Aлматыда қазақстандық-голливудтық "Мannequin" (Манекен) фильмінің баспасөз конференциясы өтті.
Қазақстанда ашылған алғашқы голливудтық WonderSilk Studios студиясы тоғыз күннің ішінде толыққанды кино түсіріп шыққан. "Манекен" фильмінің режиссері Аружан Досымқожаның сөзінше, картина әйел тағдыры туралы.
"Кез келген баласымен жалғыз қалған әйел бұл фильмде өз бейнесін көре алады. Декорация мен қара-ақ картинаға қарамастан, дәл сол қайталана беретін оқиға фильмге арқау болған. Ол әйелдерге шабыт беріп, бойларында күш-қуат пен бәріне төтеп беретін мүмкіндік барын айту үшін шығарылды. Қазіргі таңда әйелдерді тек кино саласында ғана емес, басқа да салаларда кеңінен қолдап жатқаны байқалады", – деді Аружан Досымқожа.
Фильмнің басты рөлдерін қазақстандық танымал актриса Аянат Есмағамбетова мен танымал актер Санжар Мәди сомдады.
"Көшпенділерден" бұрын да фильмге түстім, сол кездерден менің миссиям басталды. Бұл – мен үшін үлкен абырой. Қазақтың әйелдері туралы бүкіл әлем білетін болады. Фильм сюжеті бойынша қазақтың мықты әйелі көптеген сынақтан өтеді, соңында мейірім зұлымдықты жеңеді. Ол біздің жерімізде, Алматыда жеңіске жетеді. Бұл әлемдік деңгейдегі фильм", – деді актриса Аянат Есмағамбетова.
Айта кетейік, Аянат "Көшпенділерге" түскен соң Қазақстаннан көшіп, 16 жыл бойы АҚШ-та тұрған. Бүгінде елге оралғанын айтып өтті.
"Манекен" – ауқымы кең жоба. Қара-ақ түстегі кино, тілсіз түсірілді. Біздің қазақ актерлері туралы бүкіл әлем білетін кез келді. Өйткені, біз әлемдік деңгейдегі актерлерден еш кем емеспіз, тіпті, кей жерлерде басым түсетін тұсымыз да жоқ емес. Бұған дейін Голливудтың В, С тобындағы актерлерге қыруар қаржы төлеп алдырттық. Бірақ, бұның көмегі болмады, керісінше күлкі болған тұстар көп. Бір нәрсе дұрыс болмады. Қазір бәрі өзгерді. Біз, ортаңғы буын өкілдері, кино мен өнер кең таралу үшін өмір сүреміз. Қазір адамдар бізге көмектескісі келеді. Қазіргі таңда тәуелсіз, талантты режиссерлер көп. "Қазақфильм" басшылығы ауысты. Ол да өте маңызды. Отыз жыл бойы ақсап келген қазақстандық киноны жаңартатын кез келді", – деді актер Санжар Мәди.
"Манекеннің" премьерасы Нью-Йоркте 30 маусымда өтеді. Фильм қазақстандық прокатқа да шығады.