Тәуелсіздік күні жақындап қалды. Осы орайда Астана қаласының спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев мейрамға орай елордамызда өтетіні іс-шаралар мен жалпы спорттың дамуы жайында ойын бөлісті.
- Самат Сәбитұлы еліміздегі басты мейрам күні саналатын айтулы сәт жақындап қалды. Осы орайда Астана қаласында қандай шараларды жоспарлап жатырсыздар?
- Біріншіден, барлықтарыңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Осы орайда қаламызда спорттық жарыстар басталып та кетті. Қазіргі сәтте еркін күрестен жасөспірімдер мен балалар арасында Астана қаласының чемпионаты, каратэнің шинкиокушинкай түрінен ХХV-ші Республикалық турнир, каратэден (WKF) қала біріншілігі, Асық ойынынан Федерация кубогы сарапқа салынып жатыр. Одан бөлек, 20 желтоқсанға дейін жүзуден республикалық турнир, қол добынан жасөспірім және қыздар арасында қала чемпионаты, жасөспірімдер арасында гандболдан ашық турнир, садақ атудан жасөспірімдер арасында Астана кубогы, «Арғымақ» ат-спорттық кешенінде көрермендерге қызықты конкурдан бәсеке өтеді.
Байқағандарыңыздай басым жарыстар жас спортшыларға бағытталған. Бұл жеткіншектер болашақта ел намысын қорғайды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі спортшыларды да естен шығармадық. Олар үшін жүзуден ашық чемпионат, есту қабілеті нашар спортшылар арасында мини-футболдан Астана кубогы, көру қабілеті төмен азаматтар арасында үстел теннисінен 2-ші республикалық дода жоспарланған.
- Тәуелсіздік күніне жоспарланған спорттық шараларды тізбектесек, санынан жаңыласамыз. Жалпы осы жылы неше спорттық турнирлер өтті?
- Спорттық шаралар ел абыройын асқақтататын маңызды оқиғалардың бірі. Қандай да бір елге назар аударсаңыз, спортын дамыту үшін қолдан келгенін жасап жатады. Желтоқсан айының ортасы болса да, 2023 жылды әлі толыққанды аяқтамадық. Дегенмен осы жылы 800-ге жуық спорттық шара өткізілу көзделген. Бүгінгі күнге дейіе халықаралық – 35, республикалық – 39, қалалық – 511 спорттық турнир өтті. Оның ішінде ең ірісі – 88 мемлекет қатысқан белбеу күресінен әлем чемпионаты, Солтүстік Кореяның спортшылары үшін басты дода – таэквондоның ITF нұсқасы бойынша әлем чемпионаты, жүзу, велосипед айдау, жүгіруді қамтитын дәстүрге айналған Ironman халықаралық жарысы, футболдан ұлттық құраманың ЕУРО-2024 турниріне іріктеу кезеңдерінің ойындары, футзалдан әлем чемпионатының ойындары, жеңіл атлетика және пара дзюдодан Азия бірінішлігі, бокстан 2 аптаға жалғасқан жасөспірім және жастар арасындағы Азия чемпионаты, дзюдодан Grand Slam халықаралық додасы, Республикамызда ең жылдам трассалардың қатарына кіретін 3 бірдей «Astana Marathon 2023» және 2 «Astana Half Marathon» бұқаралық жеңіл атлетика жарысы, киберспорт фестивалі және осы аптада шаңғыдан «Алғашқы қар» атты қыс маусымының ашылуы өтеді.
Қала тұрғындары үшін келесі жылы бүкіл әлемдік көшпенділер ойыны ұйымдастырылатынын қуанышпен хабарлаймын. 4 жылда бір мәрте өтетін айтулы шара ұлттық спортымызды насихаттап және түркі халықтарының мәдениетін дамытады. Енді 2024 жылы Астана қаласы V бүкіл әлемдік көшпенділер ойынын қабылдауға мүмкіндік алды. Бұл қазақ спортының әлемдік деңгейде дамып жатқанын айқындайды.
- Статисткиаға назар аударсақ, Астана қаласына көшіп келушілердің саны климаты қолайлы деген Алматыдан озып кетті. Осы орайда өсіп келе жатқан жасөспірімдерге спорттық секциялар қалай жұмыс істеп жатыр?
- Бүгінде қаламызда мемлекеттік тапсырыс бойынша 30 спорт түрінен 945 секция жұмыс істеп жатыр. Салыстырмалы түрде 2022 жылы 25 спорт түрінен 575 секция болған еді. Ал 26 000 бала тегін спортпен айналысуға мүмкіндік алды. Қаламызда 11 балалар-жасөспірімдер спорттық мектебі бар. Онда 6 000 бала бар,. Оның ішіне әлеуметтік осал топқа кіретіндер де бар. Спорттық мектептердің басты мақсаты – елордалық оқушыларды жүйелі түрде спортпен шүғылдануды көздеп, ұлттық құрамамыздың резервін жасақтауды көздейді. Нәтижесінде балаларымыз қалалық ғана емес, республикалық турнирлерде топ жарады. Ал әлеуметтік осал топқа жататын 1000 бала Damu Bala спорттық тапсырысы арқылы спортпен айналысатынын айтпай кетпеу мүмкін емес.
- Халықтың қызығушылығын тудыратын қаржыландыру механизіміне қысқаша тоқтала аласыз ба?
- 2021 жылдың 1 мамырынан бастап миллиондаған отандастарымызға спорт қол жетімді болу үшін мемлекеттік деңгейде қаржыландыру өз жұмысын бастады. Қаламызда бұл міндетті біздің басқарма өз мойнына алған. Қаламызда ең танымал спорт секциясы – шахмат (257 секция), дзюдо (112 секция), каратэ (99 секция), футбол (80 секция), көркем гимнастика (54 секция). Қазір адамдар спортпен айналысу денсаулыққа және бала тәрбиелеуде таптырмас құрал екенін біледі. Спортқа жақын жасөспірімдер жаман әдеттерден аулақ болады.
Осы жерде бұқаралық спортты дамыту мақсатында қаламыздың 4 ауданында дене шынықтыру – сауықтыру комплексінің құрылысы жоспарланғанын айта кету керек. Тіпті «Көктал-2», «Өндіріс» и «Үркер» ықшам аудандарындағы комплексте 10 спорт түрі бойынша 1000-ға жуық бала қатысады. Жыл соңына дейін «Теміржол» массивінде комплекс іске қосылу жоспарланған.
- Астана қаласының тұрғындары спортқа жақын деп айтуға бола ма?
- 2022 жылдың қорытындысы бойынша қаламызда 947 дене шынықтыру ұжымы қызмет атқарады. Бұл жерде 501 340 адам спорт және дене шынықтырумен айналысады. Яғни қаланың 37,26%-ы спортқа жақын деген сөз. Салыстырмалы түрде 2021 жылы 406 552 адам немес 33,08%-ды құраған еді. Осыдан-ақ елордамызда бұқаралық спортқа қызығушылардың саны артып жатқанын байқайсыз.
Сондай-ақ, Астанада «қолжетімді спорт» жобасы да қолға алынған. Жоба аясында тұрғындар үстел теннисі, скандинавиялық жүріс, жүгіру, каратэ, фитнеспен айналыса алады. Кез-келген адам 5 спорт түрінің бірімен аптасына 2 рет тегін қатысады. Жаз мезгілінде Aulafit жобасы аясында 10 аулада жаттықтырушылардың нұсқаулығымен тұрғындар таңғы уақыта денелерін жаттықтырды. Бұл іс-шара аптасына 3 мәрте өтті. Қатысушылар футбол, шахмат, Street Workout, баскетбол, балалар фитнесіне қатысты. Аталмыш жобалар қала тұрғындарының денсаулығын нығайтудағы басты шаралардың бірі саналады.
Біз қаламыздағы спорттық қозғалыстар ары қарай дамып, жерлестеріміз жарқын жеңістерімен, қалалық және халықаралық турнирлерде жаңа рекордтарымен қуантады деп сенеміз.
Батырбек Қошқарбаев