Қате шешім: Дым бітірмес Досаев

Қазақстанның ең ірі мегаполисі – Алматының әкімі ауысады екен деген алып-қашпа әңгіме осыдан біраз бұрын айтыла бастады. Ал «қаңтар оқиғасынан» кейін әкім Бақытжан Сағынтаевтың Алматыдағы карьерасына нүкте қойылатыны туралы болжам сөздер жиіледі. Оған себеп те жоқ емес. Әуелі қаладағы жұрт дүр көтеріліп, бейбіт митигке шыққанда да, оның ізін ала жаппай тәртіпсіздіктер мен қанды қақтығыс болған кезде де қала әкімі ел алдына шыққан жоқ. Кешеуілдеп жүріп, бірлі-жарым бейне үндеу жасаған болды. Бітті. Кейінірек, Сағынтаевтың өзі сұхбат беріп, жұртпен сөйлесуге келе жатқанда қарулы топтың шабуылына ұрынғанын, жүргізушісіне оқ тиіп, жараланғанын айтып, ақталғандай болды. Бірақ, бұл Сағынтаевтың «креслосын» сақтап қалуға жеткіліксіз аргумент болған секілді.

Кешелі-бері, әлеуметтік желілер мен БАҚ Алматы әкімінің ауысатынын айтып жатыр. Ал бүгін шыққан деректерге сенсек, Алматының су жаңа әкімі болып ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы Ерболат Досаев тағайындалыпты.

Бұл Ақорданың қате шешімі деп есептеймін. Досаев биліктегі су жаңа кадр емес. 20 жылға жуық түрлі басшылық қызметтерде келе жатыр. Ел-жұртқа сүйкімді дей алмаймыз. Бірнеше министрлікті басқарды. Оның басшылық қызметтеріне қатысты әттеген-айлар көп болды. Соның екі дәлелі:

2006 жылғы балалардың жаппай ВИЧ жұқтыруы:

2004-2006 жылдар аралығында біздің әмбебап министр - Досаев ҚР Денсаулық сақтау министрлігін тізгіндеді. 2006 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғаш рет ВИЧ-инфекциясын (АҚТҚ) жаппай жұқтыру фактісі тіркелді. Бұл елішілік үлкен дау болды. Шымкент ауруханаларында 150 баланың ВИЧ жұқтырғаны анықталған. Онға жуық бала көз жұмған. Кейін осы іс бойынша 20-ға жуық лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев қызметінен алынған.
2016 жыл: Жер дауы:

2016 жылдың сәуірі мен мамыры аралығында ел тарихындағы ең ірі наразылық болды. Еліміздің батыс аймақтары бастап, бүкіл ел көлемінде наразылық митингтері өтті. Бұл 2011 жылғы Жаңаөзен толқуынан кейінгі елде болған ең ірі наразылық еді. Сол жылы 30 наурызда жаңағы Ерболат Досаев басқаратын министрлік (Ұлттық экономика министрлігі) 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 миллион гектар жерді аукцион арқылы сатылымға шығаратынын хабарлады. Халықтың өре-түрегеліп, қарсылық білдіруіне басты себеп – осы еді. Министр Ерболат Досаев ол кезде де отставкаға кетті.

1997 жылдан бастап іске араласа бастаған Ерболат Досаев осы уақытқа дейін бірде-бір мәрте әкімдік басқарып көрген жоқ. Жиырма жылдан астам уақыт бойы министр дәрежесіндегі басшылық қызметтерде жүр десе де, 3-3,5 миллион халқы бар (ресми 2-2,5 млн адам), халқының дені ішкі және сыртқы еңбек мигранттары саналатын Алматыны басқаруға Досаевтың ақылы һәм әлі жеті ме? Күмәнді! Қазақта «жүрген жерінен шөп шықпайтын адам» деген бар. Біздің Досаев міне, тура сол санаттағы адам десек, қателеспейміз. Экономикалық сауаттылығына дау келтіре алмаймыз. Ал ұлттық мәселелерге келгенде Досаевтың персонажы кісі қызығарлық емес. Досаев деген орысша айтқанда, «Джентельмен неудачи».

Нұргелді Әбдіғанидың Фейсбук парақшасынан

Aqnews.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated