Қазақстандағы кітап нарығын қалай дамытуға болады?

Отандық кітап индустриясының жағдайы қандай, сату және маркетинг қаншалықты жолға қойылған? Бұл саланы дамытуға бағытталған жаңа ережелер не береді?

Шыңғыс Мұқан Гарвард университетінің түлегі, әлемнің таңдаулы әдебиеттерін қазақ тілінде басып шығаратын «Мазмұндама» баспа үйінің жетекшісі. Америкада негізі қаланған бұл жобаның мақсаты – ең көп оқылған, ең көп сатылған кітаптарды қазақ тіліне аударып, оларды қазақ оқырманына ұсыну. Баспа басшысының айтуынша, қазір Қазақстандағы кітап нарығы қарқынды дамып жатқан жоқ. Себебі, бүгінде нарықтан нәпақасын айырып жүрген баспалар бірде бар, бірде жоқ деуге болады.

«Біздің нарықта қазір баспалардың екі шоғыры қалыптасқан. Бірі өгіз аяңмен келеді, бірақ олардың дамуы табиғи. Бұл баспаларға көбірек ізденуге тура келеді, өйткені олардың жағдайы елдегі кітап оқу мәдениетіне тікелей байланысты. Олар кітап сатудың түрлі жолдарын іздестіреді, әлеуметтік желіде де белсенді. Ал мектептер үшін оқулық шығарумен айналысатын алпауыт баспалардың жайы бөлек. Олардың жағдайы жақсы. Мемлекет тарапынан сұраныс тұрақты. Бұл баспалар тарапынан айтарлықтай белсенділік байқалмайды, себебі олардың өмірі нарыққа, яғни халыққа емес, мемлекеттік тапсырысқа байланысты. Бұл – менің жеке пікірім», - дейді баспа басшысы.

Кейбір деректерде Қазақстан нарығындағы кітаптардың 75–80%-ы шет мемлекеттерден жеткізілетіні айтылады. Дүкен сөрелеріндегі туындылардың басым бөлігі Ресейден әкелінген. Шыңғыс Мұқанның айтуынша, 2022 жылы Кітап палатасынан 2433 кітапқа ISBN алынған және тіркелген, оның 57%-ы қазақ тілінде. Яғни, Қазақстанда шығып жатқан кітаптардың жартысына жуығы қазақ тілінде емес.

«Кітап нарығында аса бәсекелестік жоқ, себебі бұл нарықта тауар айналымы төмен, сондықтан кәсіпкерлер көп келмейді. Мәселен, 1000 дана кітап шығарсаңыз, оны бір жылда сатасыз. Демек, тауар айналымы, қаржы айналымы кітапты баспаханадан алғаннан бастап, кемі бір жыл жүреді. Ал баспаханаға жеткенше оған біраз ақша саласыз, біраз уақыт кетеді. Бізде кітап саласы нарықта пайда табатын салаға айнала қойған жоқ, өйткені бәсекелестік жоқ, демек жақсы кітаптар да жаппай шығып жатыр дей алмаймыз. Содан да болар, қазақ авторларының жаңа буыны аса көп емес», - дейді Шыңғыс Мұқан.

Баспада түрлі жанрдағы 300-ден астам кітап атауы болса, соның 70%-ы шетелдік бестсселлер қатарынан. Олардың ішінде танымдық, іскерлік, көркем әдебиет, балалар мен жаөсіпірімдерге арналған кітаптар бар. Кейінгі кездері бұл тұрғыдағы әдебиетке сұраныс арта түскен.

«2023 жылы біз 270 мың кітап саттық: әрбір контентті орта есеппен 900 данадан. Әрине, үш мың данадан астам сатылған да, үш жүз данадан өткен кітаптар да бар. Ал жылдық айналым 650 млн теңге болды. Кітап бағасы оның бетіне байланысты, мысалы 500 бен 8 мың теңге аралығында. Рентабельдік шамамен 30–35% төңірегінде. Бұл дегеніміз қаржыны депоизитте ұстағаннан екі есе табысты. Қазір біз бұл көрсеткішті көтеру үшін сауда және маркетинг бөліміне 5–6 адамды жұмылдырып отырмыз», - дейді баспа басшысы.

Шыңғыстың айтуынша, кітап саудасын дамыту үшін маркетингке басымдық беру маңызды. Онсыз іс алға баспайды. Қазір кітап нарығын дамытуға әлеуметтік желілердің тигізіп отырған пайдасы көп. Әлем әдебиеттері, әсіресе, Тик-ток желісі арқылы тез өтіп кетеді екен. Ал дүкен сөресіне дейінгі операциялық жұмыстар, сараптама, кәсіби мамандар мәселесі өз алдына бөлек процесс.

«Цикл мынадай: жақсы кітапты табамыз; агенттеріне шығып, келісім-шарт жасаймыз; аванс төлейміз (шамамен 500–1000 доллар көлемінде); ауадрмашы тауып, кітапты аударуға береміз; аударып болған соң, мәтінмен редактор, корректор жұмыс істейді; дизайнерлер бетті қаттап, мұқабасын әзірлейді; Кітап палатасынан ISBN аламыз. Кітап баспаханадан басылып шыққан соң – тиражды қоймаға жеткіземіз (қоймадағы ылғалдық 50%, температура 16–20° арасында болуы тиіс); шыққан кітапты маркетинг бөлімі насихаттайды; сату менеджерлері дүкендер мен маркетплейстерге сатады; ақша түседі; айлық төлейміз; кітап авторларына роялти төлейміз (15%-ға дейін); салық төлейміз; табысын қайта кітапқа саламыз», - деп баспа үйінің жетекшісі.

Қазір Қазақстанда шамамен 300 баспа мен 800 баспахана жұмыс істейді екен. Олар басып шығаратын кітаптардың 80%-ы білім ордаларына арналған. Қалғаны әртүрлі жанрдағы әдебиет. Бұл саланы дамыту үшін жақсы кітаптарды көптеп әкелу керек, деп есептейді Шыңғыс Мұқан. Сонымен қатар, кітапты сату желілерін, оқу мәдениетін дамыту керек, оқуды сәнге айналдыру қажет. Әсіресе, әлеуметтік желідегі жұлдыздар өз парақшаларына көп оқыған кітаптарын салып отырса, елеулі нәтижеге қол жеткізуге болады.

«Әлемде жылына жаңа атаумен 2 млн-ға жуық кітап шығады. Оның ішінде барлық кітаптың 80%-ы танымал 10 тілде, қалған 20%-ы өзге тілдерде шығады. Парето заңы. Ал ондағы Қазақстанның үлесі 0,1%, яғни 1%-да емес. Бір пайыз болу үшін жылына, кемінде, 20 мың атаумен жаңа кітап шығу керек. Демек, біз қаласақ та, қаламасақ та, қазақ тілінің контентін дамытқымыз келсе, қазақ тілі өскелең ұрпақтың арасында өзекті болсын десек, әлемдік контентті қазақ тіліне аударып, тұтытынуға тиіспіз», - дейді ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated