Ауыл туралы ақиқат: он жыл мен он күн

Өзім Сарыарқаның төсінде, Қарағанды облысы, Осакаров ауданында дүниеге келдім.

Қасиетті қазақ сахарасын өткен ғасырда Сталин геноцид саясаты арқылы «халықтар түрмесіне» айналдырғанын да жақсы білеміз. «Алжир», «Карлаг» сынды лагерьлерде миллиондаған халық жазықсыздан жапа шегіп, тауқымет тартты, зорлық-зомбылық көріп, құрбандыққа ұшырады. Ес біліп, ер жете бастаған сайын туған жерім, сары даламның қазіргі жағдайына алаңдаймын. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу мақсатында жүйелі зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, мұрағаттарды  толықтай қарап шығу керек деген ойдамын.

Қарағанды облысындағы қаншама тарихи ғимараттар уақыт өткен сайын ескіріп, қирап, жойылып, көзден ғайып болуда. Егер тарихтан сыр шертетін қазбаларды зерттеу жұмысын қарқынды жүргізбесек, өткенімізден айырылып қалмайтынымызға кім кепіл? Қарағандыдан 35 шақырым жерде орналасқан «Долинка» ауылында 4 жасқа дейінгі балаларға арналған «Мамочкин дом» атты сәбилер үйі болған. Бұл үйдің бір жағында сәбилердің қорымы жатыр. Қорымды 90-жылдары өзен шайып кеткендіктен, айналасында адамның дене мүшесінің сүйектері шашылып жатыр. Қазіргі ауыл тұрғындарының айтуынша, зираттардың үстіне үйлер салынып кеткен деседі, қорымның үлкендігі соншалық, зират аумағын «Жартас» кенті түгел алып жатыр. «Карлаг» лагерьінің құрамындағы ғимараттарды қалпына келтіріп, зираттарды абаттандырып, құрбандарды еске алуға арналған белгі жасалса дұрыс-ақ болар еді.

Қарағанды, Жезқазған, Теміртау аймақтарында өнеркәсіптердің өркендеп-дамығанымен, зауыт-фабрикалардың қою түтіні ауа қабатын ластап, елді мекендегі тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Экологияның ластануына жол бермей, табиғатты аялауға көңіл бөлініп, қолға алынғаны абзал.

Мен Тарбағатай тауының етегінде орналасқан Көлденең ауылында нағашы апам мен атамның тәрбиесінде болып, он жылға жуық уақыт тұрдым, ауылдың тұрмысы мен тіршілігін әбден жақсы білемін. Ауылымыздың табиғаты – сұлу, аю, арқар, қасқыр, түлкі, қоян, кірпі, аққу, бүркіт, тоқылдақ, т.б. жануарларды ауыл маңынан кездестіруге болады, шабындық жерлер мен бау-бақшаға мол, жеміс-жидек пен дәрілік өсімдіктерге бай, егістіктікте  бидай, арпа, күнбағыс, картоп өсіріледі.

4-сыныпты тәмамдаған соң ата-анамның қалауымен Алматы шаһарына келіп, С.А.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейде білім алдым. Алғаш қалаға келген сәтім есімнен кетпейді, ауылды аңсап, ауылға қайтқым келіп, түнде дөңбекшіп ұйқтай алмай шығатын едім. Автобуста қысылып, жол кептелістерінде тұрудан шаршайтынмын. Ауылымның жазы салқын, қысы қатал, қар қалың түседі, қыста көлікпен қатынау қиынға соғады, ауылға жол жабылып қалады. Сондықтан ауылға жиі барып тұра алмаймын, жақында ауылға барып, он күндей болып қайттым.

Ауыл уақыт өткен сайын жанданып, гүлденіп келеді. Ауыл мен аудан орталығына баратын жолға асфалть төселіпті, ауылдағы ең басты мәселе шешімін тапты. Ауылда орта білім беретін мектеп, спорт кешені, аурухана, мешіт балабақша, алты дүкен, пошта бөлімшесі, бар. Мектеп оқушылары жыл сайын көшеттер мен гүлдер отырғызып, ауыл көркін ажарландыруда. Мектеп маңындағы алма бақтан мол өнім алынып, қыста бастауыш сынып оқушыларына үзбей алма шырыны беріледі. Жақында шаштараз, монша және тойхана бой көтерді. 90-жылдары қаңырап қалған мәдениет үйіне жөндеу жұмысы жүргізіліп, қалпына келтірілді. Ауылда сұйық май шығаратын кіші-гірім өндіріс, қырман, машина-трактор жөндеу шеберханасы, жаңа наубайхана да бар.

Алақандай ауылдың ісін өрге домалатып отырған Мамырбек Карашев көптеген шаруа қожалықтарын ашып, ауылдың гүлденуіне өз үлесін қосуда. Өкінішке орай, ауылда әлі күнге шешімі табылмаған мәселелер де баршылық. Біріншіден, ауыз су құрамында тұздың мөлшері тым көп. Мұны шәйнектегі тұнып қалған тұздан байқауға болады. Егер осындай суды халық үзбей тұтына берсе, бүйрек және жүрек-қан тамыры ауруларына шалдығуы мүмкін. Ауылда соңғы кездері иесіз жүрген жабайы иттер көбейіп кетіпті. Оқушылардың сабаққа баруына қиындық келтіріп, қауіп төндіруде.

Ауыл тұрмысы дамығанымен, жыл сайын ауыл тұрғындары қалалық жерлерге қоныс аударуда. Соның салдарынан мектеп оқушыларының саны азайып кетіпті. Бір сыныпта 5-6 оқушы оқитыны өтірік емес, білікті ұстаздар да жетіспейді. Ауылда тәжірибелі дәрігерлер де жоқтың қасы. Бір дәрігер көршілес бірнеше ауылда қызмет атқарады. Ауруханада бас дәрігер, гинеколог, фельдшер және медбике жұмыс істейді. Егер алда-жалда қиындық туындаса, көмек көрсетуге дәрігерлердің кешігіп келетін кездері жиі орын алатыны жасырын емес. Үйіңізге дәрігер шақырсаңыз, бірнеше күннен кейін бірақ жетеді. Дәрігерлердің жауапсыздығының салдарынан талай адам жапа шегіп, өз беттерінше ауруларына ем іздеймін деп дертін асқындырып алған.

Бүгінгі таңда қазақ қандастарымыз көршілес Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттерінде өмір сүруде. Моңғолияның батыс бөлігіндегі Баян-Өлгей аймағына кіретін ауылдардың жағдайына да тоқталып өткім келді. Баян-Өлгей аймағында тоқсан мыңға жуық халық тұрса, оның 93 пайызы – қазақтар. Бұл аймақтың табиғаты – жұтаң, ауа-райы суық, аймақта таулы жерлер мол, 80 тұщы көл, 100-ге жуық өзен және 200-дей бұлағы бар. Егін шаруашылығымен айналысу аймақтың барлық жеріне де қолайлы емес, жылыжайда көкөністер мен бау-бақша өнімдерін өсіреді.

Халықтың көбі отырықшы және көшпелі мал шаруашылығымен айналысады. Аймақтағы 43 мектептің 38-і қазақ тілінде білім береді. Аймақта алтын, күміс, мыс, қорғасын, вольфрам, темірдің мол қоры бар, бірақ, өнеркәсіп саласы айтарлықтай дамымаған, сондықтан жұмыссыздық белең алуда. Мұнда 3 миллионға жуық ірілі-ұсақты мал өсіріледі, түйе мен қодас өсіруде қолға алынған. Кедей деген отбасының өзінде 130-дай сиыр, мыңғырған жылқысы, отар-отар қой-ешкісі бар. Қыста соғымға бір отбасы кемінде 10 қой, 1 сиыр немесе 1 жылқы сояды.  Ет бағасы төмен болғандықтан, Қазақстан Бааян-Өлгей аймағынан ет сатып алып тұрады. Қытайлықтар мал еті емес, тіпті, ит пен құс етіне дейін сатып алуда. Ауыл-аймақ тұрғындары «Қазақстан», «Хабар», «Хабар-24», «Астана», «31 арна», т.б. қазақстандық арналарды тамашалап, «Шалқар», «Қазақ» радиоларын тыңдай алады.

P.s. Осы мақаламда қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігі жайлы сөз қозғап, бар болғаны перзенттік көзқарасымды білдіргім келген еді. Уақыт өткен сайын мемлекетіміз ілгері басып, дамып келеді, сондықтан да бүгін баяндалған арман-тілектерімнің ерте ме, кеш пе, күндердің күнінде орындалатынына сенімім зор.

Айсұлу Съезхан

Абай атындағы орта

 мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы

Ғылыми жетекшісі: Жидегүл Әбдіжәділқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated