Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын орда» күріш зауытына барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында «Алтын орда» күріш зауытымен танысты, деп хабарлайды Aqnews.kz  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіпорын директоры Сағидулла Сыздықовтың айтуынша, зауыт жылына 30 мың тонна ақталған күріш өндіреді. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа, сонымен қатар көршілес елдерге өткізіледі.

Президентке Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері таныстырылды. Көрмеге күріш өсірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың тауар түрлері, сондай-ақ ет, сүт, кондитер және балық өнімдері, көкөністер мен жемістер қойылған.

Мемлекет басшысы Сыр бойы диқандары мен шаруаларының еңбегіне табыс тіледі. Сондай-ақ тек күріш өсірумен шектелмей, агроөнеркәсіп саласын әртараптандыру, әсіресе, суды аз қажет ететін дақылдарды өсіру маңызды екеніне назар аударды.

Дегенмен Президент экспорттық әлеуеті жоғары дәстүрлі күріш шаруашылығын одан әрі жетілдіруге де баса мән беру қажеттігін атап өтті.

Бұл ретте Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты украиналық мамандарымен бірлесіп, күріштің басқа да сорттарын жерсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев осы өндірістік кешен аумағында былтыр іске қосылған «Ассоль» тұз өндіру зауытын да аралап көрді. Аралдың тұзын кәдеге жаратып, ас тұзын шығаратын кәсіпорында 130 адам жұмыспен қамтылған. Өнім көршілес Ресеймен қатар Латвия, Литва, Эстония, Беларусь мемлекеттеріне экспортталады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated