржы азайып кетеді. Яғни, 2023 жылы 17 млн теңгеге жазылған. Оның себебін кітапхана басшылығы білмейді. Мемлекет бөліп отырған қаржы қайда кеткенінен ұжым бейхабар", – деді Ардақ Назаров.

Депутат Орталық ғылыми кітапханада маман тапшы екенін, олардың еңбекақысын көтеруге қаржы бөлінбейтінін айтты. Осыдан 30 жыл бұрын Орталық ғылыми кітапханада 305 қызметкер жұмыс істеген болса, қазір 32 маман ғана қызмет етеді. Себебі маман тұрақтамайды, мардымсыз жалақыға ешкім келмейді. Айтуынша, 30-40 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан өте тәжірибелі кітапханашылардың өзі 100 мың теңгенің төңірегінде ғана айлық алады. Ал кітапханада атқарылатын жұмыс шаш етектен.

"Кезінде 300-ден астам маман істеген жұмысты бас-аяғы 30-ға да жетпейтін қызметкерлер қалай атқарсын?! Маман тапшылығына байланысты кітапхананың электронды каталогы толық жасалмай отыр. Қазір 30% қор электронды каталогқа енді, 70% қорды оқырмандар қағаз жәшіктерден кітапханаға келіп қана қарай алады. Президенттің тапсырмасы бойынша, еліміздегі кітапханашылардың жалақысы жыл сайын көтеріліп жатыр. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, Орталық ғылыми кітапхана "Ғылым ордасы" РМК мекемесінің бір бөлімі ғана. Яғни, кітапхана статусы жоқ. Сол себепті, қызметкерлердің жалақысы 100 мың теңгеден ары өспей отыр. Мұндай айлыққа еліміздің ең үлкен мегаполисінде күн көру оңай емес", – деді мәжіліс депутаты.

Ардақ Назаров осы мәселелерді шешу үшін мынандай нақты ұсыныстарды айтты:

Орталық ғылыми кітапханаға жеке "кітапхана" мәртебесін беру керек. Яғни, "Ғылым ордасы" РМК мекемесінің бір бөлімі емес, дербес кітапханаға айналуға тиіс;
Бір ғасырға жуық уақыттан бері жиналып келе жатқан құнды кітаптар мен мерзімді басылымдарды күтімге алып, сақтау үшін арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілу керек;
Кітапханаға оқырмандар сұранысын қанағаттандыру үшін жаңа үлгідегі компьютерлер, көшірме жасайтын аппараттар алу керек, оқу залдары кондиционерлермен жабдықталу қажет;
Өткен жылдарда Орталық ғылыми кітапхананың кітапқа және мерзімді басылымдарға жазылуы үшін бөлінген қаржының қайда кеткенін, қалай жұмсалғанын құзырлы органдар тексеруі керек. Сондай-ақ, бұдан кейін Орталық ғылыми кітапхана қорының жаңа ғылыми басылымдармен толығуын қамтамасыз ету қажет;
Орталық ғылыми кітапхана қызметкерлерінің жалақысы өсуге тиіс. Олар да басқа кітапханалардың қызметкерлерімен деңгейлес жалақы алуы керек. Соның арқасында Орталық ғылыми кітапханаға керек мамандар қарастырылып санын шұғыл арттыру қажет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated